6-сәуір
Таиландтың мемлекеттік мейрамы - Чакри күні. Чакри династиясының негізін қалаушы - Рама I құрметіне жыл сайын атап өтіледі.
Оңтүстік Африка Республикасының негізін қалаушылар күні.
Ресейде тергеу органдары қызметкерлерінің күні. 1963 жылғы сәуірдің 6-да КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен бастапқы тергеу құқығын КСРО Қоғамдағы тәртіпті қорғау министрлігіне тапсырылды. Кейін КСРО Ішкі істер министрлігі болып өзгертілді. Бұл Жарлық Ресей Федерациясы ішкі істер органдары тергеу аппараты ресми қызметінің бастапқысы болды.
2006 жылы «Эйр Астана» авиакомпаниясы Алматы-Қарағанды-Алматы бағыты бойынша тікелей рейс ашты.
2005 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы студенттері түсірген «Екі кішкентай шұжық» атты балалар фильмі Фридрих Вильхем Мюрнау атындағы жүлдені жеңіп алды.
Күшікке тамақ табу үшін бір кішкентай баланың ақша ұрлауы жайында түсірілген фильмге, аталмыш оқу орнының студенттері Әсет Иманғалиев пен Мәлік Беделбеков және танымал әртіс Ғазиза Әбденәбиева, сондай-ақ бірқатар қазақстандық және германиялық жастар қатысып, оған неміс режиссері Файт Хельмер режиссерлік етті.
2010 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Сталиндік кезеңдегі Қазақстандық бірінші басшылар» деп аталатын туындының тұсаукесер рәсімі өтті.
Аталмыш кітаптың авторлары тарих ғылымдарының докторлары мен профессорлары Владислав Григорьев пен Ләйла Ахметова. Шығармада Сталин кезеңіндегі Қазақстанның бірінші тұлғалары туралы тарихшылар мен саясаткерлердің ой-толғанысы берілген. Әр бөлім, әр саясаткердің қызмет жолына арналған. Сондықтан бұл кітап саяси тарих жанрына жатқызылып отыр.
«Кітап 1924-1953 жылдарды қамтыған, сталиндік кезеңде Қазақстанды басқарған Филипп Голошекин, Левон Мирзоян, Николай Скворцов, Жұмабай Шаяхметов туралы көптеген мағлұматтарымен құнды. Ғылыми еңбек студенттерге, педагогтарға, журналистерге, саясаткерлерге, әлеуметтанушыларға және ХХ ғасыр тарихы мәселелері қызықтыратын оқырмандарға арналған.
1946 жылы дирижер, Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрінің дирижері Жамағат Темірғалиев дүниеге келді. Ол Алматы облысының Сарқанд қаласында туған. Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік консерваториясының халық аспаптар факультетін бітірген (1972), оркестр дирижері, оркестрдің солисі, педагог. Оның басшылығымен оркестр халық музыкасының, халық композиторларының көптеген бірегей туындылары мен ыңғайланған нұқсаларын орындады. қазақ және орыс тілдерін біледі. 1963 жылдан - Алматы облысы Сарқанд ауданының Абай атындағы ОМ ән мұғалімі. 1965 жылдан - Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік консерваториясының студенті. 1972 жылдан - Құрманғазы атындағы оркестрдің әртісі. 1976 жылдан - П.И. Чайковский атындағы Алматы музыкалық училищесінің бөлімше меңгерушісі. 1981 жылдан-Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының аға оқытушысы. 1986 жылдан - «Отырар сазы» оркестрінің дирижері. 1990 жылдан - Талдықорған облыстық филармониясының М. Төлебаев атындағы оркестрінің бас дирижері. 1997 жылдан - Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының бас дирижері. 2002 жылдан бері - Н. Тілендиев атындағы Фольклорлық-этнографиялық оркестрдің дирижері, бас дирижері. Қазақстан Республикасы Еңбек сіңірген қызметкері (1996). Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері (2000).