4-сәуір
Сенегал Республикасының мемлекеттік мейрамы - Тәуелсіздік күні. 1960 жылғы сәуірдің 4-де Франция Сенегалға Франция қауымдастығы шеңберінде өкілділік берді. Осы жылғы тамыздың 20-да Сенегал Тәуелсіздігін жариялады. Сенегал Батыс Африкада орналасқан мемлекет. Солтүстігінде және солтүстік-шығысында Мавританиямен, шығысында Малимен, оңтүстігінде Гвинея Республикасымен, Гвинея-Бисаумен шектеседі. Батысы Атлант мұхитымен шайылады. Әкімшілік жағынан 10 облысқа бөлінеді. Астанасы - Дакар қаласы. Ресми тілі - француз тілі. Ақша бірлігі - Африка қаржы қауымдастығы франкі.
Веб-бағдарламашылар күні.
Испаниядағы баскілердің ұлттық мейрамы. Баскілер - Францияда, Аргентинада, Бразилияда, Мексикада тұратын халықтар, Үлкен еуропа нәсіліне жатады. Испан, француз, баск тілдерінде сөйлейді. Жазуы латын әліпбиіне негізделген. Бұл халықтардың арғы тектері - васкон, вардул, каристи тайпалары.
Мина қауіпсіздігі және минаны залалсыздандыруға қатысты көмектің халықаралық күні. 2006 жылдан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен атап өтіледі.
Қытайда Цинмян мерекесі. Сәуірдің 4-і мен 6-сы аралығындағы бір күні аталып өтіледі. Ертеректе осы күні олар өздерінің ата-бабаларын еске түсірген. «Цинмян» мерекесін сонымен қатар «Тациндзе» деп те атайды. Ол алғашқы көк шыққан кезде қыдыру күні деген мағына береді.
1949 жылы Вашингтонда АҚШ, Бельгия, Ұлыбритания, Голландия, Дания, Исландия, Италия, Канада, Люксембург, Норвегия, Португалия және Франция мемлекеттері Солтүстік Атлантикалық шартқа қол қойып, НАТО әскери-саяси блогы құрылды. 1952 жылы шартқа Грекия мен Түркия, 1955 жылы Германия Федеративтік Республикасы, 1982 жылы Испания, 1999 жылы Венгрия, Польша, Чехия қосылды. 2004 жылы Болгария, Латвия, Литва, Румыния, Словакия, Словения, Эстония мемлекеттері НАТО-ға мүшелікке өтті. Барлық мүше мемлекеттердің елшілері деңгейіндегі өкілдерден тұратын Солтүстік Атлантикалық Кеңес (НАТО кеңесі) НАТО-ның жоғары саяси органы болып табылады. Жылына екі рет НАТО Бас хатшысының төрағалығымен кеңес өтеді. НАТО кеңесінің штаб-пәтері Брюссель (Бельгия) қаласында орналасқан.
1980-2000 жылдары Сиднейде өткен XXVII-ші Олимпиадада бокстан чемпион болған Бекзат Саттарханов дүниеге келді. Ол Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласында туған. 1998 жылы өткен әлем чемпионатының, 1999 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері. I дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталған.