3-сәуір
Штрих-кодтың дүниеге келген күні.
1933 жылы БКП (б) Аймақтық комитетінің кейбір құрылымдардағы іс-қағаздарды жүргізу барысын толықтай қазақ тіліне көшіруді қарастырған қаулысы жарық көрді. Олардың қатарына Қазақ Республикасының Орталық атқару комитеті, Денсаулық сақтау жөніндегі халық комиссариаты, Ағарту халық комиссариаты, Әділет халық комиссариаты (Жоғарғы сот пен прокуратура) және Жұмысшы-шаруа милициясы кірді.
2009 жылы Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде 2010-2015 жылдарға арналған Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстан Республикасы дамуына көмек көрсету жөніндегі шеңберлі бағдарламасына (ЮНДАФ) қол қойылды.
2010-2015 жылдарға арналған аталмыш бағдарлама бес жылда бір рет қабылданады. ЮНДАФ - Қазақстан - БҰҰ ынтымақтастығын анықтайтын негізгі құжат. Бұл бағдарламаның негізгі міндеті Қазақстанның басым мақсаттарын жүзеге асыру, сондай-ақ даму саласындағы басқа да халықаралық міндеттемелер аясындағы мәселелерді шешудегі БҰҰ жүйесімен бірлескен, келісілген және ықпалдасқан көмек көрсету болып табылады. Ынтымақтастықтың негізгі стратегиялық құжаты болғандықтан, ЮНДАФ БҰҰДБ, ЮНИСЕФ, ЮНФПА, ЮНИФЕМ, ЮНЭЙДС сияқты БҰҰ-ның арнайы құрылымдарымен қарым-қатынастың жалпы бағытын айқындайды.
2007 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде студенттердің «Сыр орманы. Болашақ» қоғамдық бірлестігі құрылды. Қоғамдық бірлестіктің мақсаты мемлекеттік «Жасыл ел» бағдарламасын іске асыруына қатысу болып табылады.
2008 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында Сырдария өзені арқылы өтетін қалқымалы көпір пайдалануға берілді. Қалқымалы көпір Отырар ауданының Балтакөл ауылдық округының жағалауын біріктірді. Оның негізі - 37 арнайы қайық. Олар өзен үстіндегі жолды ұстап тұрады, сондықтан оған судың көтерілуі, не бәсеңсуі көпірдің қызметіне кедергі жасамайды. Көпірдің ұзындығы - 110 метр, ені - 4,5 метр.
1915-1942 жылдары ақын Абдолла Жұмағалиев дүниеге келді. Ұлы Отан соғысында қаза тапқан. Батыс Қазақстан облысында туған. Қазақ педагогикалық институтын (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық институт) бітірген.
1938-1939 жылдары Қызылорда сауда техникумында оқытушы, Қазақстан мемлекеттік көркем әдебиет (қазіргі «Жазушы) баспасында редактор болған. 1936 жылдан жұртшылыққа ақын ретінде таныла бастаған. Өлеңдері, поэмалары республикалық, облыстық басылымдарда жарияланып тұрды. Оның шығармалары өршіл пафос пен нәзік те сыршыл лиризмге толы. «Таңдамалы өлеңдері», «Өшпес жалын», «Өлмес өмір дастаны» атты жинақтары жарық көрді. «Токио», «Шығыс қызы», «Асан қайғы» атты поэмалары бар.