26-наурыз
Бангладеш Халық Республикасының ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні. 1971 жылғы наурыздың 26-да азаттық қозғалысының басшысы Муджибур Шейх Тәуелсіз Бангладеш Республикасының құрылғаны туралы Декларация жариялады. Пәкістан үкіметі 1974 жылы Бангладеш тәуелсіздігін мойындады. Бангладеш - Оңтүстік Азияда орналасқан мемлекет. Астанасы - Дакка қаласы. Мемлекеттік тілі - бенгал тілі. Ақша бірлігі - така. Қазақстан Республикасы мен Бангладеш Халық Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы ақпанның 4-де орнатылды.
Украинаның ІІМ ішкі әскерінің күні. Украинаның Жоғарғы Радасы «Украинаның Ішкі Істер Министрлігінің ішкі әскері туралы» Заңын қабылдаған күннен бастап жыл сайын аталып өтеді.
1993 жылы Қызылорда қаласында Арал теңізі проблемалары бойынша мемлекетаралық келісімге қол қойылды. Келісімге Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан Республикаларының Президенттері қол қойды. Келісімнің арнайы баптарында Арал теңізі айдынындағы экологиялық дағдарысқа байланысты негізгі мәселелер нақты қаралды. Апаттың алдын алуға, қоршаған ортаны сауықтыруға және Арал аймағының әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ететін, денсаулық сақтау, т.б. шараларға тікелей назар аударылды. Келісімді орындаудың алғышарты ретінде Халықаралық Арал қоры, Арал теңізі мәселелері жөніндегі мемлекетаралық кеңес құрылып, олардың ұйымдық мәселелері шешілді.
1923 жылы диктор, Қазақстанның халық әртісі, Ұлы Отан соғысының ардагері Әнуарбек байжанбаев дүниеге келді. Ол Семей қаласында туған. 1944 жылы соғыстан оралғаннан кейін, Қазақ радиосына диктор болып орналасқан. Алғаш эфирге шағын хабарландыру оқудан бастап, өмірінің соңына дейін Қазақ радиосында, теледидарында диктор, аға диктор қызметтерін атқарған. Эфир арқылы берілген республиканың тыныс тіршілігі жайлы әртүрлі жаңалықтар, саяси хабарлар ұзақ жылдар бойы мыңдаған тыңдаушыларға Ә.Байжанбаевтың ашық та әуезді, кең тынысты үнімен жетті. Ол тұрған үйге мемориалдық тақта орнатылған. 1-ші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталған.
1937 жылы 1936 жылы желтоқсанның 5-дегі КСРО-ның жаңа Конституциясы қабылдануына және Қазақ Автономиялы КСР-нің Қазақ КСР одақтас республика болып қайта құрылуына орай Қазақстан Кеңестерінің төтенше X съезі өтіп, Қазақ КСР-нің жаңа Конституциясы қабылданды.
1992 жылы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың ұйытқысымен Қазақстан темір жолдарының қаржы операторы ретінде «Темірбанк» ААҚ-ы құрылды. Құрылтайшылар қатарына 20 ірі мемлекеттік кәсіпорын кірді.