23-наурыз
Бүкіләлемдік метеорология күні. 1950 жылғы наурыздың 23-де БҰҰ-ның арнайы мекемесі Бүкілдүниежүзілік метеорология ұйымының конвенциясы күшіне енді. 1961 жылдан бастап атап өтіледі.
Планетарийлер күні. Көктемгі күн мен түннің теңесу күніне таяу жексенбіде аталып өтеді. Ең алғашқы рет 1990 жылы Италияда Итальяндық планетарийлер қауымдастығы бастамасымен өткізілген. Халықаралық мәртебеге 1994 жылы француздық «астрономия шіркеуі» қолдағаннан кейін ие болған. Бір жылдан соң бұл мейрам Европаның тағы да алты мемлекеті: Бельгия, Чехия, Словакия, Польша, Украина және Ресейде аталып өткен.
Пәкістан Ислам Республикасының Ұлттық мерекесі - Республика күні.
1956 жылдан бастап атап өтіледі. 1947 жылы бұрынғы Британ Үндістаны тұрғындары діни-қауымдық сенімі бойынша Үндістан және Пәкістан мемлекеті болып екіге бөлінді. Үндістанда - индуистер, Пәкістанда - мұсылмандар шоғырланды. Пәкістан мемлекетінің басшысы - Президент. Жоғарғы заң шығарушы органы - Парламент. Астанасы - Исламабад.
1992 жылғы наурыздың 24-де Қазақстан Республикасы мен Пәкістан Ислам Республикасы арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
2006 жылы Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы» Заңға қол қойды. Аталған Заң Қазақстандағы инновациялық қызметті ынталандырудың құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін белгілейді.
2010 жылы Таразда Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімовтың қатысуымен «Сіз кімсіз, Ка мырза?» фильмінің таныстырылымы өтті.
Бұл фильм Қазақстан мен Ресей арнайы қызметтерінің халықаралық есірткі қылмыстық топтарын талқандау жөніндегі бірлескен операциясы туралы баяндайды. Фильмнің басты тақырыбы - Отанға жанқиярлықпен қызмет ету, адалдықты, сүйіспеншілікті ту ету. Қарт барлаушы басты рөлін сомдаған КСРО халық әртісі, белгілі актер және режиссер Асанәлі Әшімов.Режиссері Қуaт Aхмeтoв. Кинода ойнаған актерлар Асанәлі Әшімов, Александр Феклистов, Филипп Волошин, Талғат Теменов, Донгджай Хатайкарн, Мұрат Болатов, Ержан Түсіпов және Гүлшарат Жұбаева. «Сіз кімсіз, Ка мырза?» фильмі ұзақ уақыт өзге елде түрмеде отырып, еліне оралған бұрынғы кәсіби барлаушының өмірі туралы. Кинода достық, сезім, ізгілік пен зұлымдық тайталасымен қатар, қылмыс әлемі, есірткі бизнесінің адамдар тағдырына әсері және онымен күрес сияқты көкейтесті мәселе көтеріледі. Атыс-шабыс, төбелес көп болғанмен көрермен жалықпайды.