19-наурыз
Мәуліт-ан-Наби - Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туған күні. 2008 жылғы наурыздың 19-20-ы - 1429 хижра жылының 11-12-ші Рәбиуль-Аууалі. Рәбиуль-Аууаль айының 12-ші күнінде атап өтіледі. Қасиетті мәуліт тура бір айға созылады.
Ресей Федерациясының Әскери-теңіз флоты сүңгуір қайық қызметкерлерінің күні. Ол атаулы күн Ресей Федерациясында жылда аталып өтіледі.
2010 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев статистика қызметі саласындағы құқықтық негіздерді, мемлекеттік статистика органдарының және респонденттердің өзара қарым-қатынастары мен өзара іс-қимылын анықтауға бағытталған «Мемлекеттік статистика туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
2010 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының бірқатар заңнамалық актілерін «Мемлекеттік статистика туралы» Заңға сәйкестендіруге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік статистика және салық салу мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
2001 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Астананың гүлденуі - Қазақстанның гүлденуі» Астана қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2005 жылға дейінгі кезеңге арналған бағдарламасы бекітілді. Бағдарлама аясында бүгінде біраз жұмыстар атқарылып келеді.
1899 жылы қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш инженер, қоғам қайраткері Мәдина Бегалиева Қожбанқызы дүниеге келді.
Батыс Қазақстан облысының Казталов ауданында туған. Хан ордасындағы (қазіргі Орда ауылы) үш жылдық педагогикалық курсты, Ордадағы Бүкілодақтық Коммунистік (большевиктер) партия мектебін, Бүкілодақтық өнеркәсіп академиясын бітірген. 1922-1935 жылдары - Бөкей, Орал губерниялары және Сырдария округінің Бүкілодақтық Коммунистік (большевиктер) партиясы комитеттерінде әйелдер арасындағы жұмыс жөніндегі бөлімнің меңгерушісі, Бүкілодақтық Коммунистік (большевиктер) партиясы Қазақстан өлкелік комитетінің нұсқаушысы, Өлкелік өнеркәсіп одағы төрағасының орынбасары. 1935-1943 жылдары Балқаш мыс қорыту зауытында инженер болды. 1943-1948 жылдары Атырау облыстық Бүкілодақтық Коммунистік (большевиктер) партиясы комитетінің әйелдер арасындағы жұмыс жөніндегі бөлім меңгерушісі, Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің нұсқаушысы, республикалық бақылау органында бақылаушы болып істеді. 1949 жылдан зейнет демалысында болды.