14-наурыз
Халықаралық өзен, су және өмір үшін бөгеттерге қарсы күрес күні. 1997 жылы наурызда Бразилияның Куритиба қаласында ірі бөгет құрылыстарын салуға қарсы бағытталған бірінші Халықаралық конференция өтті. Конференцияның шешімімен наурыздың 14-і Өзен, Су және Өмірді қорғау үшін бөгеттермен күрес күні деп бекітіліп, жыл сайын атап өтілетін болды.
Андорра Княздігінің Конституция күні. Андорра - оңтүстік-батыс Еуропада орналасқан мемлекет. Астанасы - Андорра-ла Велья қаласы. 1278 жылдан бері Урхель епископы мен Француз президентінің тарихи қалыптасқан қос басшылығы сақталған.
Халықаралық Пи санының мейрамы (бұл халықаралық мейрам 22 шілдеде де аталып өтіледі). Пи саны - шеңбер ұзындығынның байланысын диаметр ұзындығына білдіретін математикалық константа. Пи-дің сандық мағынасы 3,141592 деп басталады және шексіз математикалық жалғасы бар.
1994жылы Қазақ мемлекеттік заң институты құрылды. 1996 жылы қарашада Қазақ мемлекеттік заң университетіне, ал 2000 жылы ақпанда Мемлекет және құқық институтымен бірігіп, Қазақ мемлекеттік заң академиясына айналды. 2001 жылы қазанда Қазақ гуманитарлық заң университеті болып қайта құрылды.
1928-2004) балалар жазушысы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Құрманбай Толыбай дүниеге келді. Ол Алматы облысында туылған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. «Халық хабаршысы», «Жаңа жол» газеттерінің редакторы, «Балдырған» журналы, «Ұлан», «Шалқар» газеттері редакторының орынбасары қызметтерін атқарған. Оның «Ай күледі», «Дән», «Шынар», «Балбөбек» атты жыр кітаптары, өлеңдер мен дастандары, сондай-ақ «Қайдасың, досым», «Шырын», «Өжеттер», «Күн бөбегі», «Шапақ», «Алматым менің», «Тамшылар», т.б. әңгіме, повестері, «Нар идірген», «Әсет» роман-новелласы, «Бабадан қалған бар байлық» атты этнографиялық-танымдық әңгімелер кітабы жарық көрген. Жазушының бірқатар өлеңдері мен әңгімелері орыс, қырғыз, өзбек, түрікмен, татар тілдеріне аударылған.
1879 жылы физик-теоретик, қазіргі физиканың негізін салушылардың бірі, Нобель сыйлығының иегері, КСРО Ғылым академиясының құрметті мүшесі Алберт Эйншейн дүниеге келді. Ол Германияның Ульм қаласында туған. Цюрихтегі политехникумды бітірген. 1902-1909 жылдары орта мектепте мұғалім, патент бюросында эксперт болып қызмет атқарды. 1909-1913 жылдары Цюрих университетінде, Прагадағы Неміс университетінде, Цюрихтегі политехникумда профессор болды. 1913-1933 жылдары Пруссия Ғылым академиясына сайланғаннан кейін Берлинде тұрды. 1933 жылдан өмірінің соңына дейін Америка Құрама Штаттарының Пристондағы Іргелі зерттеулер институтының профессоры болып жұмыс атқарды.
Эйнштейннің ғылымдағы басты еңбегі - салыстырмалық теориясы. Бұл теорияның жасалу нәтижесінде кеңістіктің, уақыттың және тартылыстың жаңа қасиеттері ашылды. Олардың бір-бірімен байланыста болатындығы дәлелденді. Салыстырмалық теориясы жарық жылдамдығына жуық жылдамдылықпен қозғалатын нысандар мен күшті тартылыс өрісінде өтетін процестерді зерттеу үшін қолданылатын теориялық негіз болды. Эйнштейн жарықтың кванттық теориясы, кездейсоқ процестер теориясы, магнетизм тағы басқа салалар бойынша да маңызды жаңалықтар ашып, зерттеулер жүргізді. Эйнштейннің салыстырмалылық теориясының тұжырымдарын сол кезде кейбір ғалымдар мойындамағанымен, қазіргі кезде ол жалпы жұртшылық мойындаған ілімге айналды.