28-ақпан
Ауғанстан Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1919).
Қазақстан Республикасы мен Ауғанстан Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылы ақпанның 12-інде орнатылды.
Калевала халық эпосы күні (Финляндия). 1835 жылы Фин әдебиет қайраткері Элиос Леннрот жинап жариялаған карело-фин эпосы мен мәдениетінің «Калевала» мерекесі ретінде атап өтіледі.
1997 жылы Қазақ мемлекеттік университетінде «Ана тілі» баспасынан жарық көрген «Елбасы» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
2002 жылы Алматыда Орта Азия мемлекеттерінің басшылары Орта Азия ынтымақтастық ұйымын құру туралы келісімге қол қойды.
1954 жылы Қостанайға жас тың игерушілердің алғашқы легі келіп жетті.
2005 жылы К.Бәйсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында жазушы Ілияс Есенберлиннің 90 жылдық мерейтойына арналған «Алмас қылыш» атты еске алу кеші өтті.
Жазушы І.Есенберлин (1915-1983) кеңестік дәуірдің цензуралық қыспағын, идеологиялық кедергілерін көп көрсе де, ұлт намысы үшін қазақ әдебиетіне тарихи тақырыптарда жазылған танымды шығармаларымен мол үлес қосты.
2007 жылы Иерусалимде (Израиль мемлекеті) Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіруі жөнінде екі жақты келіссөздер өтті.
2007 жылы Астанада Сапар Ысқақовқа балалар-жасөспірімдер туризмі және өлкетану халықаралық Академиясының академигі атағын беру салтанатты рәсімі өтті. Сапар Ысқақов танымал саяхаттанушы, көне өркениет жерлерінде, және әлемнің 100-ден астам елінде болған. Пасхи және Жаңа Гвинея аралында болды. Көптеген халықаралық және үкімет сыйлықтарының иегері.
2009 жылы Павлодарда «ЭКО» баспасынан «Баянауыл - аңыздар елі» деп аталатын жаңа кітап жарық көрді. Көркем безендірілген кітап беттерінен оқырман Қазақстанның табиғаты ғажайып өлкесі туралы көптеген қызықты мағлұмат алады. Мұнда өлкедегі ежелгі таулар мен көлдер туралы аңыздар жинақталған, ұлттық саябақтың жануарлар дүниесі мен өсімдіктері туралы материалдар берілген, ауданның даму кезеңдері баяндалған. Кітап беттерінде Баянауыл жерінде дүниеге келген қазақтың атақты ғалымдарының, ақындарының, көрнекті қайраткерлерінің өмірбаяндары жарияланған. Көпшілікке арналған кітап бұдан жүз жыл бұрын түсірген Дмитрий Багаевтың тарихи фотосуреттерімен, Александр Пархоменконың Баянауыл табиғатын кескіндеген суреттерімен айшықталған.
2006 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасында Ресейді зерттеу орталығы ашылды.
Жоба Ресейдің тұңғыш Президенті Борис Ельцин қоры мен Ресей Федерациясы Кинематография және мәдениет жөніндегі федералдық агенттігінің бастамасымен қолға алынып отыр. Бұл орталық Ресей мемлекеті мен оның халқы, заңдары, мемлекеттік құрылымы, кәсіпкерлік, тарихы, ғылымы және өнері мен мәдениеті туралы мәліметтер таратып, екі ел арасындағы қарым-қатынасты дамытуға қызмет етпек. Бүгінгі таңда еліміздің бас кітапханасында Қытай, Үнді, Иран мәдени орталықтары жұмыс істеуде.