20-ақпан
Дүниежүзілік әлеуметтік әділеттілік күні. БҰҰ Бас Ассамблеясының арнайы қарарымен 2007-інші жылғы желтоқсанның 18-інде жарияланған.
Қарарда халықаралық қауымдастық кедейшілікті жою саласында, еңбекпен толық қамтамасыз етуде, лайықты жұмыс тауып беруде, ерлер мен әйелдер теңдігін сақтауда, барлық адамдар үшін әлеуметтік жайлы жағдай мен әділеттілікті іске асыруда күш-жігерді одан әрі арттыру қажеттілігі мақұлданады.
1986 жылы «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Мир» орбиталық ғарыш стансасы ұшырылды, ол күрделі көп мақсатты ғылыми-зерттеу кешені болып табылады. 1986 жылы ақпанның 20-сында кешен орбитаға шығарылды.
1920 жылы қазіргі «Солтүстік Қазақстан» облыстық газетінің алғашқы саны «Кедей сөзі» деген атаумен жарық көрді. 1993 жылдан бастап қазіргі атауымен жарық көріп келеді. Бас редакторы - Мұсырман Кәрібай Иманжанұлы.
Газеттің 10 мыңыншы нөмірі шығуына байланысты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. «Солтүстік Қазақстан» газеті облыс мәдениеті мен экономикасының дамуында үлкен рөл атқарады. Оның беттерінде кәсіпорындардың басшылары, инженерлер, жұмысшылар, ғалымдар өз пікірлерін білдіріп тұрады. Өз заманында газеттің редакторлары қазақ әдебиеттің классиктері М.Жұмабаев, С.Мұқанов сынды тұлғалар болды. Әртүрлі жылдары газет редакциясында Қазақстан халық жазушылары Д.Әбілев, Ә.Әбішев, С.Шәймерденов, әдебиеттің көрнекті қайраткерлері Қ.Кемеңгеров, М.Дәулетбаев қызмет істеді. Басылым аптасына үш мәрте шығады.
1932 жылы Шығыс Қазақстан облысы құрылып, орталығы Семей қаласы болды (бүгінгі таңда облыс орталығы - Өскемен қаласы). Облыс құрамына 21 аудан кірді.
1993 жылы Алматыда «Түрік бірлігі» атты газеттің алғашқы саны жарық көрді.
1993 жылы Алматыдағы Достық үйінде Қазақ-иран достығы халықаралық ұйымының салтанатты ашылуы болды.
2006 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Секьюритилендіру туралы» Заңға қол қойды. Аталған Заң экономиканың нақты секторын қаржыландырудың қазіргі бір түрі ретінде секьюритилендіру институтының қызметі мен дамуының құқықтық негіздерін белгілейді.
1943 жылы Мексикада жүгері егістігінің ортасынан Парикутин жанартауы пайда болды және ол 1953 жылға дейін атқылап тұрды. Жанартаудың атқылау белсенділігі алғашқы жылдары күшті болып, аз уақыттың ішінде ол 336 метрге өсті. Парикутин геологтарға жанартаудың туу, даму және сөнуіне куә болу мүмкіндігін берді.
1999 жылы Павлодар облысы Баянауыл ауданының орталығында ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевқа ескерткіш орнатылды.