22-қаңтар
Польшада ата күні. Польшада қаңтардың 21-інде «Әже күнін» атап өткен соң, кішкентай және ересек немерелер қаңтардың 22-інде «Ата күнімен» өз аталарын құттықтайды.
1939 жылы Колумбия университетінде (АҚШ) алғаш рет уран атомы ыдыратылды.
1992 жылы Елбасы Нұрсұлтан ӘбішұлыНазарбаевтың «ҚР Материалдық ресурстар министрлігін құру туралы» Жарлығы шықты.
1992 жылы Алматыда Қазақстан Республикасы мен Моңғолия арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы хаттамаға қол қойылды.
1993 жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Ғылым академиясының атауы Ұлттық ғылым академиясы болып өзгертіліп, республикалық жоғары ғылыми мекеме мәртебесі берілді.
1993 жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен «Алтыналмас» Ұлттық акционерлік компаниясы құрылды.
2010 жылы Алматыда Қазақ ұлттық өнерін өркендету жолында ерен еңбегімен танылған қылқобызшы-педагог, Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Құрметті қызметкері, «Жаңашыл-педагог» Әбдіманап Жұмабекұлының үш томдық «Қылқобызға арналған хрестоматиялар» жинағының бірінші томының таныстырылымы болып өтті.
Бірінші том - «Білім» баспасынан, 2000 данамен жарық көрген. Оқу құралы - музыка мектептері мен музыка колледждеріне, консерватория мен өнер, музыка академиясының студенттеріне және жалпы өнер сүйер қауымға арналған. Қомақты еңбек автордың отыз жылдан астам уақыт жүргізіп келген ұстаздық тәжірибесі мен ғылыми-педагогикалық ізденісінің нәтижесінде дүниеге келген.
2010 жылы Астанада жазушы Әлібек Асқаровтың «Алтай - алтын бесік, ата жұрт» кітабының таныстырылымы өтті. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті прозашы, эссеші Әлібек Асқаров - туған әдебиетіміздің бүгінгі бет - бейнесін айқындайтын қаламгерлердің бірі.
1979 жылы ақын Алмас Темірбаев дүниеге келді.
Ақмола облысының Көкшетау ауданында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. Шығармалары «Қазақстан жас ақындар антологиясы», «Қос ішек» және «Зеренді көктемі» ұжымдық жинақтарына енген. «Аллажар», «Жұмақ жұрт» атты жеке жыр жинақтары жарық көрген. Көркем аударма саласында Р.Тагор, Ж.Руми, С.Есенин, Б.Қанапияновтың өлеңдерін және қырғыз ақыны Н.Калыбековтің бірқатар өлеңдерін қазақ тіліне тәржімалаған. Республикада өткен бірқатар ақындар мүшәйрасында жүлделі орын алған.