8-қаңтар
Грециядағы Гинайкратия. Грециядағы бұл атаулы күнді 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні мерекесіне ұқсайды деп айтуға болады. Себебі бұл күні Грецияда әйелдердің Гинайкратия фестивалі өтедi. Әйелдер отбасындағы күнделікті үй тіршілігінен бір сәт босап, демалыс орындарында көңіл көтереді. Ал бұл уақытта отбасындағы шаруалармен күйеулері шұғылданады.
Тайландта балалар күні. Біздің елімізде жыл сайын аталып өтілетін 1 маусым Халықаралық балалар күнiнен айырмашылығы, Тайландта осы оқиғаны қаңтардың екiншi сенбiсiнде атап өтеді.
1963 жылы 8-9 қаңтарда Қазақстан Кинематографистер одағының бірінші құрылтай съезі өтті. Мұнда аталмыш одақтың бірінші хатшысы болып Шәкен Кенжетайұлы Айманов сайланды.
Шәкен Айманов қазақтың әйгілі актері, режиссер. КСРО-ның халық артісі. 1914 жылы 15 ақпанда Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген. 1970 жылдың 23 желтоқсанында Алматы қаласында дүниеден өткен.
1997 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Жамбыл қаласының аты Тараз болып өзгертілді. Біздің дәуірімізге дейінгі І ғасырдың ортасындағы Қытай деректеріндегі ескертулерде сақталған қаланың тарихи атауы қайтарылды. Жалпы, Тараз - Қазақстанның ортағасырлық қалаларының iшiндегi ең белгiлiсi, ең көнесi.
2003 жылы Қазақстан Республикасының «Инвестиция туралы» Заңы қабылданды.
2007 жылы Парижде Мұстафа Шоқай атындағы қазақ-француз достығының қоғамы ашылды.
Мұстафа Шоқай (1889-1941) - өткен жүз жылдықтың бiрiншi жартысындағы ұлттық тарихтың танымал қоғам және саясат қайраткерi, Орта Азияның бостандығы мен тәуелсіздігіне күрескен публицист, идеолог, «Алаш Орда» партиясы жетекшілерінің бірі.
2008 жылы Қазақстан Республикасында Парламент Сенатында «Атамекен одағы» Ұлттық экономикалық палатасының таныстырылымы болды.
«Атамекен» одағы» болашақта бизнес бастамаларының барлығының да жүзеге асуын қамтамасыз етіп, жеке кәсіпкерлікті дамыту үшін мол мүмкіндіктер жасайтын болады. Сондай-ақ елімізде шығарылатын тауарлардың сыртқы нарыққа шығып, еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына сәтті кірігуін қамтамасыз етеді.
2008 жылы Шымкенттік «Шикула және компания» баспасы балалар үшін қазақ тілін өлең арқылы үйрену әдістемесіне негізделген бастаманы қолға алды. Жаңа жыл қарсаңында баспагерлер қазақ тілін үйренетін балалар үшін екі жаңа кітап басып шығарды. Ақын Ольга Исерқұлова құрастырған жаңа кітаптар өлең тілінде жазылған тілашар іспетті. Кітап суреттермен безендірілген. Алғашқы екі кітапта «Бау» және Бақша» тақырыптары қамтылып отыр.