1-қаңтар
Жаңа жылдың бірінші күні. Қазақстан Республикасында қаңтардың 1-2-сі күндері мереке атап өтіледі.
Жалпы, Жаңа жылды тойлау салты тұңғыш рет Месопотамияда пайда болды. Қай ел, қай халық болсын, Жаңа жылды салтанатты жағдайда мерекелеп, оған айрықша мән берген. Олардың жылды қарсы алудағы бір-біріне ұқсамайтын өз дәстүрлері бар. Әсем ойыншықтары жарқыраған жасыл шырша Жаңа жылдың символына айналған. Жаңа жылдық тұңғыш шырша 1600 жылы Герман провинциясы Эльзаста орнатылған-мыс. Алғашқы кезде шыршаны қағаздан жасалған раушан гүлдерімен безендірсе, 1737 жылдан бастап көз жауын алар зерленіп оқаланған түрлі әшекей ойыншықтармен көркемдеу дәстүрге айнала бастады. Адамдардың мерекеге арнап шыршаны таңдауы да кездейсоқ жағдай емес. Ертедегі египеттіктер, римдіктер басқа да еуропалықтар шырша түсін өшпес өмірдің белгісі санаған.
Бейбітшілік күні. Бұл күнді Рим Папасы Павел VI жариялаған. 1968 жылдан бастап, Рим-католик шіркеулерінде атап өтіледі.
Қазақстан Ғылым Академиясы жанынан «Қазақ Совет энциклопедиясының» Бас редакциясы құрылған күн.
Аталмыш редакция 1968 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Қазақ Кеңес Социалистік Республикасы Министрлер Кеңесінің 1967 жылғы 13 қыркүйектегі Қаулысына сәйкес құрылған. Бас редакция қызметтік құрылымы мен ғылыми мекеме мәртебесін сақтай отырып, 1975 жылы Қазақ КСР-і Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттің жүйесіне қосылды. Еліміз егемендік алғаннан кейін 1993 жылы «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы болып өзгерді. 2001 жылы 2 қарашада жабық акциондық қоғам болып қайта құрылды.
Камерун Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні. Камерун - Орталық Африкада орналасқан мемлекет. Астанасы - Яунде қаласы. Ақша бірлігі - камерун франкі. Ресми тілдері - ағылшын және француз тілдері. Елді Президент басқарады. Президент 5 жыл сайын төте сайлау негізінде сайланып отырады және үкімет басшысы да болып саналады. Заң шығарушы органы - бір палаталы парламент.
Куба Республикасының Ұлттық мейрамы - Азаттық күні (1959). Бұл күні үш жылға созылған Куба төңкерісі жеңіске жетті. Куба - Оңтүстік және Солтүстік Америка құрлықтары аралығындағы Куба, Хувентуд және олардың жанындағы Үлкен Антиль аралдар тобында орналасқан мемлекет. Астанасы - Гавана қаласы. Ақша бірлігі - Куба песосы. Ресми тілі - испан тілі. 1976 жылғы қабылданған конституция бойынша мемлекет билігі халықтық өкіметтің қолында.
Қазақстан Республикасы мен Куба Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы наурыздың 24-інде орнатылды.