Қырымбек Көшербаев шенеуніктерге твиттерді меңгеруді тапсырды
Қазіргі уақытта аймақтағы бірқатар мекемелерге өз жұмыстарын әлеуметтік желілерде көрсетіп отырудың қажеттілігі туындап отыр.
Облыс әкімдігінің аппарат мәжілісінде бас медиа-жоспардың орындалу барысы туралы облыс әкімінің орынбасары Ақмарал Әлназарова баяндады. Оның пікірінше, аймақтағы бірқатар мекемелерге өз жұмыстарын әлеуметтік желілерде көрсетіп отырудың қажеттілігі туындап отыр. Бірінші жартыжылдықта мемлекеттік органдардың жұмыстарына баға беру мақсатында тұрғындар арасында сауалнама жүргізілді. Онда тұрғындардың 78 пайызының бұл жұмысқа оң баға беретіні белгілі болды. Ал облыста басқармалардың жұмыстарын көрсетумен негізінен облыстық ішкі саясат басқармасы айналысып келеді. Егер осымен әр басқарма өзі айналысса, тиімділік бұдан да артып шыққан болар еді. Бір ғана мысал: шалғайда қалған ауылдардан 150 отбасын көшіруге 1,5 млрд. теңге ақша бөлінді. Оның желіде жарияланған хабарына бар-жоғы кездейсоқ біреулердің 2 пікірі ғана берілді. Демек, бұл бағытта атқарылатын жұмыстар бар деген сөз. Енді әр мекеменің өз ньюсмейкері болуы керек. Қарапайым тілмен айтсақ, ол шұғыл түрде әлеуметтік желілерге ақпараттар таратып отырумен айналысады.
Бұл орайда облыстық жастар саясаты,денсаулық сақтау және спорт басқармаларының ақпараттық белсенділіктері жоғары баға беруге тұрады. Облыстағы 10 басқарма өздерінің әлеуметтік желілерін құрған. Сондай-ақ Қызылорда қаласында, Арал, Қазалы және Сырдария аудандарында «Фейсбук», «Твиттер» және «Вконтакте» әлеуметтік желілері тиімді жұмыс жасайды.
Жиын соңында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қала және аудандар әкімдеріне, сондай-ақ облыстық бюджеттік бағдарламалар басшыларына интернет-ресурстарда мекемелер жұмыстарын көрсетіп отыруға жауапты мамандарды белгілеуді тапсырды.