Орталық алаңның қожайыны
Ол орталық алаңның нағыз қожайыны еді. Өзі гол соққаннан гөрі, әріптестеріне ыңғайлы пас шығарып бергенді жақсы көретін, реті келсе алыстан соққы жасаудың да шебері болған танымал футболшы, қазіргі бапкер – Азамат Ниязымбетов.
Азаматтың спортшы болмауы мүмкін емес-ті. Олай дейтін себеміз, Ниязымбетовтер әулетінің барлық ұлдары спортпен шұғылданып қана қоймай, үлкен жетістіктерге жеткен. Үлкен ағасы дзюдодан КСРО спорт шебері, екінші ағасы да бокстан КСРО спорт шебері, ал үшінші ағасы Болат Ниязымбетовті түгел Қазақстан біледі десек артық айтқанымыз емес. Кезінде Атлантада өткен жазғы Олимпиада ойындарында бокстан Қазақстан құрамасының қоржына қола жүлдені салған керемет спортшы. Осындай үш спортшы ағасы бар Азаматтың еститіні де көретіні де, талқылайтындары да спорт еді. Американың ойшылы айтқандай: «Бір әкеде үш ұл бар, алғашқы екеуі ақылды, үшіншісі футболшы» деп. Сол сияқты Азаматтың таңдағаны футбол болды. Балуаны бар, боксері бар бастары қосылғанда футбол ойнайтын. Осыдан соң, Ниязымбетовтердің кенжесі футболды кәсіби түрде таңдай бастайды.
Көшеде доп теуіп жүрген Азаматты алғаш Тараз қаласындағы «балалар жасөспірмдер спорт мектебіне» марқұм Жоланов Нұрлан Қаратайұлы деген бапкер алып келеді. Өзі баланың бойындағы талантты байқап, шеберлігін шындайды. Кейіннен 1986 жылы Алматыдан «Қайраттың» бұрынғы футболшысы, бапкер Александр Жуйков Таразға арнайы келіп, жас футболшылардың жаттығуларын қарап, ішінде ұнатқандарын өзімен бірге спорт мектебіне алып кетеді. Осы балалардың ішінде Азамат та болды. Сол мектеп-интернатты 1991 жылы бітіріп шығады. Интернатты бітіріп шыққан футболшыларды бірден КСРО чемпионатының Екінші лигасында ойнайтын «Олимпия» командасына жібереді. Бұл ең соңғы одақ көлеміндегі біріншілік болатын. Осы жылдары ел тәуелсіздігін алып, өзіміздің дербес чемпионат өз тұсауын кесті. Ниязымбетов алғашқы чемпионат та «Фосфорда» ойнады. 1992 жылы «Қайраттың» даңқты бапкері Леонид Остроушко «Динамоның» базасында Қазақстанның олимпиадалық құрамасын жасақтайды. Кейіннен танымал футболшы болған Олег Литвиненко, Андрей Ненашев, Роман Вороговский сияқты жастардың арасында Азамат Ниязымбетов те болды. «Динамода» көзге түсе бастаған футболшысын «Тараз» 1994 жылы өздеріне қайтарды. «Тараздықтар» содан бір жыл бұрын Қазақстан кубогында финалға дейін жеткен болатын. Азамат ауысқан жылы команда «Азия кубок иегерлерінің» турниріне қатысты. Марьянков жаттықтырған ұжым ширек финалға дейін жетіп, алғашқы сегіздікке енді. Келесі жылы Воит Талгаев келген соң, команда өзінің ең бір жұлдызды шағын өткізді. Алдымен 1995 жылы «Елімайды» алға жіберіп, екінші сатыдан көрінді. Команда сапындағы үш жас футболшы Азамат, Ерлан, Нүркен үздік 33 футболшының қатарына енді. 1996 жылы команда өз тарихындағы алғашқы әрі әзірге жалғыз алтындары болып есептелетін бас жүлдені еншілеген болатын. Келеі жылы да құр алақан қалған жоқ. Ел чемпионатында күмісі «Таразға» бұйырды. Негізі бірінші орын алатын мүмкіндіктері болған. Алматы да «Ертіспен» өткен «алтын матчта» жолдары болмады. Виктор Антонов соққан жалғыз доп «Ертіске» чемпиондық сыйлады. Осылайша екінші орынды қанағат тұтты.