Далалық семинар өтті
Ағымдағы жылдың 12 – тамызында, жалпы құны 9,0 млн. теңгені құрайтын «Оңтүстік Қазақстан топырағы жағдайында жүгері дақылының тұзға төзімділігін агромелиоративтік әдіс бойынша енгізу» атты инновациялық жобасымен Отырар ауданы, Талапты ауылдық округіне қарасты «Ақжол» және «Құрмаш» шаруа қожалықтарында топырақ құнарлығын және ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттырудың инновациялық агротехнологияларын қолданудың нәтижелерімен танысу және талқылау мақсатында далалық семинар өтті.
Оған ғалымдар мен аудандық, облыстық ауыл шаруашылығы мамандары қатысып, 29,0 гектар тұзданған алқапқа егілген жүгеріден мол өнім алуға мүкіндік бар екеніне көз жеткізілді.
Инновациялық тәжірибені жүргізудің нәтижесінде түрлі препараттардың уақтылы қолдануынан әр гектар жерден 10-12 тонна өнім алу жоспарлануда.
Инновациялық жобаны жүзеге асырушы «О.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия» ҒЗИ қажетті құрал-жабдықтармен, инфрақұрылымдар мен ресурстармен қамтамасыз етілген.
Қазіргі таңда, облыста 14,0 мың га жер тұздану мен жер асты суының көтерілуінен игерілмеуде.
Осыған орай, инновациялық жоба топырақтың агрофизикалық қасиеттерін жақсартып, жүгері дақылын өсіріп өнім деңгейін көтерумен қатар, облыста тұзданған жерлердің игерілуіне өз септігін тигізетін болады.
Baq.kz