Қ. Әлімғазинов:Тарихты оқыту арқылы патриоттық тәрбие беріледі
2011-2020 жылдарға арналған Қазақстандағы білім беруді дамыту бағдарламасында тарих мамандығы емес саланың студенттері мен орта мектептің жоғары сынып оқушыларына оқытылатын «Қазақстан тарихы» пәнінің сағаттары өзгеріске ұшыраған. Типтік оқу жоспарында Батыс пен Шығыс елдерінің жаңа және жаңаша тарихын игеру бұрын 540 сағат болса, қазір 45 сағатқа өзгертілген. Қазақстанның көне және ортағасырлық тарихына 45 қана аудиториялық сағат берілген.
«Тарих қоғамды тәрбиелейді! Жоғарғы оқу орындарында тарих кафедраларын, аудиториялық сағаттарды қысқарту тарихи сана орнына жалған тарихи әрекеттер туралы түсінік орнатуға әкеп соқтырады. Ол стереотипке айналса азаматтылықтың негізін, ұлтаралық төзімділікті, ұлтаралық қарым-қатынасты, дінаралық келісім мен біздің тұтастығымызды бұзады», - деп санайды ғалым.
Қ.Әлімғазинов тарих пәнін оқытуда аудиториялық сағаттарды қалпына келтіру мәселесінде мемлекеттік хатшы М.Тәжиннің пікірімен толық келісетіндігін атап өтті.
Естеріңізге сала кетсек, ағымдағы жылдың 5 маусымында Астанада ҚР Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжиннің төрағалығымен Қазақстан Республикасының ұлттық тарихын зерттеу бойынша ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысы өтті.
Мемлекеттік хатшы баяндамасында тарихшыларға нақты тапсырмалар беріп, талқыланған тақырыптың негізгі тұстарын айқындаған болатын.