БОКС: 69 келі салмақ дәрежесі бойынша әлемдік рейтингте Серік Сәпиев көш басында тұр
Дүниежүзілік әуесқой бокс қауымдастығы әлем боксшыларының жаңа рейтингін жариялады. Иордания астанасы Амманда өткен Азия чемпионатынан кейін бірқатар боксшыларымыз рейтингіде жоғары көтерілген. Ал екі отандасымыз өз салмақтарында көш бастап тұр.
Әлем чемпионаты, Олимпиада ойындары секілді ірі додаларда үздік боксшылардың бір-бірімен бірден бірінші кезеңде-ақ кездесіп қалмауы үшін 2009 жылдан бастап АІВА әлем боксшыларының рейтингін түзуді қолға алған болатын. Рейтинг түзу барысында боксшылардың халықаралық турнирлердегі нәтижелері ескеріліп отырады.
Қазақстан боксшыларының Иордания астанасы Амманда өткен Азия чемпионатындағы ерен жетістіктері жерлестеріміздің рейтингіде жоғары өрлеуіне керемет септігін тигізіпті. Бұрын рейтингіден көріне алмай келген жампоздарымыздың бірқатары ұпай қорын молайтып алған екен. Түсініктірек болу үшін әр салмаққа жеке тоқталып, жеңіл салмақ дәрежесінен бастайық.
49 келіде Теміртас Жүсіпов бұған дейінгі рейтингіден көрінбеген. Азия чемпионы бірден 800 ұпай жинап, 6-орынға жайғасты. Біржан Жақыпов бір саты төмендеп, 8-орынға сырғыпты. Көш басында - ресейлік Давид Айрапетян.
52 келіде жағдайымыз мәз емес. Бірде-бір боксшымыз үздік отыздықтың қатарында жоқ.
Есесіне, 56 келіде Қайрат Ералиев 16-орыннан көрінсе, 60 келіде екі қазақ үздік ондықта. Ғани Жайлауов бір саты көтеріліп, төртінші орынға тұрақтаса, Берік Әбдірахманов 9-орынға жайғасқан.
Сол сияқты 64 келіде бұрын рейтингіден орын ала алмай келген Мерей Ақшалов бірден 7-сатыға орналасты
Ал 69 келіде Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев көш басында тұр. Спорттық ғұмырын аяқтағанына бір жылдай болса да, рейтингіде Серікті ешкім қуып жете алар емес. Екінші орында - украиналық Тарас Шелестюк, үшінші орында - ұлыбританиялық Фрэдди Уильямс. Сондай-ақ бұрынғы рейтингілерде 64 келі салмақ дәрежесінің боксшысы ретінде таныстырылып келген Данияр Елеусінов бұл жолы бірінші рет 69 келінің рейтингінен көрінді. Азиядағы жетістігінен кейін Данияр 4-орынға көтеріліпті.
75 келідегі рейтингіде де екі боксшымыз бар. Бұрын үздіктер қатарынан көріне алмай келген Жәнібек Әлімханұлы Аммандағы аламаннан кейін 7-орынға жайғасса, Данабек Сужанов бұрынғы жекпе-жектерінің арқасында 17-орында тұр.
Ал 81 келідегі рейтингінің төрінде тағы бір қазақ. Азия біріншілігінде күміспен күптелген Әділбек Ниязымбетов 3-орыннан 1-орынға дейін көтеріліп, ресейлік Егор Мехонцев пен кубалық Хулио Ла Крузды артқа тастады.
91 келіде Антон Пинчук 9-орын, Василий Левит 15-сатыда. Ал аса ауыр салмақ дәрежесінің рейтингісінде Иван Дычко бір саты жоғарылап, 2-орында тұр.
ҚазАқпарат.