Жаңалықтар

Сырлы сағат

Алматыдағы Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтың мемлекеттік әдеби-мемориалдық музей кешеніндегі жәдігерлер талай сырды бүгіп жатқандай. Келушілердің назарын еріксіз аударатын жәдігерлердің бірі Ғабит Мүсіреповтың сағаты. Сырлы сағаттың сырына біз де үңілген едік. Музей директоры, филология ғылымдарының кандидаты Әділғазы Қайырбеков осы сағат жайлы былай деп әңгіме өрбітті.  «Сағаттың шықылдағы емес ермек, Һәмиша өмір өтпек – ол білдірмек. Бір минут бір кісінің өміріне ұқсас, Өтті, өлді, тағдыр жоқ қайта келмек» – деген ұлы Абай. Қаншама әдемі үн қатқанымен де сағаттың сыртылы жалғыздықта адам жанына қуаныш-шаттықтан гөрі, үрей мен қауіп ұялатып тұратынын талай аңғардық. Қалай десек те, сағат – уақыт өлшеуіші. Біз оған күн сайын, сәт сайын тәуелдіміз. Тіпті, сағатқа көз салмай, уақыт мөлшері қанша болғандығына мән бермей өмір сүретін адамзат баласы жоқ та шығар. “Бақыттылар байқамайды уақытты, сағатыңа әлсін-әлсін қарама!” дейтін ән мәтініндегі әдемі наз алғаш рет ғашықтар арасында айтылса керек.  Сағаттың түрлері көп. Атам заманда оның күн сағат, су сағат, құм сағат, дөңгелек сағат, т.б. атаулары болған. Күн сағат (гномон) көлеңкенің ұзаруы мен қысқаруын өлшеуден пайда болыпты. Ежелгі ұрымдықтардың, мысырлықтардың, қытайлықтардың сағат туралы қалдырған деректері оның үнемі даму, жетілу үстінде болғандығын айғақтайды. Біз білетін механикалық, электрондық сағаттардың да мүмкіндіктері мол.  Ал сағаттар туралы сөз сабақтағандағы біздің мақсат оның тарихын қозғау емес. 1992 жылы Алматыдағы Ғабит Мүсіреповтің жаңадан ашылған музей-үйінің экспозициясымен танысып, «Халық Кеңесі» газетінде (08.08.1992) «Мүсіреповтің музейдегі мұрасы» атты шағын мақала жазғанмын. Сондағы әсерімнің бәрі ақ қағаз бетіне айна қатесіз түсті деп айта алмаймын. Әсіресе, маған жазушының демалатын бөлмесіндегі еденде тұрған кісі бойынан биік, үлкен ағаш қорапты сағат қатты әсер еткен еді. Сағаттың тоқтап тұрғаны, иесінің де жүрегі тоқтап қалғанына біраз уақыт өткені қатар ойға оралады да, адамды бір мұңлы сезім баурап ала жөнеледі. Сол жолы менің көзімді сағаттан айырмай, қайта-қайта қарағыштай бергенімді аңғарып қалған мұражай қызметкері: «Бұл сағат – Ғабеңнің қымбат мүліктерінің бірі. Сыйға тартылған сағат» деп қысқаша ғана мәлімет берумен шектелген.  Араға оншақты жыл салып мен Ғабеңнің музей-үйіне қайтадан оралдым. Осы тұста әлгі сағат тағы да көзіме оттай басылды. Мен енді қордағы құжаттармен танысып, сағат туралы тек өзім ғана біліп қоймай, жұртқа да кеңірек таныстыруды жөн санадым.  Ең алдымен бұл сағаттың төлқұжаты сақталған. Ондағы деректер мынадай: Ресейдің Орлов сағат зауытынан 29 желтоқсан 1961 жылы шығарылған. «ZMП» бөлме еденіне қойылатын сағат. ТУ №14-175-57. Түрі – стационарлық жоғары дәлдікті сағат. Дөңгелектер жүйесін қосу гир арқылы. Бұрауы – аптасына бір рет. Жүрісі – шектеулі, анкерлі. 20+5 С температурада дәл уақыт өлшемінен ауытқу мөлшері – 7 сөткеде + 30 секөнт. Алты тасты. 25 минут сайын және бір сағат уақыт өткенде қоңыраулатып соғады. Бұдан соң сағатты зауыттағы тексеріс нәтижесі көрсетілген: дәл уақыттан ауытқуы 7 тәулікте + 29 секунд. Гирді толық көтеруден кейінгі сағаттың жұмыс мерзімінің ұзақтығы 8 тәулік 4 сағатты көрсеткен. ОТК өкілінің қолы бар. 1962 жылы 22 наурызда қазақ әдебиетінің классигі, академик-жазушы Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов 60 жасқа толған. 3 сәуірде Қазақтың мемлекеттік академиялық Абай атындағы Опера және балет театрында, 4 сәуірде Қазақстан Жазушылар одағының конференц-залында Ғабеңнің мерейтойы мемлекет қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері және қалың оқырмандары қатысуымен салтанатты түрде аталып өтіледі. Академик-жазушы Сәбит Мұқанов – мерейтой иесінің өмірі мен шығармашылық жолы туралы баяндама жасайды. Ғ.Мүсірепов сол кездегі өкіметтің жоғары наградасымен – орденмен марапатталды.  Ал мына сағатты Ғабеңнің бір топ қаламдас достары осы мерейтойы қарсаңында сыйға тартыпты. Оны куәландыратын екі нәрсе сақталған. Біріншісі – сырты қызыл масатымен тысталған құттықтау хат. Мәтіні мынадай:  «Достар шашуы  Сүйікті Ғабе, досымыз! Шыққанда жасың алпысқа, Орамал біздің осымыз –  Ораулы жылы алғысқа. Отырып кейде бөлмеңде Естісең сағат дыбысын, Соққандай бірге кеудеңде Сезерсің жүрек тынысын. Қаламдас достарың: Сапарғали, Әбу, Ғали, Дихан, Хамза, Зейін, Мұхметжан, Хамит, Жұбан, Амантай, Серік, Сафуан, Қуандық. Март. 1962 ж.».  Екіншісі – бір жапырақ қағаздағы мына жазулар: «Бегалин, Есенжанов, Сәрсенбаев, Әбілев, Ерғалиев, Қирабаев, Орманов, Қаратаев, Байтанаев, Шашкин, мен – Молдағалиев, Шаңғытбаев. Анау, Шаймерденов. Бәріміз шалға келіп, – Шай бер! – дедік. 31.ІІІ.62». Мұны жазған жазушы Жайсаңбек Молдағалиев екендігіне күмән жоқ. 29 наурыз күні “Лениншіл жас” газетінде Жайсаңбек Молдағалиевтің «Стиль сұлулығы (Жазушы Ғ.Мүсіреповтің 60 жылдығына орай)» деген мақаласы шыққан. Ж. Молдағалиев кейін, 1975 жылы, «Ғабит Мүсірепов новеллаларындағы лирикалық дәстүр» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғағанын да айта кетсек болар.  Міне, әлгі, қаламдас іні-достары сыйлаған сағат содан Ғабеңнің бөлмесінде 23 жыл бойы жазушыға үнін тыңдатқан, уақытты безбендеп тұрған. Ғабит Мүсіреповтің мерейтойларында, іс-сапарларда, шетелдердегі кездесулерде алған сый-сияпат заттары өте көп болған. Бірақ соның бәрін шып-шырғасын шығармай мұқият сақтауға, жинауға Ғабеңнің онша құлқы соқпаған сияқты. Қымбат сағаттарын, өз қолымен әртүрлі ағаш бұтақтарынан жонып жасаған таяқтарын, түрлі ойын карталарын, бильярд ойнағанда таңдап жүріп қолына ұстаған кийлерін, қымбат аңшы мылтықтарын, тіпті, астындағы көлігі – машинасына дейін көңілі түскен інілеріне, қаламдас достарына оп-оңай сыйға бере салған. Дайындаған Нұрсерік ЖОЛБАРЫС
07.08.2013 06:13 6959

Алматыдағы Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтың мемлекеттік әдеби-мемориалдық музей кешеніндегі жәдігерлер талай сырды бүгіп жатқандай. Келушілердің назарын еріксіз аударатын жәдігерлердің бірі Ғабит Мүсіреповтың сағаты. Сырлы сағаттың сырына біз де үңілген едік. Музей директоры, филология ғылымдарының кандидаты Әділғазы Қайырбеков осы сағат жайлы былай деп әңгіме өрбітті. 

«Сағаттың шықылдағы емес ермек,
Һәмиша өмір өтпек – ол білдірмек.
Бір минут бір кісінің өміріне ұқсас,
Өтті, өлді, тағдыр жоқ қайта келмек» – деген ұлы Абай. Қаншама әдемі үн қатқанымен де сағаттың сыртылы жалғыздықта адам жанына қуаныш-шаттықтан гөрі, үрей мен қауіп ұялатып тұратынын талай аңғардық. Қалай десек те, сағат – уақыт өлшеуіші. Біз оған күн сайын, сәт сайын тәуелдіміз. Тіпті, сағатқа көз салмай, уақыт мөлшері қанша болғандығына мән бермей өмір сүретін адамзат баласы жоқ та шығар. “Бақыттылар байқамайды уақытты, сағатыңа әлсін-әлсін қарама!” дейтін ән мәтініндегі әдемі наз алғаш рет ғашықтар арасында айтылса керек. 
Сағаттың түрлері көп. Атам заманда оның күн сағат, су сағат, құм сағат, дөңгелек сағат, т.б. атаулары болған. Күн сағат (гномон) көлеңкенің ұзаруы мен қысқаруын өлшеуден пайда болыпты. Ежелгі ұрымдықтардың, мысырлықтардың, қытайлықтардың сағат туралы қалдырған деректері оның үнемі даму, жетілу үстінде болғандығын айғақтайды. Біз білетін механикалық, электрондық сағаттардың да мүмкіндіктері мол. 
Ал сағаттар туралы сөз сабақтағандағы біздің мақсат оның тарихын қозғау емес. 1992 жылы Алматыдағы Ғабит Мүсіреповтің жаңадан ашылған музей-үйінің экспозициясымен танысып, «Халық Кеңесі» газетінде (08.08.1992) «Мүсіреповтің музейдегі мұрасы» атты шағын мақала жазғанмын. Сондағы әсерімнің бәрі ақ қағаз бетіне айна қатесіз түсті деп айта алмаймын. Әсіресе, маған жазушының демалатын бөлмесіндегі еденде тұрған кісі бойынан биік, үлкен ағаш қорапты сағат қатты әсер еткен еді. Сағаттың тоқтап тұрғаны, иесінің де жүрегі тоқтап қалғанына біраз уақыт өткені қатар ойға оралады да, адамды бір мұңлы сезім баурап ала жөнеледі. Сол жолы менің көзімді сағаттан айырмай, қайта-қайта қарағыштай бергенімді аңғарып қалған мұражай қызметкері: «Бұл сағат – Ғабеңнің қымбат мүліктерінің бірі. Сыйға тартылған сағат» деп қысқаша ғана мәлімет берумен шектелген. 
Араға оншақты жыл салып мен Ғабеңнің музей-үйіне қайтадан оралдым. Осы тұста әлгі сағат тағы да көзіме оттай басылды. Мен енді қордағы құжаттармен танысып, сағат туралы тек өзім ғана біліп қоймай, жұртқа да кеңірек таныстыруды жөн санадым. 
Ең алдымен бұл сағаттың төлқұжаты сақталған. Ондағы деректер мынадай: Ресейдің Орлов сағат зауытынан 29 желтоқсан 1961 жылы шығарылған. «ZMП» бөлме еденіне қойылатын сағат. ТУ №14-175-57. Түрі – стационарлық жоғары дәлдікті сағат. Дөңгелектер жүйесін қосу гир арқылы. Бұрауы – аптасына бір рет. Жүрісі – шектеулі, анкерлі. 20+5 С температурада дәл уақыт өлшемінен ауытқу мөлшері – 7 сөткеде + 30 секөнт. Алты тасты. 25 минут сайын және бір сағат уақыт өткенде қоңыраулатып соғады. Бұдан соң сағатты зауыттағы тексеріс нәтижесі көрсетілген: дәл уақыттан ауытқуы 7 тәулікте + 29 секунд. Гирді толық көтеруден кейінгі сағаттың жұмыс мерзімінің ұзақтығы 8 тәулік 4 сағатты көрсеткен. ОТК өкілінің қолы бар.

1962 жылы 22 наурызда қазақ әдебиетінің классигі, академик-жазушы Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов 60 жасқа толған. 3 сәуірде Қазақтың мемлекеттік академиялық Абай атындағы Опера және балет театрында, 4 сәуірде Қазақстан Жазушылар одағының конференц-залында Ғабеңнің мерейтойы мемлекет қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері және қалың оқырмандары қатысуымен салтанатты түрде аталып өтіледі. Академик-жазушы Сәбит Мұқанов – мерейтой иесінің өмірі мен шығармашылық жолы туралы баяндама жасайды. Ғ.Мүсірепов сол кездегі өкіметтің жоғары наградасымен – орденмен марапатталды. 
Ал мына сағатты Ғабеңнің бір топ қаламдас достары осы мерейтойы қарсаңында сыйға тартыпты. Оны куәландыратын екі нәрсе сақталған. Біріншісі – сырты қызыл масатымен тысталған құттықтау хат. Мәтіні мынадай: 
«Достар шашуы 
Сүйікті Ғабе, досымыз!
Шыққанда жасың алпысқа,
Орамал біздің осымыз – 
Ораулы жылы алғысқа.

Отырып кейде бөлмеңде
Естісең сағат дыбысын,
Соққандай бірге кеудеңде
Сезерсің жүрек тынысын.

Қаламдас достарың: Сапарғали, Әбу, Ғали, Дихан, Хамза, Зейін, Мұхметжан, Хамит, Жұбан, Амантай, Серік, Сафуан, Қуандық. Март. 1962 ж.». 
Екіншісі – бір жапырақ қағаздағы мына жазулар: «Бегалин, Есенжанов, Сәрсенбаев, Әбілев, Ерғалиев, Қирабаев, Орманов, Қаратаев, Байтанаев, Шашкин, мен – Молдағалиев, Шаңғытбаев. Анау, Шаймерденов. Бәріміз шалға келіп, – Шай бер! – дедік. 31.ІІІ.62».
Мұны жазған жазушы Жайсаңбек Молдағалиев екендігіне күмән жоқ. 29 наурыз күні “Лениншіл жас” газетінде Жайсаңбек Молдағалиевтің «Стиль сұлулығы (Жазушы Ғ.Мүсіреповтің 60 жылдығына орай)» деген мақаласы шыққан. Ж. Молдағалиев кейін, 1975 жылы, «Ғабит Мүсірепов новеллаларындағы лирикалық дәстүр» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғағанын да айта кетсек болар. 
Міне, әлгі, қаламдас іні-достары сыйлаған сағат содан Ғабеңнің бөлмесінде 23 жыл бойы жазушыға үнін тыңдатқан, уақытты безбендеп тұрған. Ғабит Мүсіреповтің мерейтойларында, іс-сапарларда, шетелдердегі кездесулерде алған сый-сияпат заттары өте көп болған. Бірақ соның бәрін шып-шырғасын шығармай мұқият сақтауға, жинауға Ғабеңнің онша құлқы соқпаған сияқты. Қымбат сағаттарын, өз қолымен әртүрлі ағаш бұтақтарынан жонып жасаған таяқтарын, түрлі ойын карталарын, бильярд ойнағанда таңдап жүріп қолына ұстаған кийлерін, қымбат аңшы мылтықтарын, тіпті, астындағы көлігі – машинасына дейін көңілі түскен інілеріне, қаламдас достарына оп-оңай сыйға бере салған.


Дайындаған Нұрсерік ЖОЛБАРЫС

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға