Адамды рухтандыратын, жан-дүниесін байытатын осынау сиқырлы әлемге жастайынан құштар болды
Осындай өнегелі ортаның әсері ме Махамбет те адамды рухтандыратын, жан-дүниесін байытатын осынау сиқырлы әлемге жастайынан құштар болды. Қой соңында жүріп қиялға берілетін әдеті студент кезінде де қалмай, туған жері Созақтың, туған ауылы Бабатаның қойын-қонышын, сай-саласын, тау-тасын аралаудан, әйгілі Бабата кесенесінің тарихы тереңде жатқан тылсым сырларына үңілуден әсте жалыққан емес. Жылдар бойы жалықпай зерттеудің нәтижесінде «Байырғы Бабата» деген зерттеу кітабы дүниеге келді. Бұл кітап белгілі өнер зерттеуші, қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтың тарапынан оң бағасын алған.
Осы кітаппен танысу барысында М. Жәмекұлының бойындағы таланттың алуан қырынан көрінгенін айтсам, оқырман асыра сілтеп жіберіпті дей қоймас. Біріншіден, кітап құнарлы тілмен, публицистикалық сарында жазылған. Сондықтан Бабатаның арғы-бергі тарихын індете зерттеген журналист-ғалым оқырманды көне заманнан күні бүгінге дейінгі кезеңге жалықтырмай жетелеп отырады. Екіншіден, кесененің ішкі-тысқы көрінісі, одан табылған археологиялық құнды қазбалардың, түрлі бұйымдардың бейнелері автордың қылқаламы арқылы кітап беттерінен орын теуіп, шығарма мазмұнын аша түскен. Үшіншіден, кітапта кесенеге, сол елдің, сол жердің тарихына қатысты аңыз-әңгімелердің молынан қамтылуы еңбектің құндылығын арттырған.
Ел іші алтын бесік. Туған жерден түлеп ұшып, алыста жүрсе де Бабата ауылын, ондағы әйгілі тарихи кесенені жеріне жеткізе зерттеп, барша халық игілігіне айналдырғанына жерлестері дән риза. Астына ат мінгізіп, иығына шапан жапты, Созақ ауданының құрметті азаматы атағын берді.
Осындайда «Сүйер ұлың болса сен сүй, сүйінуге жарар ол» деген әйгілі жыр жолдары ойға оралады. Шынында да өнерді жан-тәнімен құлай сүйген адамның сол жолда төккен терінің өтеуі осы ел құрметі емес пе?! Бұл сүйіспеншілікті М. Жәмекұлының жартығасырлық мүшелтойында көрнекті ақын ағасы Қайрат Жұмағалиев мынадай жыр жолдарына сыйғызыпты:
Бұлыңғырлау болды сенің көктемің,
Кештің, Маха, талай сынның өткелін.
Еңбек жолын шопан болып бастадың,
Қаршадайдан оқып өмір мектебін.
Жігітсің Сен терең ойлы, сан қырлы,
Жаббар ием жұлдызыңды жандырды.
Талабыңмен, талантыңмен, о, Маха,
Ыңғайыңа идің қатал тағдырды.
Аудармашы, журналиссің қырағы,
Тек тер төгу жүрегіңнің ұраны.
Текті жердің перзентісің, о, Маха,
Созақ десе қазақ есте тұрады.
Мына заман халқы сүйген ұлға сын,
Бауырың бүтін, аман болғай бұл басың.
Бақ жұлдызың жана берсін жарқырап,
Қазағыңа керек тұтас тұлғасың!
Біздің бұған қосып аларымыз жоқ. Тек өмірде де, өнерде де жолың бола бергей Маха, демекпіз.
Орынбек Жолдыбай