Жаңалықтар

Тегінде әрбір адам өзінше бір әлем

Тегінде әрбір адам өзінше бір әлем десек, асыра айтқандық болмас. Махамбет те сондай ерек жанның бірі. Былай қарасаң, өмір жолынан пәлендей қиыр-шиыр қиындық байқалмайды. Мектеп бітіреді, оқуға түсе алмай, бірер жыл ауылда шопан болады. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін баспаларда редактор, бөлім меңгерушісі, соңғы жеті-сегіз жылдың беделінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің, кейіннен Парламентінің консультанты, сектор меңгерушісі болып қызмет атқарып келеді. Бірақ бұл бір қарағандағы тақтайдай түзу өмірбаян. Ал тереңірек үңілсеңіз, жақынырақ таныссаңыз өткен отыз жылдың қызығы мен шыжығы бір адамға жетіп артыларлықтай. Осы орайда жалпы шығармашылықпен шұғылданатын адамның өмірінде қиқулап қызық қуған сәттерден гөрі азапты тұстардың молырақ ұшырасатыны кім-кімге де белгілі жәйт екенін айта кеткеніміз орынды. Махамбет Жәмекұлын да «күніне мың ойланып, жүз толғанатын» сондай адамдардың қатарына жатқызуға болады. Әрі ондай шығармашылық күнделікті атқарылуы парыз қызметпен қатарласа өрбуі тиіс болса, мұндай екі есе салмаққа екінің бірі шыдас бермес-ау деген ой өз-өзінен қылаң береді. Махамбет соған шыдас беріп қана қоймай, күнделікті жауапты мемлекеттік қызметте де, шығармашалық істе де абырой биігінен көрініп жүрген рухы мықты азаматтың бірі. Бұған оның ондаған жылдар бойы журналистік қарбалас қызметтен қол үзбестен, жұмыстан қолы қалт еткен сәттерінің бәр-бәрін өнерге, шығармашылық өмірге арнаған жанкешті тірлігі куә. Бір сөзбен айтқанда өнер тақырыбы тіршілік-тынысының мән-мағынасына айналды. Сол тақырыпқа газетке мақала жазды, теледидардан хабарлар арнады, радиодан сөйледі, әйтеуір тыным таппады, бірнеше жыл қатарынан ерінбей-жалықпай ізденіп, орысша-қазақша өнертану сөздігін шығарды. Перзенттерін де өнер әлеміне баулыды, әсемдікке тәрбиеледі. Ләззаты Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің музыка факультетін тәмамдап, мамандығы бойынша аспирантурада дәріс алып, қазақтың ұлттық музыка аспабы домбыра арқылы бастауыш сынып оқушыларын адамгершілік-эстетикалық тәрбиелеу деген тақырыпта диссертация қорғау қамында жүрсе, одан кейінгі қызы Индира суретшілікке ден қойды. Қазір Алматы көркемсурет академиясының студенті. Асылы Махамбеттің кіндік қаны тамып, ат жалын тартып мінген Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ өңірі өнерді мұрат тұтқан талант иелеріне кенде емес. Мәселен, көрнекті қазақ қаламгерлері Тәкен Әлімқұлов, Рахманқұл Бердібай, Сәуірбек Бақбергенов, Асқар Сүлейменов, белгілі әдебиет сыншылары Төлеген Тоқбергенов, Сайлаубек Жұмабеков, атақты күйшілер Төлеген Момбеков, Генерал Асқаров, халықаралық жүлделердің иегері, жазушы, режиссер Сатыпалды Нарымбетов және басқалары осы өңірдің түлектері.
23.07.2013 03:06 4214

Тегінде әрбір адам өзінше бір әлем десек, асыра айтқандық болмас. Махамбет те сондай ерек жанның бірі. Былай қарасаң, өмір жолынан пәлендей қиыр-шиыр қиындық байқалмайды. Мектеп бітіреді, оқуға түсе алмай, бірер жыл ауылда шопан болады. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін баспаларда редактор, бөлім меңгерушісі, соңғы жеті-сегіз жылдың беделінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің, кейіннен Парламентінің консультанты, сектор меңгерушісі болып қызмет атқарып келеді. Бірақ бұл бір қарағандағы тақтайдай түзу өмірбаян. Ал тереңірек үңілсеңіз, жақынырақ таныссаңыз өткен отыз жылдың қызығы мен шыжығы бір адамға жетіп артыларлықтай.

Осы орайда жалпы шығармашылықпен шұғылданатын адамның өмірінде қиқулап қызық қуған сәттерден гөрі азапты тұстардың молырақ ұшырасатыны кім-кімге де белгілі жәйт екенін айта кеткеніміз орынды. Махамбет Жәмекұлын да «күніне мың ойланып, жүз толғанатын» сондай адамдардың қатарына жатқызуға болады. Әрі ондай шығармашылық күнделікті атқарылуы парыз қызметпен қатарласа өрбуі тиіс болса, мұндай екі есе салмаққа екінің бірі шыдас бермес-ау деген ой өз-өзінен қылаң береді. Махамбет соған шыдас беріп қана қоймай, күнделікті жауапты мемлекеттік қызметте де, шығармашалық істе де абырой биігінен көрініп жүрген рухы мықты азаматтың бірі. Бұған оның ондаған жылдар бойы журналистік қарбалас қызметтен қол үзбестен, жұмыстан қолы қалт еткен сәттерінің бәр-бәрін өнерге, шығармашылық өмірге арнаған жанкешті тірлігі куә.

Бір сөзбен айтқанда өнер тақырыбы тіршілік-тынысының мән-мағынасына айналды. Сол тақырыпқа газетке мақала жазды, теледидардан хабарлар арнады, радиодан сөйледі, әйтеуір тыным таппады, бірнеше жыл қатарынан ерінбей-жалықпай ізденіп, орысша-қазақша өнертану сөздігін шығарды. Перзенттерін де өнер әлеміне баулыды, әсемдікке тәрбиеледі. Ләззаты Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің музыка факультетін тәмамдап, мамандығы бойынша аспирантурада дәріс алып, қазақтың ұлттық музыка аспабы домбыра арқылы бастауыш сынып оқушыларын адамгершілік-эстетикалық тәрбиелеу деген тақырыпта диссертация қорғау қамында жүрсе, одан кейінгі қызы Индира суретшілікке ден қойды. Қазір Алматы көркемсурет академиясының студенті.

Асылы Махамбеттің кіндік қаны тамып, ат жалын тартып мінген Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ өңірі өнерді мұрат тұтқан талант иелеріне кенде емес. Мәселен, көрнекті қазақ қаламгерлері Тәкен Әлімқұлов, Рахманқұл Бердібай, Сәуірбек Бақбергенов, Асқар Сүлейменов, белгілі әдебиет сыншылары Төлеген Тоқбергенов, Сайлаубек Жұмабеков, атақты күйшілер Төлеген Момбеков, Генерал Асқаров, халықаралық жүлделердің иегері, жазушы, режиссер Сатыпалды Нарымбетов және басқалары осы өңірдің түлектері.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға