Ғалым 1995 жылдан бері Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры
Р. Бердібай Мәскеу, Қазан, Уфа, Ташкент, Баку, Вильнюс, Таллин, Минск, Киев, Кишинев, Тбилиси, Ашхабад, Душанбе, Бішкек, Элиста қалаларында өткен халықаралық, аймақтық, республикалық конференцияларда фольклор мен әдебиеттің маңызды мәселелері бойынша баяндамалар жасады. Кейінгі жылдарда ғалым Түркияның Анкара, Измир, Анталия, Конья, Қараман, Қырыққала шаһарларында болып өткен түркологиялық конгрестерге қатысты.
Ғалым 1995 жылдан бері Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры.
Бұл ғалымның шығармашылық өмірін көктей шолып өткенде баяндағандарымыз, Ал оның сыншылығына, фольклоршы ретіндегі зерттеу еңбектеріне, ұстаздық, қоғамдық қызметтеріне жеке-жеке тоқтасақ, әрқайсысы іргелі ғылыми еңбекке жүк болар еді. Ол әрине болашақтың ісі. Әзірше оның өз халқының, сондай-ақ түркі тектес бауырлардың өткеніне, қазіргі тыныс-тіршілігіне және болашақтағы өміріне қатысты мәселелерді тереңнен толғайтын публицистикалық туындыларымен жұртшылықты неғұрлым жақынырақ таныстыруды мақсат еттік.
Неге десеңіз, әдеби ортаға араласа бастаған сонау елуінші жылдардан бастап күні бүгінге дейін Рақаң осы бір жауынгер жанрды жанына серік ету арқылы туған халқының зәру мәселелерін көтеруден бір танбай келеді. Әр кезде жазылып, ел өмірінің сан алуан проблемаларын қамтитын мұндай мақалалардың, очерктердің, жолжазбалардың көптігі сонша - қазір олардың санын Рақаңның өзі де білмейтін шығар.
Ең бастысы оларда халықтың бүгіні мен болашағы үшін қажетті көкейкесті пікірлер айтылады. Мысалы, мектептерде ана тілін оқытуды жақсарту, терминологияны реттеу, қазақ фольклорының бай мұрасын пайдалану және олардың көптомдығын бастырып шығару, қазақ тілінде іс қағаздарын жүргізуді жолға қою, ауыл мәдениетін көтеру, орыс тілінен аударма болып шығатын газет-журналдарды дербес басылымдарға айналдыру, қазақша энциклопедия шығару, республикалық спорт мектебіне Қажымұқан атын беру, қазақша басатын машинка шығару, Әл-Фарабиге Алматыда ескерткіш орнату, мәдени мұраны игеруге байланысты республикалық комиссия құру, Ғылым академиясы құрамында қолжазба, шығыстану институттарын ашу, республикада Абай, М. Әуезов, С. Сейфуллин күндерін өткізу, Наурыз мерекесін тойлау, тіл мерекесін өткізу, Астана қаласында қазақ мектептерінің санын көбейту, Түркістан қаласының құрылғанына 1500 жыл емес, 2000 жыл толды деп тойлау, Түркістан қаласын рухани астана деп ресми түрде жариялау, Отырар шайқасының 850 жылдығын атап өту, Алпамыс жырының 1000 жылдығын атап өту, Түркістан халықтарының арғы-бергі мәдениеті мен тарихын таныстыратын журнал шығару, ғылымның түрлі саласындағы ізденістерді бірлестіріп, жоспарлы, жүйелі түрде зерттеулер жасайтын Орталық Азия академиясын ұйымдастыру, түркістан халықтарының энциклопедиясын шығару, Қазақстанда ноғай мәдениетінің күндерін өткізу, орхон жазуларының, дәлірек айтқанда, ежелгі түрік алфавитінің мерекесін ресми атап өту… Осылай тізіліп кете береді. Бұл ұсыныстардың ішінде назарға ілігіп, ел игілігіне айналғандары біршама. Айтылған жерінде қалып, ескерілмей жатқандары да баршылық. Бірақ Рақаң мойымайды. "Көзге ілмей қойды ғой демей, айта беру керек. Біреу болмаса біреудің құлағына шалынып, түбінде кәдеге жарайды", - дейді.