Ғалымның атқарған игілікті істері
Ғалымның бұлардан тыс атқарған игілікті ісі – М. Әуезов музей-үйінде 35 жыл бойында Алматы қалалық қазақ әдебиеті мен өнері халық университетін басқарып, қазақ халқының соңғы 1500-2000 жыл бойындағы тарихы мен мәдениеті тақырыбына 500 дәріс өткізуі. Бұл дәрістердің кезінде өзінің ежелгі тарихынан, мәдениетінен кеңірек мағлұмат алсам деген әрбір адамның жүрегін баурағаны анық. Өйткені халық университеті көне мәдени мұраны ғылыми дәлдікпен жұртшылыққа қайта таныстыруды алдына мақсат етіп қойған еді. Ағартушылық жұмысына әрдайым бейім тұратын әдетімен Рақаң бұл іске де белсене кірісіп кетті. Ол кездегі оқу бағдарламаларының қазақ халқының тарихын, әдебиетін, фольклорын, мәдениетін, өнерін тым жұпыны етіп көрсетіп келгені мәлім. Осы олқылықтың орнын толтыруда Рақаң басшылық еткен халық университетінің атқарған істері баға жеткісіз. Дүниежүзілік мәдениетте өзіндік орны бар, тылсым құпиясы жұрттың құлағын елеңдеткен Орхон-Енисей жазулары туралы дәрістер, Құлтегін, Білге қаған жазулары туралы дәрістер, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі Ақжан Машановтың Әл-Фараби турасындағы сұхбат-сабақтары, академик Әлкей Марғұланның оғыз-қыпшақ заманының өшпес ескерткіші "Қорқыт ата кітабы" хақындағы, қазақ ғалымы Қадырғали Жалаиридің мұрасы туралы, Шоқан Уәлиханов жөніндегі сабақтары, Түрік қағанаты тұсындағы, Қарахандар билеушілігі кезіндегі, Алтын Орда, қазақ хандықтары заманындағы жазба және фольклорлық ескерткіштер, жыршылық, жыраулық, домбырашылық дәстүрлері – бәрі-бәрі, тізе берсе ұшан-теңіз рухани байлық көзінен халық университеті тыңдаушылары мейірлерін қандыра сусындады. Бұл еңбегі үшін ол Бүкілодақтық "Білім" қоғамының ең үлкен сыйлығы – Вавилов медалімен марапатталды.
Әдебиет сыны, тарихы, фольклортану саласындағы көрнекті еңбектерін жоғары бағалап, Қазақстан үкіметі ғалымға "Қазақстан ғылымына еңбек сіңірген қайраткер" (1983), "Қазақстанның еңбегі сіңген мәдениет қызметкері" (1992), атағын берді. Р. Бердібай – Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі, Түрік тіл құрымының (Түркия), Халықаралық Шыңғыс Айтматов қоғамдық академиясының, Халықтық (экологиялық) академияның мүшесі, Ш. Уәлиханов атындағы, "Түрік дүниесіне қызмет еткені үшін" сыйлықтарының иегері. Ол "Парасат" орденімен, "Еңбектегі ерлігі үшін", "Еңбек ардагері" медальдарымен, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Құрмет грамоталарымен ардақталған.