Бұл ешкім күтпеген тосын оқиға еді
Тілші бір үлкен конференциядан ұлы орыс тілінің халықтардың өсіп-өркендеуіне тигізіп отырған орасан зор әсері туралы газетке материал дайындауға тапсырма алады. Бастапқыда орыс тілінің құдыретін көрсетуге арналып жоспарланған мақала ақырында керісінше, қазақ тілінің бүгінгі бейшара хәлін жұртшылық алдына жайып салады.
Бұл ешкім күтпеген тосын оқиға еді. Осыдан үш-төрт жыл бұрын ғана партияның бағытын "дұрыс түсінбеген", саясаттағы "теріс көзқарастары" үшін М. Әуезов бастаған қазақтың бір топ ақын-жазушылары қуғындалып, кейбіреулері итжеккенге айдалып та кеткен болатын. Мұны көзі ашық азамат білмей отырған жоқ. Өзінің басына да сондай зобалаңның тууы мүмкін екенін түйсінді. Бірақ қайсарлық, халқына жанашырлық сезімі жеңді. Өйткені орыс тілінде оқыту кеңінен қолға алынып, жер-жерлерде қазақ мектептерінің жаппай жабылып жатқан кезі еді. Қазақ тіліндегі газеттер тек орыс тілінен аударылып шығатын сүреңсіз дүниелерге айналды. Мектептерде қазақ тілі мен әдебиетін оқыту сапасы нашарлап, ол жүрдім-бардым істелетін тірліктің бірі болды. Орта мектепті қазақ тілінде бітіріп, жоғары оқу орнына түсуге талаптанған шәкірттердің тауаны шағылды, бағы байланды.
Осының бәрі жинақтала келгенде, жоғарыдағыдай батыл мақаланың жарық көруі заңды әрі халық үшін пайдалы еді. Бірақ ол авторға таяқ болып тиді. Партияның республикалық орталық басылымдарында мақаланың "зияндығын", оның авторы Р.Бердібайдың "ұлтшылдығын" әшкерелеген материалдар жарық көрді. Мұның соңы авторды жиналыстан жиналысқа сүйреген кінәлауларға ұласты. Сонда да айтқанынан қайтқан жоқ. Өзін жиналысқа салып "Қателігіңді мойында" деп сілкілеп жатқанда көлгірси алмай: "Шыны солай ғой" дегені ортағасырлық Еуропадағы инквизиция кезінде Жердің Күнді айналып жүретінін ғылыми тұрғыдан дәлелдеп бағуға тырысқан атақты ғалым Галилео Галилейдің тағдырын еске түсіреді. Діни схоластика үстемдік құрып тұрған ол заманда мұндай пікір айтқан адамды өлім жазасы күтіп тұрар еді. Одан құтылудың бір-ақ жолы бар. Ол үшін өз теорияңнан бас тартуың керек. Галилео Галилей қателігін мойындаған болады. Осы кезде ғалымның өлім жазасынан құтылғанына риза болған жұртшылыққа қарап: "Әйтсе де ол айналады ғой!" дегені сонау ортағасыр қойнауынан бүгінге жетіп, нақылға айналып кетті. Бұл – шындықтың ешуақытта өлмейтінен көрсетеді.
Бір қызығы "саяси қателігі" үшін "сыбағасын" алғаннан кейін де автор кейбіреулер сияқты тайғанақтық танытып, мұндай даулы тақырыптарды айналып өтуге тырыспайды.