Әрбір істің өз сәті болады
Алайда соғыстан кейінгі жүдеу тіршілік Рақаңның қолын байлайды. Консерваторияға түсіп кеткен күннің өзінде тұрмыс жағдайы қинайтынын болжаған жас талапкер сөз өнеріне, халықтық ән-жыр дәстүріне бейімдігін ҚазМУ-дің филология факультетінде одан әрі шыңдай түсуге бекінеді. Білім іздеген, оқысам деген талабы таудай ол ҚазМУ-ге оқуға қабылданғанымен, сабақты екі жылдан әрі қарай жалғастыра алмады. Оқудың сырттай бөліміне ауысып, ауылдағы қарт ата-ананың қасы-қабағына қарау үшін елге оралады. Ащысай кенішіндегі орта мектепке мұғалім болып орналасады. Мұнан кейін де түрлі себептермен астанаға жолы түспей, оқуды Қызылорда педагогикалық институтының тіл-әдебиет факультетінде жалғастыруына тура келеді. Институтты ойдағыдай тәмәмдағаннан кейін өз мамандығы бойынша еңбекке араласады. Алғашқыда мектеп директоры, соңынан аудандық оқу бөлімінің инспекторы болып 3-4 жыл жұмыс істейді.
Қызметке араласып, тұрмыс түзеле бастағаннан кейін бәрін ұмытып, бейғам тірлік кешуге де болар еді. Бірақ ондай керенау тіршілік Рақаңның табиғатына жат. Қайтсем білімімді жетілдіремін деген ой оны көп мазалайды. Ақыры, ғылымның соңына түсу үшін жайлы қызметті тастап, Алматыға аттанады.
Көкірегі ояу, көңілі сергек жас ҚазМу-дің аспирантурасына құжат тапсырып, әдебиеттануға арналған бір орынды конкурс бойынша жеңіп алады. Екі жыл бойы тапжылмай теориялық біліммен қаруланады. Бұл да болашақта ғалымның тегеурінді әдебиетші, қарымды қаламгер, жалынды публицист һәм бұқарашыл, ойшыл қоғам қайраткері болып қалыптасу жолында өзіндік бір мектеп болды деген ойдамыз.
Рақаңның аспирантурадан кейінгі өмір жолы біздің осы пікірімізді дәлелдей түседі. Ғылыми, мәдени ортадағы шығармашылық қызметті "Қазақ әдебиеті" газетінен бастаған ол қоғам өміріне бірден белсене араласып кетеді. Теориялық біліммен сусындаған, әрі сол кездегі насихат құралдары қанша қампайтып мақтағанымен өзі өмір сүріп отырған ортадағы небір келеңсіздіктерді іс жүзінде де көзімен көріп өскен намысшыл жас қазақ ұлтына, оның әдебиеті мен мәдениетіне қатысты аяқ басқан сайын кездесетін әділетсіздікке, халқының болашағына нүкте қоюға бағытталып, мемлекеттік деңгейде жүргізіліп жатқан құйтырқылықтарға іштей қарсы болып, ширығып жүруші еді.
Әрбір істің өз сәті болады. Р. Бердібайдың "Қазақ әдебиеті" газетінің 1956 жылғы 22 сәуірдегі нөмірінде жарық көрген "Ең үлкен мәдени байлық" деген мақаласы соғар сағатын күтіп, саналы ұлдың көңіл түкпірінде жатқан екен. Соңынан халық арасында кеңінен талқыланып, үлкен қолдау тапқан, бұған керісінше авторы үкімет тарапынан қудалауға ұшыраған бұл еңбектің жазылу тарихы да қызық.