Арал теңізіндегі жасыл желек жайқалту жұмыстары жүйелі жүргізілуде
Өткен ғасырдың 60-жылдарынан бері тартыла бастаған Арал теңізінің құрғаған ұлтаны 4 миллион гектардан астам аумақты құрады.
Тіршіліктің нышаны қалмаған тып-типыл аймақ тұзды-шөлейтті жерге айналды. Қалыптасқан экологиялық ахуалға орай, теңіз табанында «Орманды сақтау және қорын молайту» жобасы іске асырылуда. Бүгінде сексеуіл, сарсазан тоғайлы алқаптары пайда болып, микроклимат жақсарып қалды.
Арал маңында ұшқан құс пен жүгірген аң кездеспейтін. Сондықтан Аралдың кепкен табанын «өлі теңіз» деп атап кеткен. Сор жапқан ұлтаннан 100 миллион тонна тұзды шаң ауаға тараған. Бұл құбылыс климаттың жайсыздануы мен жайылымды жерлердің тозуына әкеп соғады. Экологиялық ахуалды зерттеп-зерделеген ғалымдар теңіз тозаңын тек сексеуіл тежейді деп шешті. Қазіргі таңда құрғаған теңіз табанының 14530 гектарына сексеуіл тұқымы себілсе, ал 12 мың гектардан астам жерге сексеуіл көшеті отырғызылды.
Байкенже АХМЕТОВ,Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:
- Егіліп жатқан көлем өте аз. Ғалымдар зерттеуіне қарасақ, өазіргі еккеніміз 100 мың гектар болғанның өзінде бұл жерлердің құмды, шаңды, тозаңды, ұшқан тұзды тоқтату үшін 100 жыл егіп шығуымыз керек.
Дүниежүзілік банк пен Қазақстан ортақ жобасы аясында да жарамсыз жерлерде жасыл желек жайқалту жұмыстары 2008 жылдан бері жүйелі жүргізілуде. Жоба аясында орманшылардың техникалық керек-жарағы жаңғыртылды. Жетілдірілген соқалар мен ауыр көліктер жолсыз шалғайдағы тоғайлы алқапқа қиындықсыз жетіп, сексеуіл алқабының тез өніп-өсуіне сеп болды.
Файзулла СМАҒҰЛОВ, Арал орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеме басшысы:
- 5 жыл көлемінде жұмыссыз жүрген, жағдайы жоқ отбасылардан 55-тей адам осы жоба аясында жұмысқа тартылды. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген бар. Мөлтек-мөлтек әр жерде орман қалса, біз үшін ол өмірдегі күресіміз нәтижелі деп айтамыз.
Сексеуіл алқаптары кеңейген сайын айналаға қоян, қырғауыл сынды аң-құс мекендеп, тіршілік тірілгендей. Ел Үкіметі теңіз табанын түлеткен сексеуілді кесуге 10 жылға тыйым салды. Дегенмен адам баласы ерекше қорғаудағы томар ағашты түбірімен жұлуды тоқтатар емес. Әр түп ағашты зор бейнетпен өсіретін орманшылар үшін әр өскін алтыннан қымбат. Табиғат жанашырлары қала мен қатар даланың да жасыл желекке оранғанын қалайды.