Жаңалықтар

Теректі әулие тылсымдары

Қарағанды облысының Ұлытау ауданында ежелгі дәуірде тасқа қашалып сызылған суреттер мен петроглифтер жақсы сақталған Теректі әулие атты таңғажайып жер бар. Ол жер Жезқазғанның шығысынан 90 шақырым, ал Қарағанды облысының Теректі стансасының солтүстік-батысынан 20 шақырым жерде жатыр. «Теректі әулие» көне заманның петроглифтері сақталған, сондай-ақ, неолит, энолит, қола дәуірлерінің қолтаңбасы бар, ерте темір дәуірінде бағалы металдарды өндірген орындар мен түрлі қорғандардың ізі қалған киелі мекен. Ондағы петроглифтердің арасында ең көп кездесетіні аттың суреті. Сонымен қатар, түйе, бұқа, теке, бұғы, жылан, мысық тұқымдас жыртқыш, сондай-ақ, қос ат жегілген арбаның суреттері де бар. Ал түрлі белгілер мен таңбалардың, геометриялық фигуралардың көптеп кездесетіндігі бұл жердің ежелгі дәуірде құрбандық шалатын орын болғандығына меңзеп, ерекше назар аударады. Осы ілкімді тарихи мұра туралы тарихшы-археолог Бекзат Балтабеков былай дейді: - Петроглифтер - әлем бойынша ең кең тараған археологиялық ескерткіштер болып табылады. Жердің барлық құрлықтарынан түрлі дәуірлерде өмір сүрген ежелгі адамдардың тас бетіне қашап кеткен суреттерін табуға болады. Болашақ ұрпаққа деген өсиет пен ілім-білімді осындай жолмен қалдырып кету әдісі жазу пайда болғанға дейінгі дәуірлерде үстемдік құрып тұрды деп айтуға болады. Тасқа түрлі оқиғаларға байланысты мифтік және тарихи сюжеттерді және мәтіндерді қашап жазу жекелей алған кейбір елдерде тіпті ХХ ғасырға дейін сақталды. Петроглифтер оқылуы біршама қиындық туғызса да, бабаларымыздың өмірінен сыр шертіп, олардың мифологиясы мен мәдениетін, әлеуметтік үдерісін тануға көмектесетін өте құнды қайнар көз болып саналады. Азияның осынау бір өңіріндегі петроглифтер оңтүстігіндегі петроглифтерге қарағанда анағұрлым аз зерттеліп келді. Тек өткен ғасырдың 40-ыншы жылдарының ортасында ғана атақты ғалым Әлкей Марғұланның күш салуының арқасында Ортылық Қазақстандағы тарихи жәдігерлер тыңғылықты зерттеле бастады. Теректі әулиедегі суреттердің көптігі мұнда ең алдымен табиғи апаттардан қорыққан халықтың күнге табынуы, жергілікті «рухтарды» ерекше қастерлеу, сиқырлық рәсімдер жасау сияқты әрекеттерімен түсіндіріледі. Сол кездегі адамдар мен қоршаған ортаның қарым-қатынасы өзара түсіністікте деп байыпталған. Сондықтан олар өздерінің азығы үшін пайдаланған тіршілік иелеріне асқан сыйластықпен қараған. Табиғатқа зиян келтіру Көк Тәңірісінің қаһарына ұшыратады деп түсінген. Осындай түсінік кейінірек түркілер мен моңғолдардың дініне де негіз болып, олар адам баласы табиғат пен қоғамның тепе-теңдігін бұзбай, солармен бірге өмір сүруі керек деп түсінген. Теректі әулиеде бірінің артында бірі тұрған 12 текенің суреті бейнеленген. Тастың шеті мүжілгендіктен суреттің шет жақтары дұрыс көрінбейді. Текелердің санын күнтізбемен немесе адам баласының бір мүшелімен байланыстыруға болады. Ал екі бұғының суреті стилдік жағынан осы өңірдегі басқа суреттерден мүлде басқаша, оларда скифтік элементтер кездеседі. Аяғын шабылып қалған сияқты қысқа қылып сызылған жануардың тұмсығы едәуір ұзын, ал мүйіздері ағаштың бұтақтарына ұқсап бейнеленген. Осыған ұқсас суреттер Тыва Республикасындағы Мугур-Саргол тастарынан да табылған. Теректі әулие жартасында мысық тұқымдас жыртқыштың жалғыз суреті бар. Суреттің салыну шеберлігі үлкен қызығушылық тудырады. Ежелгі суретшінің қиялынан туған жыртқыш жылқы мен мысық тұқымдастардың қосындысынан шыққан. Оратылған жіңішке құйрығы мен үш тұяқты алдыңғы аяқтары образдың мазмұнын ашып тұрғандай. Ал денесінің қалған бөліктері тура жылқының дене бітімімен бірдей қылып салынған. Осыған ұқсас суреттер Алтай мен Моңғолиядағы тастардан да табылғандығын атап өткен жөн. Сонымен қатар, Теректі әулиеден түсіндіруге келмейтін жұмбақ сурет те табылды. Суреттеп айтар болсақ, онда бір шеңберден екі сызық шығады. Біреуі солтүстікке, екіншісі солтүстік-шығысқа қарай бағытталған. Яғни кәдімгі теледидардың антеннасына ұқсайды. Шеңбердің ортасында қосөркешті түйе бейнеленген, ал сызықтардың ортасында антропоморфтық жануарлар, екі крест, ал суреттің астында адам сызылған. Мұндай суретке ұқсас бейнелер Қазақстанның түрлі аумақтарында кездеседі. Олардың барлығы белгілі бір культтік сюжеттерге негізделген болуы мүмкін деген болжам ғана бар. Теректі әулиенің ең биік шыңдарының бірінен ұзындығы 2,5 метр, ені 35 см болатын, тік түсетін тегіс сызық табылды. Ол халық арасында «әулие сырғанағы» деген атпен белгілі. Бұл жолақ, бәлкім Құс жолын меңзейді немесе әлдебір салт-дәстүрге байланысты болар. Жоғарыда айтқанымыздай, Теректі әулиеде ең көп кездесетіні жылқының суреті. Олар барлық суреттердің 90 пайызы деп айтуға болады. Көшпенділердің өмірі жылқымен тығыз байланысты болды. Атқа қонған көшпенділер отырықшылардың зәресін алып, өз үстемдігін жүргізетін. Сондықтан да көшпенділердің діни-мифологиялық наным-сенімінде бұл жануарға ерекше құрмет көрсетіледі. Қазақтың төрт түлігінің ішінде Қамбар ата тұқымы ең негізгі орында болды. Теректі әулиедегі іздер көптеген мифтер мен аңыздарға арқау болды. Солардың бірі, яғни ХІ ғасырдағы атақты ғалым әл-Бирунидан қалған деректер бойынша, тастағы іздер Әзірет Әли мен оның тұлпары - Дүлдүлдің іздері көрінеді. Ал тағы бір аттың тұяғының іздері қалған жерді халық арасында «Періштенің ізі» деп атайды. Сол жердің топырағын ел баласының жастығының астына салған. Сондай-ақ, жас нәрестені шомылдырғанда да осы жердің топырағынан бір уыс алып, суға араластырады. Халық нанымында ат тұяғы тиген жердің топырағын дәрі ретінде де қолдануға болады. Алайда ол ат асқан жүйрік немесе сәйгүлік болуы тиіс. Қазақстанның көптеген жерлерінде тасқа қашалып сызылған ат тұяғының іздері бар. Олар «тұлпартас» деп аталады. Ә. Марғұланның айтуынша, Сарыарқадағы Беғазы тауларында Манастың тұлпары Аққұланың іздері бар көрінеді. Теректі әулиенің материалдары өте маңызды әлі терең археологиялық қор құрады. Тасқа қашалған суреттерді зерттеу ежелгі тарихты тану үшін ғана емес, сондай-ақ, қазақ халқының мәдениеті мен рухани байлығын сезіну үшін де қажет. ҚазАқпарат
17.07.2013 04:16 5240

Қарағанды облысының Ұлытау ауданында ежелгі дәуірде тасқа қашалып сызылған суреттер мен петроглифтер жақсы сақталған Теректі әулие атты таңғажайып жер бар. Ол жер Жезқазғанның шығысынан 90 шақырым, ал Қарағанды облысының Теректі стансасының солтүстік-батысынан 20 шақырым жерде жатыр.

«Теректі әулие» көне заманның петроглифтері сақталған, сондай-ақ, неолит, энолит, қола дәуірлерінің қолтаңбасы бар, ерте темір дәуірінде бағалы металдарды өндірген орындар мен түрлі қорғандардың ізі қалған киелі мекен.
Ондағы петроглифтердің арасында ең көп кездесетіні аттың суреті. Сонымен қатар, түйе, бұқа, теке, бұғы, жылан, мысық тұқымдас жыртқыш, сондай-ақ, қос ат жегілген арбаның суреттері де бар. Ал түрлі белгілер мен таңбалардың, геометриялық фигуралардың көптеп кездесетіндігі бұл жердің ежелгі дәуірде құрбандық шалатын орын болғандығына меңзеп, ерекше назар аударады.


Осы ілкімді тарихи мұра туралы тарихшы-археолог Бекзат Балтабеков былай дейді:

- Петроглифтер - әлем бойынша ең кең тараған археологиялық ескерткіштер болып табылады. Жердің барлық құрлықтарынан түрлі дәуірлерде өмір сүрген ежелгі адамдардың тас бетіне қашап кеткен суреттерін табуға болады.

Болашақ ұрпаққа деген өсиет пен ілім-білімді осындай жолмен қалдырып кету әдісі жазу пайда болғанға дейінгі дәуірлерде үстемдік құрып тұрды деп айтуға болады. Тасқа түрлі оқиғаларға байланысты мифтік және тарихи сюжеттерді және мәтіндерді қашап жазу жекелей алған кейбір елдерде тіпті ХХ ғасырға дейін сақталды. Петроглифтер оқылуы біршама қиындық туғызса да, бабаларымыздың өмірінен сыр шертіп, олардың мифологиясы мен мәдениетін, әлеуметтік үдерісін тануға көмектесетін өте құнды қайнар көз болып саналады.
Азияның осынау бір өңіріндегі петроглифтер оңтүстігіндегі петроглифтерге қарағанда анағұрлым аз зерттеліп келді. Тек өткен ғасырдың 40-ыншы жылдарының ортасында ғана атақты ғалым Әлкей Марғұланның күш салуының арқасында Ортылық Қазақстандағы тарихи жәдігерлер тыңғылықты зерттеле бастады.
Теректі әулиедегі суреттердің көптігі мұнда ең алдымен табиғи апаттардан қорыққан халықтың күнге табынуы, жергілікті «рухтарды» ерекше қастерлеу, сиқырлық рәсімдер жасау сияқты әрекеттерімен түсіндіріледі. Сол кездегі адамдар мен қоршаған ортаның қарым-қатынасы өзара түсіністікте деп байыпталған. Сондықтан олар өздерінің азығы үшін пайдаланған тіршілік иелеріне асқан сыйластықпен қараған. Табиғатқа зиян келтіру Көк Тәңірісінің қаһарына ұшыратады деп түсінген. Осындай түсінік кейінірек түркілер мен моңғолдардың дініне де негіз болып, олар адам баласы табиғат пен қоғамның тепе-теңдігін бұзбай, солармен бірге өмір сүруі керек деп түсінген.
Теректі әулиеде бірінің артында бірі тұрған 12 текенің суреті бейнеленген. Тастың шеті мүжілгендіктен суреттің шет жақтары дұрыс көрінбейді. Текелердің санын күнтізбемен немесе адам баласының бір мүшелімен байланыстыруға болады.
Ал екі бұғының суреті стилдік жағынан осы өңірдегі басқа суреттерден мүлде басқаша, оларда скифтік элементтер кездеседі. Аяғын шабылып қалған сияқты қысқа қылып сызылған жануардың тұмсығы едәуір ұзын, ал мүйіздері ағаштың бұтақтарына ұқсап бейнеленген. Осыған ұқсас суреттер Тыва Республикасындағы Мугур-Саргол тастарынан да табылған.
Теректі әулие жартасында мысық тұқымдас жыртқыштың жалғыз суреті бар. Суреттің салыну шеберлігі үлкен қызығушылық тудырады. Ежелгі суретшінің қиялынан туған жыртқыш жылқы мен мысық тұқымдастардың қосындысынан шыққан. Оратылған жіңішке құйрығы мен үш тұяқты алдыңғы аяқтары образдың мазмұнын ашып тұрғандай. Ал денесінің қалған бөліктері тура жылқының дене бітімімен бірдей қылып салынған. Осыған ұқсас суреттер Алтай мен Моңғолиядағы тастардан да табылғандығын атап өткен жөн.
Сонымен қатар, Теректі әулиеден түсіндіруге келмейтін жұмбақ сурет те табылды. Суреттеп айтар болсақ, онда бір шеңберден екі сызық шығады. Біреуі солтүстікке, екіншісі солтүстік-шығысқа қарай бағытталған. Яғни кәдімгі теледидардың антеннасына ұқсайды. Шеңбердің ортасында қосөркешті түйе бейнеленген, ал сызықтардың ортасында антропоморфтық жануарлар, екі крест, ал суреттің астында адам сызылған. Мұндай суретке ұқсас бейнелер Қазақстанның түрлі аумақтарында кездеседі. Олардың барлығы белгілі бір культтік сюжеттерге негізделген болуы мүмкін деген болжам ғана бар.
Теректі әулиенің ең биік шыңдарының бірінен ұзындығы 2,5 метр, ені 35 см болатын, тік түсетін тегіс сызық табылды. Ол халық арасында «әулие сырғанағы» деген атпен белгілі. Бұл жолақ, бәлкім Құс жолын меңзейді немесе әлдебір салт-дәстүрге байланысты болар.
Жоғарыда айтқанымыздай, Теректі әулиеде ең көп кездесетіні жылқының суреті. Олар барлық суреттердің 90 пайызы деп айтуға болады. Көшпенділердің өмірі жылқымен тығыз байланысты болды. Атқа қонған көшпенділер отырықшылардың зәресін алып, өз үстемдігін жүргізетін.
Сондықтан да көшпенділердің діни-мифологиялық наным-сенімінде бұл жануарға ерекше құрмет көрсетіледі. Қазақтың төрт түлігінің ішінде Қамбар ата тұқымы ең негізгі орында болды.
Теректі әулиедегі іздер көптеген мифтер мен аңыздарға арқау болды. Солардың бірі, яғни ХІ ғасырдағы атақты ғалым әл-Бирунидан қалған деректер бойынша, тастағы іздер Әзірет Әли мен оның тұлпары - Дүлдүлдің іздері көрінеді.
Ал тағы бір аттың тұяғының іздері қалған жерді халық арасында «Періштенің ізі» деп атайды. Сол жердің топырағын ел баласының жастығының астына салған. Сондай-ақ, жас нәрестені шомылдырғанда да осы жердің топырағынан бір уыс алып, суға араластырады. Халық нанымында ат тұяғы тиген жердің топырағын дәрі ретінде де қолдануға болады. Алайда ол ат асқан жүйрік немесе сәйгүлік болуы тиіс.
Қазақстанның көптеген жерлерінде тасқа қашалып сызылған ат тұяғының іздері бар. Олар «тұлпартас» деп аталады. Ә. Марғұланның айтуынша, Сарыарқадағы Беғазы тауларында Манастың тұлпары Аққұланың іздері бар көрінеді.
Теректі әулиенің материалдары өте маңызды әлі терең археологиялық қор құрады. Тасқа қашалған суреттерді зерттеу ежелгі тарихты тану үшін ғана емес, сондай-ақ, қазақ халқының мәдениеті мен рухани байлығын сезіну үшін де қажет.


ҚазАқпарат

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға