Ақынның қажылық сапары
Ақынның соңғы кезде табылған «Елге сәлем!» өлеңін зер салып оқысақ, көптеген мәліметтерге қанығамыз.
Адамзат келер, келер – жүзге келер,
Пендені үйде өлсе де түзде көмер.
Құдая, иманымды саламат қыл,
Ағайын қайда бізді іздеп келер?!
Шығып ек біз Меккені бетке тұтып,
Барады мына кесел әлімді ұтып.
Асылым іште қайнап кетіп барам,
Ағайын кідірмеңдер мені күтіп.
Үш жүздің халқы болсын тегіс аман,
Төтелеп келген кесел түрі жаман.
Тұрғанбай, елге менен сәлем жеткіз,
Алланың аманатын тапсырайын,
Қажылық қабыл болар өлсем маған.
Қаратау есік алды ерттеулі атым,
Ішіме жазылып ед барлық хатым.
Сәлем де ағайынға Құлыншақтан,
Есіңде болып жүрер менің атым.
Құлыншақ ортасында жүрген кезде
Тыңдап ед барша халқым салған әнін.
Теңіздің мен ішпедім суын татып,
Бұл кесел келді қайдан Құдай атып?!
Қу жалғыз ағайынға енді аманат,
Қайтейін бір көре алмай қалдым жатып...
Жамаяқ, елге енді сен аман бар,
Бұл жалған енді болар біздерге тар.
Қаратау басыңнан бақ арылмап ед,
Көруге енді сені боламын зар.
Ағайын, қош-есен бол, барлығыңыз,
Сіздерге соңғы сөзім осы болар!
Бұл өлеңнен бұрынғы зерттеушілер жазып жүргендей, ақын қайтар жолда емес, барар жолда, кеме үстінде қайтыс болған сияқты. Бұл болжамға ақынның «Шығып ек біз Меккені бетке тұтып, Барады мына кесел әлімді ұтып» деген өз өлеңі жауап беріп тұр.
Ақын өмірін зерттеуде көптеген кісілермен кездестік. Солардың бірнешеуі Құлыншақтың қажылыққа екі рет барғанын айтқан болатын. Десек те, ақынның «Алланың аманатын тапсырайын, Қажылық қабыл болар өлсем маған» деген екі жол өлеңі бұл деректі теріске шығарып отыр. Егер ақын осының алдында Меккеге барып, қажы атанып келсе, бұл өлеңі басқаша жазылар еді деп ойлаймыз.
Біздің тарапымыздан тағы бір болжам. Ғалымдар тарапынан философиялық өлең деп жоғары бағасын алған «Дүние – ол бір көлдің қасқалдағы» атты өлеңі Мекке сапарында кеме үстінде жазылғандай. Бұлай деуімізге себеп, ақынның басқа бірде-бір өлеңінде кездеспейтін «Кеменің баспалдағы» деген теңеу. Біріншіден, теңіз, мұхиттан шалғай жатқан Созақта кеменің болуы мүмкін емес нәрсе. Екіншіден, бұл өлең ақынның ауырып, дүние-жалғанды жанымен сезініп, сәби шағынан сол кезге дейінгі өмірін киноның лентасындай көз алдынан өткізіп отырып жазғандай.
Осы «Елге сәлем!» өлеңінің бірінші шумағы әртүрлі жазылып келеді. Мысалы, Омар Байымбетовтың айтуымен жазып алған Р.Бердібаевтің нұсқасы: «Өсиетім», «Ордабасы» Оңтүстік шығармашылығық бірлестігі. 1991 ж. 50 бетте.
Бұл адам көп жасаса жүзге келер,
Бәрібір үйде өлсең де, түзге көмер.
Қайыр-қош, аман боп тұр, қайран елім,
Ағайын енді қайда бізге келер.
Отырарлық Шерияздан Шорабековтің «Қазақ әдебиеті» газетіне жариялаған Ә.Оспанұлы құптаған нұсқасы (бұл да сонда 6-бет):
«Адамзат келер, келер – жүзге келер,
Пендені үйде өлсе де түзге көмер.
Құдая, иманымды саламат қыл,
Ағайын қайда бізді іздеп келер?»
Жазушы Есқара Тоқтасынұлының нұсқасы «Мың жылқының үстіндегі түн» (әңгіме) Сызған – Кентау 1976 жыл.
«Бір адам келер, келер – жүзге келер,
Үйде өлсе де апарып түзге көмер.
Осы орыстың қолында өліп кетсем,
Еңіреп қайда халқым іздеп келер!?»
Есіркеп Өмірбеков өз кітабында («Шежірелі өлке», «Ғасыр-Ш» баспасы, Шымкент, 2002 жыл, 194-195 беттер)
Ер жігіт үйде де өлер, түзде де өлер,
Көп жасаса ер жігіт жүзге келер.
Пәнденің маңдайына жазуы сол,
Үйде өлгенмен апарып түзге көмер.
Өздеріңіз көріп отырғандай, Ш.Шорабековтің нұсқасынан басқалары қарабайырлау, әлсіздеу екені білініп-ақ тұр. Сондықтан біз осы нұсқаны қуаттадық.
Алмас Ақылбек,
ҚР Журналистер одағының мүшесі
ҚАЗЫНАЛЫ ОҢТҮСТІК: ҚҰЛЫНШАҚ КЕМЕЛҰЛЫ. ШЫҒАРМАЛАРЫ. – Алматы: 2013