Құлыншақ ақын шығармаларынан бүгінгі ұрпаққа келіп жеткен дүниелер
Рысқұл қария Ә.Оспанұлы, Р.Бердібаевтармен танысып, хат алысып тұрады. Ақынның кейінгі жарияланған шығармаларының дені осы кісінің жинақтауымен жарыққа шықты. Сөзіміз жалаң болмас үшін ғалым Ә.Оспанұлының 19 сәуір, 1988 жылы облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетіне жарияланған «Құлыншақ ақын» атты мақаласынан үзінді келтіре кетсек:
«Былтырғы жылдың ақыры мен биылғы жылдың басына дейін айтулы Құлыншақ ақын шығармаларынан бүгінгі ұрпаққа келіп жеткен дүниелер шамасының тым қораштығы көңіл құлазытатын. «Бес ғасыр жырлайды», «ХІХ ғасырдағы қазақ поэзиясы» (1983 ж.) жинақтарындағы бар-жоғы жетпіс шақты жыр жолдарынан, әзірге жарияланбаған Майлықожамен екі жүз жиырма жол мөлшеріндегі өткір де өрелі айтысынан басқа ел арасынан Құлыншақтікі дейтін шығарма шыға қоймаған-ды.
Ақын шығармашылығын отыз жылдан бермен қарай зерттеп келе жатқан жайым болса да, ол кісіге тән дүниелердің табыла қоюынан үміт те үзе бастаған секілді едім. Сөйтсем, оным бекер екен. Былтыр күзде Қызылқұм ауданының орталығы – Шәуілдір тұрғыны Абдулла Жұмашевқа Созақ ауданынан жіберілген дүниелер үміт жібін қайта жалғағандай болды. Соғыс және еңбек ардагері, Ырысқұл Ырысжанов ақынның үш бірдей шығармасын жолдаған екен. Таяуда, үстіміздегі 1988 жылдың 25 январында маған келіп тиген хатынан тағы да екі қысқа өлең шықты.
Осылардың ішіндегі ең соқталысы – революцияға дейінгі қазақ ақындарының бәріне дерлік тән тақырыпта – адам жасының кезеңді-кезеңді кездерін әңгімелей отырып толғайтын тәсілде жырлаған «Дүние – ол бір көлдің қасқалдағы» атты философиялық лирикасы.
Ақын мұнда халқымыздың басқа сөз зергерлерінің аузына түспеген, яғни мынау жарық дүниені қасқалдақ секілді киелі құсқа теңеуі мен ерекшеленеді. Ал, қалған шығармаларының көпшілігі – «Мазақ қылма, Көлбайым», «Әркім әуес қылады қолда жоқты», «Ар, ұяты бар кісі», «Алпыс бір жанның атасы» өлеңдері ақынның өзімізге бұрыннан белгілі қырларының – уытты сықақшылдығы мен терең ойлылығының жаңа бір куәлігіндей көрінеді».
Құлыншақ мұраларының жарыққа шығуына мұрындық болғаныма бүгінге дейін қуанамын. 1988 жылға дейін 70 шақты ғана жыр жолы белгілі болса, қазір баспа бетін көрген ақын шығармалары 1500 жолдан асып кетті. Міне, осы мәселелер менің де басқа зерттеушілер секілді ақынның өмірі мен шығармашылық мұрасына деген қызығушылығымды оятқан еді. Мені алдымен толғандырғаны ақынның өмірі туралы деректер болатын.
Алмас Ақылбек,
ҚР Журналистер одағының мүшесі
ҚАЗЫНАЛЫ ОҢТҮСТІК: ҚҰЛЫНШАҚ КЕМЕЛҰЛЫ. ШЫҒАРМАЛАРЫ. – Алматы: 2013