Ақынның отбасы жөнінде айтар болсақ...
Осы жинақта топтастырылған ғалымдардың шығармаларында ақын туындылары бірсыпыра талданатын болғандықтан, қайталауға ұрынбас үшін ежіктей бермеуді жөн көрдік. Тек бір ғана тілегіміз – кемел ақынның өмір жолы мұнан былай да зерттеу объектісіне айналса, белгісіз шығармалары іздестіріліп, жұртшылық игілігіне жаратылып жатса, құба-құп болар еді.
Ақынның отбасы жөнінде айтар болсақ, Құлыншақтың екі әйелі, екі ұлы, үш қызы болған. Үлкен ұлы Ысқақ та әке жолын қуып, ақындықты таңдады. Ысқақтың өлеңді суырып салып айтуға қабілеттілігін аңғарған соң әкесі оны жиын-тойларда қасына ертіп жүріп баулыған. Өкінішке қарай қағазға түспегендіктен, Ысқақ Құлыншақұлының да көп өлеңдері ұмыт болған. Тек Қадиша қызбен айтысы ғана айтыс туралы жинақтарда жарияланған. Ысқақ туралы Қазақ совет энциклопедиясында айтылған мәліметтерді және оның Қадишамен айтысын осы жинаққа қоса бергенді жөн көрдік.
Құлыншақтың кенже ұлы Исахан 1986 жылы қайтыс болды. Ақыннан тараған әулеттің басым көпшілігі күні бүгінге дейін Созақ ауданының аумағында өмір сүріп жатыр. Құлыншақ 1911 жылы Меккеге қажылыққа барып, содан қайтып келе жатқанда ауырып, жол үстінде көз жұмады. Оның сүйегінің қайсы жерге қойылғанын анықтап ешкім айта алмайды. Қасындағы серіктері «Елге сәлем» деген бір ауыз өлеңін ғана айтып келіпті.
Ер жігіт үйде де өлер, түзде де өлер,
Көп жасаса ер жігіт жүзге келер.
Пәнденің маңдайына жазуы сол,
Үйде өлгенмен апарып түзге көмер. (1-нұсқа)
Осы сәлемнің өзін әркім әртүрлі етіп айтады. Кейбіреулер аяғына қосымша сөз жалғайды. Бұл арада бір ескерте кететін жәйт – ақынның кейбір өлеңдерінің ел арасында әртүрлі нұсқада айтылатыны. Ауыз әдебиетінде мұндай жағдайлардың жиі кездесетінін ескере отырып, осы жинақты құрастыру барысында да ақынның кейбір өлеңдерінің ел арасында айтылуына қарай, екі немесе үш нұсқасын қатар беріп отырғанымызды еске сала кеткіміз келеді. Сол сияқты ақынның кейбір өлеңдерінің, ол жөнінде жазылған толғаулардың (Мысалы, Есіркеп Өмірбеков пен Сұлтанбек Аққожаевтың ақынға арнаған толғаулары – О.Ж.) толық нұсқасы табылмағандықтан, шығарма соңына көп нүкте қою арқылы берілгенін айтқан жөн. Келешекте олардың толық нұсқасы табылар деп үміттенеміз.
Құлыншақ ауыз әдебиетінің от тілді, орақ ауызды алыбы болған. Суырыпсалма ақындығымен атағы Қазақстанның көп жерінде жайылған. Өзінің ақындық ерекшелігімен ел ауызына ерте ілігіп, жиын, той және де басқа басқосуларда өнер сайысына түскен. Ертеде көп ақындардың өлеңдері баспаларда жарық көрмей, бірте-бірте ұмыт болып кеткен. Құлыншақ мұрасы да осындай халге душар болды.
ҚАЗЫНАЛЫ ОҢТҮСТІК: ҚҰЛЫНШАҚ КЕМЕЛҰЛЫ. ШЫҒАРМАЛАРЫ. – Алматы: 2013