Жаңалықтар

Құлыншақ жөнінде, оның шығармашылығы төңірегінде әдеби ортада айтылып келеді

Қадірлі оқушы! Қолдарыңыздағы кітап, суырыпсалма ақындық өнерімен, табанда тауып айтар мазмұнды уәж, мағыналы сөздерімен өзі өмір сүрген ортада, замандастары арасында кеңінен танымал болған, қазақ ауыз әдебиетінің көрнекті өкілі Құлыншақ Кемелұлының өмірі мен шығармашылығына талдау жасауға, оның әр кезеңде, әр жинақта шашырап жүрген туындыларының, ол туралы ғалымдар әр кезде ортаға салған ой-пікірлердің басын біріктіруге деген және облыс жұртшылығына ұсынылып отырған Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің үлкен мақсатты бағдарламасы, кейінгі ғылыми ұмтылыстың жемісі. Әрине Құлыншақ жөнінде, оның шығармашылығы төңірегінде әдеби ортада айтылып келеді. Бұл ретте әдебиетші-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Әсілхан Оспанұлының ақын шығармашылығын зерттеудегі тыңғылықты еңбегін атап көрсеткен жөн. Уақытында Оңтүстік өлкесінің, Қаратау өңірі ақындарының шығармаларын ұзақ жылдар зерттеген ғалым, Құлыншақ Кемелұлының өлеңдерін ел аузынан жинап, олардың баспасөз бетінде жарық көруіне едәуір еңбек сіңірді. Ақынның «Өсиет» деген кітабы аталған ғалымның тікелей басшылығымен өмірге келген. Бұдан басқа, Құлыншақ ақынға жиі-жиі мақалалар арнап, оның өнерін өндірте жазғандардың бірі – Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, филология ғылымының докторы, профессор  Рахманқұл Бердібай. Біздің құрастыруымызбен жарық көрген Құлыншақтың «Дүние – ол бір көлдің қасқалдағы» аталған еңбегімізге де ғылыми бағыт сілтеп, жол көрсеткен-ді. Осы кітапты баспаға әзірлеу барысында да Құлыншақ ақын жөнінде ұзақ жылдардан бері жиналып, ғалым мұрағатында сақталып қалған  материалдардың зор пайдасы тигенін айта кеткеніміз орынды. Құлыншақ Кемелұлы туралы мәліметтердің молыға түсуіне ақын өмір сүрген ортаның да едәуір көмегі тиді. Атап айтқанда, Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданындағы «Жартытөбе» ауылында тұрған ақсақал Рысқұл Рысжанов ақынның өмірдеректерінен мәліметтер жинауда, белгісіз болып келген өлеңдерін жарыққа шығаруда ұзақ жылдардан бері жалықпай еңбек етіп, кезінде бірталай шаруа тындырды. Соның нәтижесінде ақынның бет-бейнесі сомдала түсті. Сол сияқты ақын шығармашылығын насихаттауда аталған ауданның құрметті азаматы, соғыс және еңбек ардагері, артына аудан тарихының шежіресі іспеттес мол мұра қалдырған Есіркеп Өмірбековтің де сіңірген еңбегі мол. ҚАЗЫНАЛЫ ОҢТҮСТІК: ҚҰЛЫНШАҚ КЕМЕЛҰЛЫ. ШЫҒАРМАЛАРЫ. – Алматы: 2013
15.07.2013 04:57 4732

Қадірлі оқушы! Қолдарыңыздағы кітап, суырыпсалма ақындық өнерімен, табанда тауып айтар мазмұнды уәж, мағыналы сөздерімен өзі өмір сүрген ортада, замандастары арасында кеңінен танымал болған, қазақ ауыз әдебиетінің көрнекті өкілі Құлыншақ Кемелұлының өмірі мен шығармашылығына талдау жасауға, оның әр кезеңде, әр жинақта шашырап жүрген туындыларының, ол туралы ғалымдар әр кезде ортаға салған ой-пікірлердің басын біріктіруге деген және облыс жұртшылығына ұсынылып отырған Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің үлкен мақсатты бағдарламасы, кейінгі ғылыми ұмтылыстың жемісі.

Әрине Құлыншақ жөнінде, оның шығармашылығы төңірегінде әдеби ортада айтылып келеді. Бұл ретте әдебиетші-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Әсілхан Оспанұлының ақын шығармашылығын зерттеудегі тыңғылықты еңбегін атап көрсеткен жөн. Уақытында Оңтүстік өлкесінің, Қаратау өңірі ақындарының шығармаларын ұзақ жылдар зерттеген ғалым, Құлыншақ Кемелұлының өлеңдерін ел аузынан жинап, олардың баспасөз бетінде жарық көруіне едәуір еңбек сіңірді. Ақынның «Өсиет» деген кітабы аталған ғалымның тікелей басшылығымен өмірге келген.

Бұдан басқа, Құлыншақ ақынға жиі-жиі мақалалар арнап, оның өнерін өндірте жазғандардың бірі – Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, филология ғылымының докторы, профессор  Рахманқұл Бердібай. Біздің құрастыруымызбен жарық көрген Құлыншақтың «Дүние – ол бір көлдің қасқалдағы» аталған еңбегімізге де ғылыми бағыт сілтеп, жол көрсеткен-ді. Осы кітапты баспаға әзірлеу барысында да Құлыншақ ақын жөнінде ұзақ жылдардан бері жиналып, ғалым мұрағатында сақталып қалған  материалдардың зор пайдасы тигенін айта кеткеніміз орынды.

Құлыншақ Кемелұлы туралы мәліметтердің молыға түсуіне ақын өмір сүрген ортаның да едәуір көмегі тиді. Атап айтқанда, Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданындағы «Жартытөбе» ауылында тұрған ақсақал Рысқұл Рысжанов ақынның өмірдеректерінен мәліметтер жинауда, белгісіз болып келген өлеңдерін жарыққа шығаруда ұзақ жылдардан бері жалықпай еңбек етіп, кезінде бірталай шаруа тындырды. Соның нәтижесінде ақынның бет-бейнесі сомдала түсті.

Сол сияқты ақын шығармашылығын насихаттауда аталған ауданның құрметті азаматы, соғыс және еңбек ардагері, артына аудан тарихының шежіресі іспеттес мол мұра қалдырған Есіркеп Өмірбековтің де сіңірген еңбегі мол.

ҚАЗЫНАЛЫ ОҢТҮСТІК: ҚҰЛЫНШАҚ КЕМЕЛҰЛЫ. ШЫҒАРМАЛАРЫ. – Алматы: 2013

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға