Ақынның әдеби мұрасы толық жиналып, басылып шықты дей алмаймыз
Жыр жинағында ақынның Шөжемен, Майлықожамен, Қадиша қызбен айтыстары және түрлі жағдайларда, ұрымтал тұстарда табанда айтылып, ел аузына тарап кеткен өлеңдері де беріліпті. Мысалы, ақынның Майлықожаға:
Майлы, Майлы дегенмен май болмадың,
Жұрттан алып жегенмен бай болмадың, – деп сөз тастағанда, оған Майлықожаның:
Сен Құлыншақ болғалы талай болды,
Иә құлын, иә жабағы, тай болмадың, – деп табанда жауап берген сөз қағыстыруының жұрт арасында жүрген екі түрлі нұсқасы қатар беріліпті. Сондай-ақ оңтүстік өңірінде кездесетін үш, не одан да көп ақындар айтысының бір үлгісі ретінде Құлыншақ, Мәделі, Майлықожа үшеуінің сөз жарыстыруы да қызғылықты оқылады.
Орынбек Жолдыбай кітабында және «Қазыналы Оңтүстік» көптомдығында Құлыншақ туралы Р.Бердібайдың, Н.Төреқұловтың, Х.Сүйіншәлиевтің, Ә.Оспанұлының, Ж.Әлмашұлының, М.Шауқарованың зерттеу мақалаларының берілуі ақын тұлғасын жан-жақты тани түсуге септігін тигізері анық. Сондай-ақ Ж.Әлмашұлының, Е.Тоқтасынұлының, Е.Өмірбековтың, С.Аққожаевтың, Қ.Өмірбековтің, Р.Рысжановтың, А.Ақылбектің, О.Молдабайдың әңгіме-өлеңдерінде ақын бейнесінің көркемдік тұрғыдан көрінуін ұсынуы да Құлыншақтың адамдық, ақындық болмысын аша түскен.
Жинақтың соңғы бесінші бөлімінде Құлыншақтың ұлы Ысқақтың өмірбаянымен қысқаша таныстырып, оның Қадиша қызбен айтысы ұсынылыпты. Ақынның өзі өмірден өткенімен артында халқына арнаған маржан сөздері қалды; әке жолын қолға алып, алқалы жиындарда өнерімен топқа түсті; ең бастысы, негізін Құлыншақ салған Қаратау өңірінің ақындық мектебі қалыптасып, қазақ поэзиясының жыр дариясына үлкен арна болып құйылады.
Қ.Кемелұлының жырлары жинақталған кітапты оқып шыққанда, біз байқаған ақынның кейбір сипаттары осындай. Жалпы, Құлыншақ ақын – қазақ поэзиясының құнарлы бір топырағы Қаратау өңірінен шығып, артында тұтас бір әдеби дәстүр, ұлттық сөз өнеріміздің дамуында айтарлықтай із қалдырған аса ірі тұлғалардың бірі. Ақынның әдеби мұрасы толық жиналып, басылып шықты дей алмаймыз. Халық арасына кеңінен тарап кеткен Құлыншақ өлеңдерін ел игілігіне айналдыруда О.Жолдыбай қыруар жұмыстар жасаған. Алдағы уақыттарда да ақын өлеңдерін жинап бастыру, оның көркемдік, идеялық сапаларын саралап, ғылыми тұрғыдан игеру жұмыстары жалғаса бергені лазым.
Сөзімізді Бұдабай ақынның Құлыншақ туралы айтқан мына бір өлеңдерімен аяқтағымыз келеді. Оңтүстікте Майлықожа, Мәделі сияқты мықты ақындардың көптігін айта келіп, Бұдабай:
«Ең озығы Құлыншақ,
Өлең десе ұрыншақ.
Шу асауды тоқтатқан,
Бұғалақты бұрын сап» – деп, Құлыншақтың ақындық қуатын аса жоғары бағалайды. Өмірін өлеңге арнап, халқының қамын жеп, арын арлап, мұңын мұңдап, жауһар жырымен халқының жүрегінен орын алған Құлыншақтай ақынның өлеңдері халқының рухани қажетіне қызмет ете берері анық.
Дандай Ысқақұлы,
филология ғылымдарының докторы, профессор
ҚАЗЫНАЛЫ ОҢТҮСТІК: ҚҰЛЫНШАҚ КЕМЕЛҰЛЫ. ШЫҒАРМАЛАРЫ. – Алматы: 2013