Жаңалықтар

Әдеби дамудың негізгі даңғыл жолы – ұлттық әдеби дәстүр

Әдеби дамудың негізгі даңғыл жолы – ұлттық әдеби дәстүр. Біз күні кешеге дейін осы ақиқатты мойындамай, әдебиетімізді батыстық даму жолына бұрып, қазақ әдебиетіндегі жылт еткен жақсылықтың барлығы да орыс әдебиетінен келген деп, өзеуреп келдік. Жамбылдың Сүйінбайды, Майлықожа мен Құлыншақты, Құлыншақтың Шөжені ұстаз тұтып, олардан ақындық өнердің қыр-сырын көп үйренгендігі, нәтижесінде олардың ойынан шығып, үкілеген үмітті шәкірті ретінде бата алғандығы, сөйтіп қазақтың біртұтас ақындық дәстүрінің жалғасып келгендігі саяси себептермен ұмыт қала берді. Саяси жағынан залалсыз ақындар ғана әдеби дәстүрден үзіп алынып, жеке-дара ұсынылды. Осындай себептермен өткен замандарда жасаған көп ақындарымыз өзіне лайықты бағасын алып, халыққа өз дәрежесінде танылмай келді. Құлыншақ Кемелұлының «Дүние – ол бір көлдің қасқалдағы» (Астана, «Фолиант» баспасы, 2006) және биыл «Қазыналы Оңтүстік» көптомдығы ұсынып отырған «Қ.Кемелұлы. Шығармалары» атты өлеңдер жинағын оқып шыққанда осындай ойлар қоздады. Құлыншақ Қаратау өңірі ақындық мектебінің аса ірі өкілі ретінде аты аталып жүргенімен де, оның поэзиялық мұрасын жинап, бастыру, ғылыми тұрғыдан баға беру, оқырманға таныстыру өз дәрежесінде болып келді деп айта алмаймыз. Оған басты себептер: ақынның халық қамын жырлағандығы. Отаршылдық саясатқа қарсы шыққандығы, діни-ағартушылық бағытта болғандығы, ең бастысы – әділеттілікті жыр еткендігі. Әрине, мұндай ақынның патшашыл отаршылдарға да, кеңесшіл отаршылдарға да ұнай қоймасы анық еді. Құлыншақ – ең алдымен, халықшыл ақын. Сондықтан да ол бір өлеңінде «Халқым үшін шарқ ұрып, алаңдаймын» деп жырлайды. Ақынның өлеңдері көбіне адамдықты, имандылықты уағыздаған дидактикалық сарында келеді. Оның көп өлеңі «Жабыдан айғыр салма жалы бар деп. // Тексіздің қызын алма малы бар деп» - сарындас келеді. Мұндай өлеңдерінен ұлттық таным-түйсік, ата-баба дәстүрін ұлықтаушылық мен мұндалап тұрады. «Әңгімесін естісең, Жаһаннан асқан ғұлама. Қылған ісін байқасаң, Батқандай белден күнәға» – деген жолдарды оқығанда, Абайдың «Бойы бұлғаңы» еске түседі. Жыраулық дәстүр үлгісінде жазылған «Не ғаріп?», «Тәнің де мейман жаныңа...», «Тыңдаушың жаман кездессе», «Бидің әділ болмағы», «Не жақсы?», «Би болмас белін жалпақ буғанменен» сияқты өлеңдері өмірдегі жақсы мен жаманды ажырата білуге үндейді. «Дүние – ол бір көлдің қасқалдағы», «Құлыншақтың термесі», «Жаратылыс туралы» сияқты өлеңдері өмір, өмір сүрудің мәні мен мақсаты, тіршілік туралы терең толғаныстарға толы. Қ.Кемелұлы – елінің есендігін, егемендігін ойлап, жыр төккен күрескер ақын. Ол орыс отаршылдарының озбырлығына ашық қарсы шығады: «Жайлауымды жау алып, Ықтияр кетті-ау күллі елден... Қаптаған хахол симайды, Қазақтан алды қонысты. Қазынаға қарыздар, Халық көбейді борыштар... Қадақ болған кісідей, Ала алмай жүрмін кегімді. Жансыра болған жыландай, Киреңдетті белімді» – деп, кейінгі ұрпақтарды мына заманның беталысы жаман, осылайша кете берсе жаманшылыққа апарып соқтыруы мүмкін екендігімен сақтандырады. Дандай Ысқақұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор ҚАЗЫНАЛЫ ОҢТҮСТІК: ҚҰЛЫНШАҚ КЕМЕЛҰЛЫ. ШЫҒАРМАЛАРЫ. – Алматы: 2013
15.07.2013 04:46 5086

Әдеби дамудың негізгі даңғыл жолы – ұлттық әдеби дәстүр. Біз күні кешеге дейін осы ақиқатты мойындамай, әдебиетімізді батыстық даму жолына бұрып, қазақ әдебиетіндегі жылт еткен жақсылықтың барлығы да орыс әдебиетінен келген деп, өзеуреп келдік. Жамбылдың Сүйінбайды, Майлықожа мен Құлыншақты, Құлыншақтың Шөжені ұстаз тұтып, олардан ақындық өнердің қыр-сырын көп үйренгендігі, нәтижесінде олардың ойынан шығып, үкілеген үмітті шәкірті ретінде бата алғандығы, сөйтіп қазақтың біртұтас ақындық дәстүрінің жалғасып келгендігі саяси себептермен ұмыт қала берді. Саяси жағынан залалсыз ақындар ғана әдеби дәстүрден үзіп алынып, жеке-дара ұсынылды. Осындай себептермен өткен замандарда жасаған көп ақындарымыз өзіне лайықты бағасын алып, халыққа өз дәрежесінде танылмай келді.

Құлыншақ Кемелұлының «Дүние – ол бір көлдің қасқалдағы» (Астана, «Фолиант» баспасы, 2006) және биыл «Қазыналы Оңтүстік» көптомдығы ұсынып отырған «Қ.Кемелұлы. Шығармалары» атты өлеңдер жинағын оқып шыққанда осындай ойлар қоздады. Құлыншақ Қаратау өңірі ақындық мектебінің аса ірі өкілі ретінде аты аталып жүргенімен де, оның поэзиялық мұрасын жинап, бастыру, ғылыми тұрғыдан баға беру, оқырманға таныстыру өз дәрежесінде болып келді деп айта алмаймыз. Оған басты себептер: ақынның халық қамын жырлағандығы. Отаршылдық саясатқа қарсы шыққандығы, діни-ағартушылық бағытта болғандығы, ең бастысы – әділеттілікті жыр еткендігі. Әрине, мұндай ақынның патшашыл отаршылдарға да, кеңесшіл отаршылдарға да ұнай қоймасы анық еді.

Құлыншақ – ең алдымен, халықшыл ақын. Сондықтан да ол бір өлеңінде «Халқым үшін шарқ ұрып, алаңдаймын» деп жырлайды. Ақынның өлеңдері көбіне адамдықты, имандылықты уағыздаған дидактикалық сарында келеді. Оның көп өлеңі «Жабыдан айғыр салма жалы бар деп. // Тексіздің қызын алма малы бар деп» - сарындас келеді. Мұндай өлеңдерінен ұлттық таным-түйсік, ата-баба дәстүрін ұлықтаушылық мен мұндалап тұрады.

«Әңгімесін естісең,

Жаһаннан асқан ғұлама.

Қылған ісін байқасаң,

Батқандай белден күнәға» – деген жолдарды оқығанда, Абайдың «Бойы бұлғаңы» еске түседі. Жыраулық дәстүр үлгісінде жазылған «Не ғаріп?», «Тәнің де мейман жаныңа...», «Тыңдаушың жаман кездессе», «Бидің әділ болмағы», «Не жақсы?», «Би болмас белін жалпақ буғанменен» сияқты өлеңдері өмірдегі жақсы мен жаманды ажырата білуге үндейді. «Дүние – ол бір көлдің қасқалдағы», «Құлыншақтың термесі», «Жаратылыс туралы» сияқты өлеңдері өмір, өмір сүрудің мәні мен мақсаты, тіршілік туралы терең толғаныстарға толы.

Қ.Кемелұлы – елінің есендігін, егемендігін ойлап, жыр төккен күрескер ақын. Ол орыс отаршылдарының озбырлығына ашық қарсы шығады:

«Жайлауымды жау алып,

Ықтияр кетті-ау күллі елден...

Қаптаған хахол симайды,

Қазақтан алды қонысты.

Қазынаға қарыздар,

Халық көбейді борыштар...

Қадақ болған кісідей,

Ала алмай жүрмін кегімді.

Жансыра болған жыландай,

Киреңдетті белімді» – деп, кейінгі ұрпақтарды мына заманның беталысы жаман, осылайша кете берсе жаманшылыққа апарып соқтыруы мүмкін екендігімен сақтандырады.

Дандай Ысқақұлы,

филология ғылымдарының докторы, профессор

ҚАЗЫНАЛЫ ОҢТҮСТІК: ҚҰЛЫНШАҚ КЕМЕЛҰЛЫ. ШЫҒАРМАЛАРЫ. – Алматы: 2013

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға