17 миллионыншы қазақстандық Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келді
Қазақстан халқының саны 2013 жылдың 1 маусымда 17 млн адамнан асты, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі. Бұл ақпаратты бүгiн өткен баспасөз мәслихаты барысында ҚР Статистика агенттiгiнiң төрағасы Әлихан Смайылов жария еткен.
«2013 жылдың 1 маусымда елiмiздегi халық саны 17 млн межеден 10,6 мың адамға асып, 17 010 564 адамға жеттi», - дедi Ә.Смайылов
Баспасөз қызметнiң ақпараттарына сәйкес еліміздің қалалықтар - 9339,2 мың немесе 54,9%, ауылдықтар - 7671,4 мың адамды немесе 45,1%-ды құраған.
«Елдiң 17-миллионыншы тұрғыны мәртебесiн анықтау мақсатында Агенттiк «Халықтың табиғи қозғалысы» дерекқорында, оның iшiнде жалпы республика бойынша туу туралы азаматтық хал актiлерiнiң екiншi данасының негiзiнде қалыптастырылған туу дерекқорында 2013 жылдың 16 мамырында АХАТ органдарында тiркелген нәрестелердiң арасынан аналарының тұрғылықты жерiне, бiлiм деңгейiне мен кәсiп түрiне, сонымен қатар нәрестелердiң жынысы, салмағы мен бойының ұзындығына қарамастан iздеу жұмыстарын жүргiздi», - деп көрсетiлген баспасөз хабарламасында.
Республикамыздың 17-миллионыншы тұрғыны ретiнде 2013 жылдың 15-мамырында Астана уақытымен сағат 23:10-да туған ұл бала анықталды. Сәбидiң салмағы - 3670 граммды, ал бойы 53 сантиметрдi құраған.
«Сәбиге Алтынбек есiмi және Есқара тегi берiлiп, 2013 жылдың 16 мамырында Оңтүстiк Қазақстан облысы, Сайрам аудандық АХАТ органында туу туралы куәлік берілген. Нәрестенiң ата-анасы Сайрам ауданының Таскен ауылының, Тассай селолық округiнде тұрады»,- дедi агенттiк төрағасы.
Диана ҚҰЛМАҒАНБЕТОВА