Жаңалықтар

Тәңір сыйлаған екі ұлы дана

Қазақ ұлтының пешенесіне еншілеген Тәңір сыйлаған екі ұлы дана – бабасы бар. Бірі – әл-Фараби, екіншісі – Абай. Өйткені, әл-Фараби ғалымдығымен ғана ұлы емес, ол көп қырлы ғұлама, әрі өнерпаз, әрі ақын. Ал, біздің заманымызда оған жақын, рухани сабақтас адам бар ма десек, біз алдымен Абайды атар едік. Ұлы адамдар дүниеге мың жылда бір-ақ келеді дегендей, қазақ топырағынан шыққан екі ойшыл данышпанның арасы да мың жыл шамасында екен. Қазір Жер шарында ұлттық тәуелсіздік алған Ел саны екіжүздің төңірегінде аталады. Басқаны айтпағанда, солардың арасында «Шығыстың Аристотелі» немесе «Екінші ұстазы» (бірақ, бұл «екінші» Аристотель деген ұғым емес) бар Қазақ елі ғана дара аталады. Басқалардың өз Абайы бар болар, бірақ, ол қазақтың пешенесіне жазған Абай сияқты әл-Фарабимен рухтас тұлға емес. Рас, бізде осы алып тұлғаларды жеке-жеке тануда едәуір іс атқарылғаны да, ауыз толтыра айтар жетістіктер де аз емес. Егер, осы екі алыптың даралығын айта білсек, олардың рухани сабақтастығын неге зерттемеске?! Екі ұлының арасын жақындастыру, үндестіру халқымыздың мың жылдық рухани, мәдени дүниесін тірілту емес пе?!. Ауызды қу шөппен сүртпейік. Осынау екі ұлы бабаларымыздың рухани сабақтастығына арналған іргелі зерттеу бар. Ол ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында ғұлама Ақжан Машанидің 1994 жылы «Қазақстан» баспасынан шыққан «Әл-Фараби және Абай» зерттеуі. Бірақ… сол монографияның жалпы редакциясын басқарғандықтан ба, А.Машанидің тың бастамасын ғалымдар қауымы даңғылға айналдырып әкетер деген үмітімнің 18 жыл бойы әлі елеңдеуде келе жатқандығынан ба, маған мұны айту қанша ыңғайсыз болса да, мойындамасқа шарам жоқ. Тек, академик Рахманқұл Бердібайдың «ол абайтанудағы ренессанстық бастама» деген бағасынан басқа, «Әл-Фараби және Абай» зерттеуіне пікір айтқан, Абайды танытуда ащы терімді төгудемін деген ғалым ағайындардың бір де бір пікірін кездестірмеппін. Көкейімде жүрген «неге?» деген сұрақ, күні кеше ғана ұлы Абайдың туғанына 167 жылдығы қарсаңында бүкіл ел болып, ұлы ақынды еске алудағы «Абай оқулары» («чтение» деген сөздің калькалық аудармасын «оқылым» десек қайтеді) барысында тіл-әдебиет салаларындағы мүйізі қарағайдай ғалымдар түгелдей «Абайды танытудың әлі қыры көп» дей тұра, біреуінің аузына А.Машанидің «Әл-Фараби және Абай» зерттеуін ауызға да алмағанына таңдандым. Тіптен, абайтанушылардың үлкені- кішілері аталып жатқанда А.Машани есімі ұмыт қалуы қалай, деген пұшаймандық сауалды да туындатты? Бәлкім, бұл А.Машанидің басқа, техника саласының ауылынан болғандығынан болар ма екен? Рас, кәсіби мамандығына сай әр ғалымның зерттеу саласында иемденетін бағыты болады. Мұны ешкім де бекер демейді. Бірақ, адам бойында табиғи талантпен еншіленетін даналық ойды шеттетпейді де. Дәл осындай феномендік қасиет А.Машаниде бар екен. Оған мысалға сол «Әл-Фараби және Абай» монографиясындағы: «Әл-Фараби музыкант, біз оны философ дейміз, Абай философ, оны ақын» дейміз деген қағидалық тұжырымды, яғни, осынау екі алыптың бойындағы қасиетті тап басып, бұрын соңды кім айтып еді?! Енді, мұны әл-Фараби мен Абай бойында біткен даналығының «визиткасы» емес дей аламыз ба, жоқ, әрине. Демек, бұл әл-Фарабидің ұлылық болмысымен Абайдың ақындық даналығының рухани ортақтығының өлшемдік таразысы іспеттес, осы зерттеудің мәніне тоқталып жатпай (Бұл мәселе төңірегінде «Абай әл-Фарабиді білді ме?» деген тақырыпта «Машанинама» зерттеуімде бір тоға тоқталғандықтан «Жұлдыз» №7-9, 2012ж), өзім куә болған А.Машанидің «Әл-Фараби және Абай» тақырыбына бару себебін оқушы зердесіне ұсынуды жөн көрдім. Шамшиден Абдраман, профессор, машанитанушы
11.07.2013 09:46 3757

Қазақ ұлтының пешенесіне еншілеген Тәңір сыйлаған екі ұлы дана – бабасы бар. Бірі – әл-Фараби, екіншісі – Абай. Өйткені, әл-Фараби ғалымдығымен ғана ұлы емес, ол көп қырлы ғұлама, әрі өнерпаз, әрі ақын. Ал, біздің заманымызда оған жақын, рухани сабақтас адам бар ма десек, біз алдымен Абайды атар едік. Ұлы адамдар дүниеге мың жылда бір-ақ келеді дегендей, қазақ топырағынан шыққан екі ойшыл данышпанның арасы да мың жыл шамасында екен.
Қазір Жер шарында ұлттық тәуелсіздік алған Ел саны екіжүздің төңірегінде аталады. Басқаны айтпағанда, солардың арасында «Шығыстың Аристотелі» немесе «Екінші ұстазы» (бірақ, бұл «екінші» Аристотель деген ұғым емес) бар Қазақ елі ғана дара аталады. Басқалардың өз Абайы бар болар, бірақ, ол қазақтың пешенесіне жазған Абай сияқты әл-Фарабимен рухтас тұлға емес.
Рас, бізде осы алып тұлғаларды жеке-жеке тануда едәуір іс атқарылғаны да, ауыз толтыра айтар жетістіктер де аз емес. Егер, осы екі алыптың даралығын айта білсек, олардың рухани сабақтастығын неге зерттемеске?! Екі ұлының арасын жақындастыру, үндестіру халқымыздың мың жылдық рухани, мәдени дүниесін тірілту емес пе?!. Ауызды қу шөппен сүртпейік. Осынау екі ұлы бабаларымыздың рухани сабақтастығына арналған іргелі зерттеу бар. Ол ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында ғұлама Ақжан Машанидің 1994 жылы «Қазақстан» баспасынан шыққан «Әл-Фараби және Абай» зерттеуі. Бірақ… сол монографияның жалпы редакциясын басқарғандықтан ба, А.Машанидің тың бастамасын ғалымдар қауымы даңғылға айналдырып әкетер деген үмітімнің 18 жыл бойы әлі елеңдеуде келе жатқандығынан ба, маған мұны айту қанша ыңғайсыз болса да, мойындамасқа шарам жоқ. Тек, академик Рахманқұл Бердібайдың «ол абайтанудағы ренессанстық бастама» деген бағасынан басқа, «Әл-Фараби және Абай» зерттеуіне пікір айтқан, Абайды танытуда ащы терімді төгудемін деген ғалым ағайындардың бір де бір пікірін кездестірмеппін.
Көкейімде жүрген «неге?» деген сұрақ, күні кеше ғана ұлы Абайдың туғанына 167 жылдығы қарсаңында бүкіл ел болып, ұлы ақынды еске алудағы «Абай оқулары» («чтение» деген сөздің калькалық аудармасын «оқылым» десек қайтеді) барысында тіл-әдебиет салаларындағы мүйізі қарағайдай ғалымдар түгелдей «Абайды танытудың әлі қыры көп» дей тұра, біреуінің аузына А.Машанидің «Әл-Фараби және Абай» зерттеуін ауызға да алмағанына таңдандым. Тіптен, абайтанушылардың үлкені- кішілері аталып жатқанда А.Машани есімі ұмыт қалуы қалай, деген пұшаймандық сауалды да туындатты?
Бәлкім, бұл А.Машанидің басқа, техника саласының ауылынан болғандығынан болар ма екен? Рас, кәсіби мамандығына сай әр ғалымның зерттеу саласында иемденетін бағыты болады. Мұны ешкім де бекер демейді. Бірақ, адам бойында табиғи талантпен еншіленетін даналық ойды шеттетпейді де. Дәл осындай феномендік қасиет А.Машаниде бар екен. Оған мысалға сол «Әл-Фараби және Абай» монографиясындағы: «Әл-Фараби музыкант, біз оны философ дейміз, Абай философ, оны ақын» дейміз деген қағидалық тұжырымды, яғни, осынау екі алыптың бойындағы қасиетті тап басып, бұрын соңды кім айтып еді?! Енді, мұны әл-Фараби мен Абай бойында біткен даналығының «визиткасы» емес дей аламыз ба, жоқ, әрине. Демек, бұл әл-Фарабидің ұлылық болмысымен Абайдың ақындық даналығының рухани ортақтығының өлшемдік таразысы іспеттес, осы зерттеудің мәніне тоқталып жатпай (Бұл мәселе төңірегінде «Абай әл-Фарабиді білді ме?» деген тақырыпта «Машанинама» зерттеуімде бір тоға тоқталғандықтан «Жұлдыз» №7-9, 2012ж), өзім куә болған А.Машанидің «Әл-Фараби және Абай» тақырыбына бару себебін оқушы зердесіне ұсынуды жөн көрдім.

Шамшиден Абдраман,
профессор, машанитанушы

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға