Мазары
Жапалақтың мазары
Жапалақтың баласы Өгізбайы
Денелі,жас болса да үш кез бойы.
Қара күш пен ақылы қатар толып,
Шығып жүрді бір жерден сөз бен ойы.
Шақырған Бертістердің бір асына
Ертіп ап Өгізбайды ол қасына.
«Ел-жұртты бұл да көрсін» деп апарды
Қарамай он бестегі бұл жасына.
Бұл аста болған екен жеке күрес
Бірін-бірі ала алмас теке-тірес.
Түйе балуанға шығатын жігіт болмай
Тұр еді бірде кіріп,шығып бір ес.
«Қамбарда жоқ па еді шығар адам ?»
Дегенде бір жас жігіт деді: «барам».
Ұмтылып Жапалақтың Өгізбайы
Жасады алға қарай бірер қадам.
Жапалақ тұр сиынып бір Аллаға:
«Бере көр тілегімді Хақ Тағала
Бұрыннан аты шыққан балуанмен
Күресу оңай емес жас балаға.
Аруағы Айт бабамның қолдасын,-деп,
Жолыңды бір Құдайым оңдасын,-деп,
Өгізбайым жықса егер ана дәуді
Көтеріп алып кетер жолдасым көп».
Өгізбай «Уа,аруақ!» деп тұра ұмтылып,
Намыстанып,жастығын кетті ұмытып.
Барған бетте көтеріп ап қарсыласын
Алып ұрды «Көр енді,-деп,-құтылып».
Өгізбай жыққанына қуанышты
Қамбарлар құшақтасып,қуанысты.
Тігілген бас бәйгеге үш қараны
Жігіттер үйге айдап,қуаласты.
Жапекең: «Өгізбайға көз тимесін,
Жейдесін кигізіңдер,сал түймесін,-
Деді ол,-жүздік басы Карбышевтің 1)
Көлеңкелеп отырсын көк күймесін».
- Дегенде Карбышев те келіп қапты,
Арқасынан «Молодец» деп ол қақты,
«Әттеген-ай» деп толқып,Жапекеңнің
Көзінен моншақтаған жас көп ақты.
Орыстың сұқтанғанда көзі жаман,
Тілінің таң қалғанда сөзі жаман.
Тілі мен көзін бірдей қадағанда
Тиетін мір оғындай өзі жаман.
Өгізбай кешке қарай қатты ауырды,
Науқасы жанға батқан,тым ауыр-ды.
Жон арқасы қарайып,тіл байланып,
Іздеп жатты әке,аға,бауырды.
Өгізбай көзін жұмды таң біліне
Бергенде әкесінің көзі іліне.
Күзетіп отырғандар абыржысып,
Көрісіп,дауыс қылды бір-біріне.
Жапекең бейіт салдырды Айғыржалда
Қарқаралы баратын айыр жолда.
«Өгізбайға белгі ғып қалдырсам,-деп,-
Тұра алмап ем дәл келген тура ажалға»
-------------------------------------------------------
1) Жүздік басы, орысша сотник, ал Карбышев-Начальник Каркаралинского военного отряда. (Б.Нәсенов)
Қайда екен батырлардың сүйектері
Мың тоғыз жүз елу жеті Июньде.
Жайлаудағы Жуасбектің үйінде
Отырған ғалым адам: «Көрсет,-деді,-
Жапалақтың жатқан жерін,киін де».
Жапалақтың бейітіне бұл ғалымдар
Көбейді «көреміз» деп ағылғандар.
«Музейге қоямыз,-деп,-сүйектерін»,-
Дегенде табылмады бағынғандар.
- Танымайсың. Мен – Әлкей Марғұланмын
Жоғалғанын қазақтың бар қыламын.
Қазақта дәл осындай батыр болған,-
Деп,-әлемге мен ертең жар қыламын.
- Десе де келіспеді ақсақалдар
Демеді «бұл сөзіміз босқа қалар
Жапекеңнің аруағы атады,»-деп,
Қостамады естіген басқа адамдар.
Қазып алып қамырдан сүйектерін
Арнайы машинаға тиеп тегін.
Алып кетті көрсетпей ешбір жанға
Жөндеместен қамырдың жиектерін.
Бұл-батыр Жапалақтың сүйегі еді
Болған ол-өз елінің сүйенері,-
Дегенді естімеген елі-жұрты
Бүгіндер ғалымдарға күйінеді.
** ** ** **
Мұны айтқан Сонияты Мұқанның
Айтып берді әкесінен ұққанын.
Әңгімешіл әкенің қасиетін
Көріп тұрмын баласына жұққанын.
Осындай аты аңызға айналған, өз заманында еліне қамқор, жанашыр,ұйытқы болған,халқына қадірлі,сыртқы елге сыйлы болып дүниеден өткен бабаларымызды еске алып,шамамыз келгенінше оларға құрмет көрсете алсақ,арттағы ұрпаққа аманат етсек ойымыз бен жазу мақсатымыздың артықшылығы болмас деген пікірдеміз.
Қазір жер-жерлерде қаражаты бар қалталы азаматтар бас болып, қалғандары қостап осы жерде өмір сүріп, дүниеден өткен,елдің құрметіне бөленген, артына ісімен,сөзімен ел аузында қалған ата-бабаларына ас беріп,бастарына мазар тұрғызып,кесене салу арқылы оларға құрмет көрсетуді дәстүрге айналдыра бастады.Біз де,Абыралы өңірінің азаматтары, «өлі риза болмай,тірі байымайды» дегендей Жапалақ атамызды еске алып, аруағын риза етсек елдігімізді, азаматтық қасиетімізді танытса керек.Ондай Атымтай жомарт танымал азаматтарымыз бізде де баршылық. Олардың аттарын атап, түстерін түстемей-ақ қоялық.
Болат Тұрысбаев,
зейнеткер, Қазақстан Республикасы ағарту ісінің үздігі.
Семей қаласына қарасты Абыралы ауылы.