Ұрпақтары мен айтқандары
Жапалақ батырдың өз кіндігінен Ошаған, Өгізбай, Ханбатыр. Ханбатырдан-Шиаяқ, Әбеу, Қасқа, Жұмаділ, Тәттібай. Шиаяқтан-Жуасбек, Ырысбек. Әбеуден-Уақас, Қасымбек, Қажыбек, Төлеубек. Қасымбектен - ГауҺарбек, Қуатбек. Қасқадан-Қоқай (-Амантай), Жанақас (-Түсіпбек, Несіпбек, Елубек (-Бақытжан). Жұмаділден – - Келісбек - Мәдет... Тәттібайдан-Төртен. Әбеудің Уақасынан-Базарбек, Ақшабек... Шиаяқтың Жуасбегінен – Наушан атты неменесі Қарағанды қаласында тұрады, зейнеткер, қырық жылға жуық мұғалім болып істеген, жолдасы Жұмаштың Несіпбайымен бірге балалы-шағалы, іргелі отбасы. Ал Ырысбектен де бесінші ұрпағы болып келетін жалғыз қыз-Оян Қарқаралы ауданының Қасым Аманжолов атындағы ауылда, жолдасы Қонысбаев Болатпен екеуі оншақты баланы тәрбиелеп өсірген адамдар.
(Бұл түзілім С.Тәбәріковтің «Жанақ ақын» кітабынан алынды)
Сонымен, мен Абыралы өңірінің тумасы,бір кездегі ағарту ісімен айналысқан, бұл күндері зейнеткер өз жеріміздің тарихына қатысты естіген-білген әңгімелерді келер ұрпаққа қалдыруды ойлап,Жапалақ батыр туралы ел аузынан естіген,жоғарыда айтқандай жекелеген жергілікті жазушыларымыздың үзік-үзік мәліметтерін өлең етіп отырмын:
Жапалақ Қошқарұлы
Жапалақ туралы мен сұрастырдым
Жазылған кітаптардан қарастырдым.
Басқаға қарабайыр болғанымен
Өзімше өлең етіп құрастырдым.
Арғынның бір бұтағы Қаракесек
Ішінде Қамбар ата тұрған кесек.
Тарайтын осы атадан Жапалақты
Табамыз шежіреден қарай берсек.
Өмірзақ,Сатыпалды,Алдаберген
Айт бабаға осындай бала берген.
Алланың бергеніне тәубә қылып,
«Байлығым –осылармен алда» деген.
Сатыбалды баласы-Қошқар,Теке
Тағы бір ұл бар екен аты-Серке.
Аттарын мал басына ұйқастырып,
«Бастасын,-деп,-ел-жұртын,болмай ерке».
Қошқардан туады екен ұл Жапалақ
Айт бабасын жүріпті ол аталап.
Ел ісіне ертерек араласып,
Қамбар батыр тегіне өзін балап.
Жапалақ заманында болған батыр
Ол туралы әркімдер жазып жатыр.
Мұрағаттан Нәсеннің Болатбегі
Тапқан дерек бұл күні іске татыр.
Жапекең би де болған,болған болыс
Көпшіліктен кезінде алған алғыс.
Алдына келген істі әділ шешіп,
Халқына қиянаттан болған алыс.
Янушкевичтің Жапалақпен кездесуі
Поляктің күрескері Янушкевич
Жоқ шығар ол болмаған ауыл-кеніш.
Жолыққан игі жақсы қазақтарым
Деді оған: «Әнді тыңдап,асымды іш».
Жазыпты ол күнделік қып көргендерін,
Сал-сері,жыршы,шешен ергендерін.
Қазақтың мырзаларын-жайсаңдарын
Сипаттап баға беріп келгендерін.
Көргенде Янушкевич Жапалақты
Күмістей ақ сақалды,сұс қабақты.
Қартайып қалса дағы жасы келіп,
Тисе біреу ұрысты бастамақты.
Айтты оған Жапалақтың жасындағы
Үзеңгілес батырларын қасындағы.
Көкшетауда өткізген Құнанбайдың
Беделін Өскенбайдың асындағы.
Баяндады барғанын сары оязға
Қарамай сақылдаған сары аязға.
Қатып жатқан бұлақтың мұзын ойып,
Дәрет ап,жығылғанын таң намазға.
Ояздың кіріп барып кеңсесіне:
«Оязың қайсың еді»- демесін бе ?
Кедейдің балаларын әскерге алып,
Байлардан пара алып жегесің бе ?»
-Дегенде орыс ояз кетті шошып,
Жасауыл қаруы бар қалды сасып.
Қаншама адам болса да кеңсесінде
Шығуын Жапалақтың тұрды тосып.
-«Қазақ енді жер қазуға бармайды,
Кедейлерді әскерге енді алмайды.
- Деп сендірді сары ояз Жапалақты
- Ауылға енді салық салмайды».
Қатуланса түйіледі оның қабағы
Екі көзін қас пен қабақ жабады.
Мұз боп қатқан мұрты менен сақалын
Дойыр қамшы сабыменен қағады.
Тоғыз қабат сауыты тоқсан келі
Алла қолдап,оңынан соқса желі
Қол шоқпарын,найзасын қолына алып,
«Қарсы келген жауымды соқсам»-деді.
Құлынның жалындай түк арқасында
Үйірілген екі орай бар басында.
Екі кісі мінсе де иығына
Көтеріп жүре берген ол жасында.
Қаржастың Шорманының Мұсасымен
Кездесіп,деді оған: «Тұстасым ең,
Танымасаң-Қамбармын,Жапалақпын
Аға сұлтан болсаң да ұстасам мен».
- Деген соң Мұса оған сәлем берген
Бір күн жүріп онымен қасына ерген.
Сөз қадірін білетін ол да дана
Баянтаудың бауырында дәмін берген.
... Жазыпты Янушкевич күнделігін
Ақ қағазға түсіріп көргендерін.
Арқаның небір жайсаң мырзасынан
Естігенін,олардың не дегенін.