Жазушыға құрмет көрсетті
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Жезқазған қаласы, Ұлытау ауданының құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағы Баубек Бұлқышев атындағы сыйлығының иегері, ҚР мәдениет қайраткері Апбаз Қаражігітовке жерлестері «Қалам ұшындағы құдірет» атты кездесу ұйымдастырып, құрмет көрсетті.
Әдебиет пен журналистика саласында өзіндік қолтаңбасы бар, қарымды қаламгер, бүгінде 90 жастың төріне озған жазушы Апбаз Қаражігітовті ұлықтау ісін Арқаның Атымтайы атанған кәсіпкер, қалалық мәслихаттың депутаты Бекзат Алтынбеков ұйымдастырды. Кездесу кеші жазушының шығармашылық еңбек жолы бейнебаянмен өрілді. Бизнес және көлік колледжінің «Шабыт» әдеби-мәдени бірлестігінің жеткшісі Мәдина Байкенова жазушының тырнақалды туындысы «Сарысу» өлеңі мен «Абыздар биігі» романына дейінгі шығармашылық жолын әсерлі жеткізді. Колледж оқушылары Дарын Тәшенов пен Абай Бағшай Апбаз Қаражігітовтің өлеңдерін оқыды. 90 жастың биігіне шыққан ақсақалды мерейтойымен құттықтаған меценат Бекзат Алтынбеков ардагер жазушының иығына қазақы дәстүрмен шапан жауып, «мынау астыңызға мінген атыңыз» деп қолына қомақты қаржылай сый ұсынды.
Апбаз Қаражігітовтың есімі облыстық, республикалық басылымдардан жиі ұшырасатын, оның қаламынан туған салиқалы мақала, очерктер мен көркем туындыларымен жақсы таныс. Жазушы шығармалары өзі туған өлке шежіресін жасауға, оның жасампаз еңбек адамдарын кестелеуге, әлеуметтік өмірде болып жатқан кесек-кесек өмір көріністерін көркем тіл, жанды бейнелер арқылы беруге арналған. Жазушының «Ақмоншақ», «Шақпақ», «Әке дауысы», «Абыздар биігі», «Майқоңыр» кітаптары оқырман қауымның көңілінен шыға білген туындылар.
Baq.kz