Өскеменде бір мезетте 200 бала сүндеттелді
Өскеменде қасиетті Рамазан айы қарсаңында бір мезетте 200-ден аса бала сүндеттелді. Шара бір жағы қайырымдылық мақсатында жасалған. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларын өңірдің орталық мешіті тегін сүндеттеп берді.
Науқанға қатысайық деп жиналған жамағаттың қарасы қалың. Мешітте ине шаншар жер жоқ. Біркелкі «сүндетжейде» киген 200-ден аса баланың ересектері қобалжығандарын білдірмесе, кішілері көз жастарын көл қылды.
Жаппай сүндеттеу шарасына қатысуға ниет білдіргендер Өскеменнен ғана емес, өңірдің әр түкпірінен ағылған. Солардың бірі Зайсаннан келген Мүбәрәк Балғабаев. Немересі Ілиясты «жігіт боласың» деп қайрап отыр.
Мүбәрәк Балғабаев, Зайсан қаласының тұрғыны:
- Мына касиетті мешітімізде, мына немеремнің сүндеттелгелі отырғанына мен сонша жерден келдім. Осындай қуанышқа ортақтасайын деп. Немеремді, баламды құттықтауға осы жерге келіп тұрмын.
Бұл шараны өткізуге мешіттегілер сүндетшіні Шымкенттен арнайы шақыртыпты. Мұратбек Сексенбаев операцияның мұндай түрін жасаумен 10 жыл болды айналысады екен. Тәжірибелі маман өзімен бірге коагулятор деп аталатын құралын ала келген. Ұшында платина металлы бар аппараттың ерекшілігі сол - қан шығармай кеседі.
Нұрлан Асанов, ШҚО мешітінің бас имамы:
- Бұл екінің бірі жасайтын дүние емес. Бұған білікті маман болу керек. Рұқсаты болу керек. Пайғамбарымыздың айтуы бойынша сүннет жолымен жүру керек екендігі және бұл дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен де балаларды сүндетке отырғызу оның денсаулығына пайдалы екендігі дәлелденген.
Жалпы, елімізде сүндет жасау ақылы. Басы 10, арты 70 мың теңгеге дейін жетеді екен. Мешітке келгендер үшін бұл күні сүндеттеу тегін жүрді. Ал алдағы уақытта Алла үйінде тұрақты сүндетшінің жұмыс істеп тұруын қолға аламыз деп отыр мешіт әкімшілігі.
ktk.kz