Ұлы мақсат және оның құрбандары
Шәкәрiм бас болып, қозғалысқа қатысушылар түгелiмен (алаш қайраткерлерi iшiнде коммунистiк террордан тiрi қалған екi қазақ қана: бiрi – Мұхтар Әуезов, бiрi – Әлiмхан Ермеков деседi) азаттық пен ұлттық мүдде жолының құрбандары болды. Кәне, мұндай ұлтжандылық пен елшiлдiктiң екiншi бiр мысалы әлем тарихынан табыла қояр ма екен?
Кеңес өкiметi 1920 жылдың күзiнде "Алашорда үкiметiнiң бұрынғы жақтастары қудалауға жатпайды" деп қаулы алған болатын. Алайда, 1922 жылдың желтоқсан айында Бүкiлодақтық Саяси Бас басқарма (ГПУ) құрылды. Келесi жылы ол Айрықша Саяси Бас басқарма (ОГПУ) болып өзгертiлiп, оған сот қызметiнiң жанжақты құқығы берiлдi. Яғни, жазалаушы орган дүниеге келдi.
***
1909 жылы Абай кiтабымен қоса Мiржақып Дулатовтың "Оян, қазақ!" атты поэмасының жарық көруi қызық. Мұнда, сiрә да, символикалық мән бар, өйткенi, бұл сол кездерде қазақ даласын кезiп жүрген идея болатын. Мәселен, екi жыл кейiнде Шәкәрiм:
"Мен жетелеп өлемiн,
Өрге қарай қазақты.
Өлсем де ойын бөлемiн,
Сөзбен салып азапты", –
десе, Сұлтанмахмұт бұл идеяны: "Қараңғы қазақ көгiне, Өрмелеп шығып Күн болам!" деп жастық жалынмен шалқыта қуаттайды.
Ояну мен бiрiгудiң алғышартының бiрi – баспасөз дедiк. Бұл ретте көркем әдебиеттiң де, ғылыми-танымдық кiтаптардың да көптеп басыла бастағаны белгiлi. Мысалға Шәкәрiмнiң төрт кiтабын атасақ та жеткiлiктi. Әсiресе, қазақтың тұңғыш қоғамдық-саяси басылымдары – "Айқап" журналы (1911) мен "Қазақ" газетi (1913) жарық көруi жаңа заманның жарқын нышандары болды.
Газет, журнал басылды,
Сөйтiп, өткен ғасырдың бiрiншi ширегi тарихымызға "ояну дәуiрi" ретiнде алтын әрiппен жазылса, оның себебi, өнер мен ғылым, мәдениет пен прогреске ұмтылыс шын мәнiнде ұлт тарихының ең қажеттi, ең шешушi факторына айналды. Алаш қозғалысын тудырған тарихи хәл осы деймiз.
Бұл орайда қадап айтар бiр жәйт, барша алаш арыстары түскен өнер, ғылым, – бiр сөзбен айтқанда Батыс мәдениетiнiң жолы ұлы Абайдың салған жолы, сiлтеген бағыты болатын. Сол сияқты алаштықтар да мәдени-ағартушылық бағыттан ауытқыған емес, олар тәуелсiздiктiң әуелгi шарты мәдениет жағынан өзге елдердi қуып жету деген идеяға нық табан тiредi. Мұның дәлелi – алаш көсемдерi 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерiлiсiне көз жұмып қойып кеткен жоқ, үнемi сабырға шақырумен болды. Өйткенi, отарлық тепкiден түбегейлi құтылу – жаңағы бастапқы шарт орындалған соң ғана мүмкiн болатын келесi саты екенiн жақсы бiлдi. Мәдени қозғалысты көктей өткен осы идея, өз бiлуiмiзше, алаштықтардың дүниеге Абайдың көзiмен қарағандығының мәндi белгiсi. "Алаш көсемдерi Абайдан үйрендi, ұстаз тұтты" деген мәселеге әлi ораламыз.
Большевиктер сендiргендей, гәп тап қайшылығында емес, ұлттар мәселесiнде
Большевиктер "жер – шаруаларға!", "Өкiмет – кеңеске!", "бейбiтшiлiк – халыққа!" дегенге саятын жалаң ұрандарымен қалың бұқараны, сондай-ақ "әрбiр ұлтқа – тәуелсiздiк!" деген жалған уәдемен ұлт зиялыларының үлкен бөлiгiн өздерiне қаратып алғаны тарихтан мәлiм.
1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің негізгі себебі патшалық Ресейдің ұлттық және әлеуметтік езгісінің шектен шығуы еді. Қанаушылық пен тонаушылық, ең сорақысы, қазақ жерін жаппай иемдене бастаған басқыншылық қазақтарға шегінерге жер қалдырмады. Дәл сол кезде еңбекке қабілетті ер-азаматтардың барлығын қара жұмысқа алу туралы шешім тұтанғалы тұрған отқа май құйғанмен бірдей болды.
Қысқасы, монархияның, Николай патшаның түбiне жеткен ұлт мәселесi, оны шешуге асықпаған Уақытша үкiметке де соның кебiн кидiрдi. Жер жердегi ұлт зиялыларына тарихтың берген мүмкiндiгiн уыстан шығармай, ауқымды iстерге батыл кiрiсуден өзге жол қалған жоқ. Қазақстанда Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов бастаған алаш көсемдерi Ақпан төңкерiсi әкелген саяси бостандықты ұлттық мүддеге пәрмендi пайдаланғаны баршаға аян. Ұлы мақсаттың тұңғышы – Алаш Орда үкiметi дүниеге келдi.
Әуелгi аяқ алысы көңiлдегiдей болған Алаш автономиясы тез арада алынбас қамалға тiрелдi. Ол қамал Кеңес өкiметi едi. Бұл турасында 1918 жылғы №15 санында алашордашылардың газетi "Сарыарқа" былай деп күйiне жазды: "Қай болыс, қай қала болсын, большевик өкiметi алмаған жер қалған жоқ. Советтен совет шығып, жергiлiктi мекемелердiң бәрiн төңкердi, иледi, биледi". Осылайша империяның барлық аймақтарында қос өкiмет қатар жүрдi, Шәкәрiмнiң сөзiнше "орнықпаған қалқыма" жағдай туды.
Әдiлi керек, алаш көсемдерi толық дербестiк туралы бос қиялға малданған емес.
"Жөн көрсеттiм қазақ деген намысқа,
Жол сiлтедiм жақын емес, алысқа".
Бұл арада Ахаңның (Ахмет Байтұрсынов) "алысқа" дегенiн "толық тәуелсiздiк" деп ұғуға болатын шығар. Әлемдiк отарлау бұғауының бырт-бырт үзiлгенi – өткен ғасырдың 50– жылдарының ортасы ғана. Оған дейiн бiр я бiрнеше елдiң отарлау жүйесiнен сытылып шығуы еш мүмкiн емес-тi. Сондықтан объективтi шындықты, тарихи хәлдi жақсы бiлген алаш арыстары әзiрге жақын мақсатты, Ресей құрамында автономиялық ел болуды қанағат тұтты, Алаш үкiметiнiң ресми құжаттарында тек "Алаш автономиясы" деген тiркес қана бар.
Мәскеудегi Орталық билiктiң көп нәрсеге көзiн ашқан осы Алаш автономиясы деуге керек. 1920 жылы Ресей құрамындағы Қазақ автономиясы, яғни Қазақ АССР-ының құрылуы оның тiкелей жалғасы. Яғни, бұл фактiге коммунистердiң әдiлдiгi, рақымшылығы деп емес, төгiлген қан мен тердiң ақысы деп қараған жөн. Рас, 1936 жылдан он бес республика iшiнде Қазақстан да "жеке мемлекет" деген статус алып, Қазақ ССР-ы аталды. Сөйтiп, тәуелсiздiкке қарай тағы бiр сатыладық. Әрине, бұл бiр жағынан, большевиктердiң алдарқатуы, билiктiң құжат бойынша жасаған "саяси ойыны" да болды, өйткенi, iс жүзiнде баяғы автономия статусы пәлендей өзгерген емес.
Бiз осыған дейiн, мұны өздерiңiз де байқап отырсыздар, Алаш қозғалысы тууының сыртқы себептерiне, яғни, тарихи, саяси һәм әлеуметтiк жағдаяттарға қысқаша шолу жасадық. Ал, ендi ояну дәуiрiнiң, қазақ қозғалысының iшкi себептерi, рухани-идеялық негiздерi қайсы? Осыған келейiк.
* * *
Қазақстан аумағында ХХ ғасырдың бiрiншi ширегiнде өткен ояну дәуiрi қалай, қандай идеядан тұтанған екен? Екiншi түрде айтқанда, оған түрткi ұшқын-себептердiң ең түпкiсi кәне? Ол ұшқын – Абай идеясы, Абай рухы екенi кәмiл.
Дәлел-дәйектер алайық. 1913 жылдан Орынборда шығып тұрған "Қазақ" газетiнiң маңына шоғырланған барша қазақ зиялылары Абайды ұлы ұстазымыз деп бiрауыздан мойындаған едi. Бұл құбылысқа алғаш назар аударып, алаш қайраткерлерi Абайды "рухани атасы" қылып алды деген сөздiң иесi – өз заманының өзгерiстерiн қалт еткiзбей қадағалап, жылнамасына тiркемелеген Сәбит Мұқанов болатын. Екiншi адам, Мұхтар Әуезовтiң адал досы болған Смағұл Садуақасов 1928 жылы Мәскеу қаласында басылып шыққан "Молодой Казахстан" (рассказы современных писателей Казахстана) кiтабына жазған алғы сөзiнде Ахмет, Мiржақып, Мағжандарды Абай шәкiрттерi деп атап айтқан болатын. Смағұлдай сұңғыла азамат бiлмедi, бұрыс айтты деуге ешбiр негiз жоқ. Әлихан, Ахмет, Мiржақып үшеуi де Абай мұрасын алғаш қолжазба дәптерден оқып, танысқан, таныса отырып ғажаптанғаны өз сөздерiнен аян. Ең бастысы, олар Абай мұрасын өле-өлгенше сүйiп оқып, қалың жұртшылыққа насихаттаумен өттi. Осы мақсатта 1918 жылы Жүсiпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезовтiң "Абай" журналын шығаруды қолға алуы алдыңғы толқынмен ақылдаса, кеңесе отырып, шешiлген шаруа сияқтанады.
Данышпан Конфуций Қытай қоғамының дамуына қандай ықпал етсе, қазақ үшiн Абай тап сондай ұстаз хакiм. Абай өзiнiң шығармаларын жазғанда әлдекiмдер маған елiктеп өлең немесе басқадай туындылар жазса демеген, мұраты – қазақтың өмiрi мен мiнезiн түзеу, жеке адам бақытына, бүкiл қоғамға жол табу болғаны хақ. Қала бердi пендеге фәни өмiрдiң сырын ашу, ұғындыру. Өлеңдерiнде де, қарасөздерiнде де ақын осы мақсаттарын нықтап отырады.
Сонымен, Алаш мәдени-саяси қозғалысының Абай рухымен молынан суарылғандығын, ал кеңестiк дәуiрде Абай мұрасы ұлтты рухани тұтастырған құдiрет болғандығын хал-қадiрiмiз жеткенше сөз еттiк. Кешегi тарихи асулардың бүгiнгi бiздерге беретiн басты сабағының бiрi осы деп тұжырамыз.
Сұлтанмахмұт:
"Алаш туының астында
Куә болсын арымыз!
Көркейтуге Алашты
Құрбандық бiздiң жанымыз!", –
деуiмен жырға қосады.
Асан ОМАРОВ, философия ғылымдарының кандидаты.