Генерал Черняевті қудырған Датқа немесе Майлықожа ақынның толғаныстары
Бақтияр СМАНОВ,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың профессоры, педагогика ғылымдарының докторы
Жақында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті «Абайтану» ғылыми-оқу және «Қазығұрт» ғылыми-зерттеу орталықтарының директоры, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Саттар Өмірзақовтан электронды хат алдым. Ғалым ініміз әдебиетіміз үшін елеулі оқиға, үлкен жаңалық болып табылатын рухани мұраларды – Майлықожа ақынның әлі жарық көрмеген, осы күнге дейін белгісіз болып келген оншақты өлеңін салып жіберіпті.
«Қазақтың ХІХ ғасырдағы атақты ақындарының бірі – Майлықожа Сұлтанқожаұлы. Майлының бүкіл әдеби мұрасын жинастыра, жариялай жүріп, еңбектерінің басылым көруіне, танылуына ерен еңбек еткен марқұм әдебиетші-ғалым ағамыз – Әсілхан Оспанұлы болатын. Бірақ, Майлы ақынның әлі де танылмаған, жарияланбаған мұралары бар екен. Оны біз өткен ғасырдың қырқыншы жылдарына дейін жинастырып, жазып алып, аса құнды халықтық мұраларды немересі – белгілі фольклор жинаушысы Қысыраубек Амантаевқа тастап кеткен Шаяндық ұстаз Әбді Амантайұлы ақсақалдың қолжазба деректерінен тауып отырмыз. Ақынның ХІХ ғасырдағы қазақтардың тұрмыс-тіршілігінен хабар беретін түрлі жағдайда шығарылған белгісіз өлеңдерін Сізге жіберіп отырмын», – дейді Саттар мырза. Міне, азамат! Халқымыздың «Ай ортақ, күн ортақ, жақсы ортақ» дегені осы болса керек. Бұл – ел руханияты үшін үлкен жаңалық.
Зерделі зерттеуші жіберген жаңа табылған жәдігерліктерден «Даңқымыз еш ұлыңнан кішкене емес», «Ысты Жұмабай датқа және қоңырат Сапақ датқаның Көлбай, Иманберді атты балаларына айтқаны», «Ырысбайға», «Майлықожаның қайтыс боларында айтқаны», «Тұрлыбек датқаның қазасына көңіл айтуы», «Майлықожаның беташары», «Не жүйрік өтті дүниеден» (толық нұсқасы), «Молда Қошық датқаның асында айтқаны», «Қошық датқаның баласы Нарбекті жоқтау» атты көлемді жыр-толғаулары қамтылыпты. Бұлардың ішінде біздің назарымызды ерекше аударғаны Молда Қошыққа байланысты ақынның жыр-толғаулары еді.
Бұрында да Молда Қошық датқа мен Майлы ақынның арасындағы жақсы қарым-қатынас, адами сыйластық жайлы әйгілі шайырдың бірқатар арнауларын, жырларын, толғауларын кездестірген болатынбыз. Бұған жыр дүлдүлінің Молда Қошық және оның ұрпақтарына байланысты шығарған «Алладан пайғамбарға келген аят», «Қараның өтті хандары», «Датқалардың Петірбор барғаны», «Құйрығын айдаһардың қайдан бастың?», «Қолыма қағазбенен алдым қалам» атты т.б. өлеңдері дәлел. Зер сала қараған көзі қарақты жанға ақын өз шығармаларында кейіпкерлері жайлы айта отырып, тұтас бір дәуірдің, сол кезеңдегі өмір шындығының беймәлім тұстарынан хабардар ететінін байқаймыз.
Орта Азия мен Қазақстанды отарлаушы патшалық Ресейдің қанқұйлы қолбасшы-генералы М.Г.Черняевті қудырған Молда Қошық датқа екенін бүгінде біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Өйткені, ол – көне тарих. Одан бері бір жарым ғасырдан астам уақыт өтті, бес-алты ұрпақ алмасты. Оған көрсетер куә, айтар дәлел – байырғы көне ауыз әдебиеті мұралары, тарихи жырлар, мұрағат деректері, тарихшы ғалымдардың мәліметтері, бүгінгі интернет жазбалары дер едік.
Молда Қошықтың азан шақырып қойған аты – Қожық. Әкесінің аты – Тоқбай болған (Әкесінің Тоқбай деген аты кейде Байтоқ деп жаңылыс беріліп жүр. Оның Тоқбай екенін мұрағат деректері дәлелдейді). Ол жастайында діни білімді алдымен Тәшкендегі «Көкалташ» медресесінде алады. Соңынан Бұхарадағы жетіжылдық «Мір-Араб» медресесін тәмамдайды. Ол мыңбасы, би, аға би, датқа, Ташкент қаласының дәруғасы (басшысы), әскербасы, Қоқан ханының Ресейдегі елшісі қызметтерін атқарған. Сондықтан оны ел ішінде Молда-би, Батырбасы, Ләшкербасы, Датқа деген лақап аттармен атаған.
Қаламгерлер – Момбек Әбдәкімұлының «Естемес би», Мырзахан Ахметтің «Қоғам қасіреті», Бердуәлі Тұрмағамбетовтің «Сері аға» роман, повестеріндегі мәліметтерге, сондай-ақ кейбір мұрағат деректеріне қарағанда, Молда Қошық 18 жасында – 1814 жылы Қоқан хандығы тарапынан Түркістан өлкесіне датқа болып тағайындалады. Бұл – ханның жай ғана өкілі емес, биік мансап иесі. Датқаның ұлан-байтақ елі, қолында жеке мөрі бар, шексіз-шетсіз билігі болды.
Тегінде, «датқа» сөзі парсы тіліндегі тілек, әділдік иесі деген ұғымнан шыққан. Бұл Бұхара, Қоқан хандықтары кезеңінде хандық тарапынан биік лауазым, жоғары атақ ретінде берілген. Ол хан билігі тұсында төртінші дәрежелі лауазым болатын. Билерден, аға сұлтандардан жоғары, тек хан әміріне ғана бағынышты басшы қызмет адамы болып есептелді. Қайбір кезеңдерде «датқа» лауазымы ру басыларына, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерді, ислам шариғатын жақсы білетін би-шешендерге, ел арасындағы абыройлы басшы адамдарға да берілді. Онда, олар елдің ішінен хан атына келіп түскен өтініш-тілектерді, арыз-шағымдарды қабылдап, оған ханның берген жауабын жұртшылыққа жеткізіп отырған. Бұхара хандығы тұсында датқа сөзі әскербасы, хакім, хукумдар, генерал, шенеунік, идарашы (кеңсе қызметкері) мағынасында пайдаланылды. Бұл лауазым ел арасындағы қайраткер адамдарға әуелде Бұхара шейхулисламының пәтуасымен де беріліп отырды.
Қазақ қауымы арасынан датқа лауазымына ие болған шымыр Байзақ, Төртбай, жаныс Шойбек, Момынбек, Қасымбек, қаңлы Әкімқұл төре, сиқым Құдайберген, Қасымбек, Батырбек, Қожабек, ысты Шоқай, қоңырат Сапақ, Қоныс, Мұсабек, Тұрлыбек, сіргелі Бекмұрат, Пошан, Кеншім, жағалбайлы Шінет сынды т.б. қандастарымыздың есімдері тарихтан белгілі.
Молда Қошық бала кезінен асқан зейінді, алғыр, сөзі мірдің оғындай өткір әрі шешен болып өседі. Ол жөнінде ел арасында, халық аузында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан терең мағыналы әңгімелер, үлгі етер өнегелі оқиғалар көп. Соның бірі – оның «Қожық» есімінің қалайша «Қошық» атанып кетуі жайлы ел аузындағы әңгіме. Мұның тарихы былай болған еді.
Медресені бітіргенде әр шәкірт емтихан тапсырып, алған білімдерін дәлелдеу үшін Құран-кәрім сүрелерін жатқа айтып, қатысып отырған тыңдарман жұрттың, қазылар алқасының назарына ұсынады. Кезек өзіне келгенде Қожық бала қасиетті «Ясин» сүресін өте бір әуезді үнмен, ерекше мақаммен созып, асықпай дауыстап оқи бастайды.
Медресе ішін баураған әсем әуен, сыршыл сезімге толы сүре аяттары тыңдаушылардың, шәкірттердің, ұстаздардың, ата-аналардың тұла бойын шымырлатып, ерекше күйге бөлейді. Олар Құрани-кәрімнің осыншама таңғажайып әуенге, жан тебірентер әсем сазға айналғанына тәнті болады. Жарты сағатқа созылған қасиетті сүре, қастерлі аяттар мақамы тыңдаушыларының бірін терең ойға батырса, енді біреуінің жан жүрегін тербеп, ерекше ләззатқа бөлейді, тағы бірінің көзіне еріксіз жас ұялатады.Енді бірі тәтті қиялға кеткендей күйде болады. Әйтеуір, барлық тыңдаушылар селт етпей ұйып тыңдайды. Әріптес-шәкірттер де күллі ислам дүниесінің бұрын мән бермеген сырлы әлеміне ой жүгіртеді. Тіпті, қасиетті кітаптың әрбір аят-сүресі ғана емес, оның үтір-нүктелеріне, арабша айтқанда, харакаттарына дейін жақсы білетін хазіреттің өзі де жас талап, шәкірт Қожық баланың сыршыл да әуезді үніне бойы балқып кеткендей кейіпте отырады. Қожық сүрені аяқтай бергенде ұстаз-хазірет бірден:
– Міне, нағыз молла осы жігіт! – деп қалады риза көңілмен.
Сүрені оқып тәмамдаған шәкірт тиләуат-батаны өзіңіз жасаңыз дегендей хазіретке иек қағып, ишара білдіргенде, хазірет-ұстаз:
− Иншалла, Молда Қошық балам, батаны өзің жаса! – дейді көтеріңкі дауыспен.
Шамасы, нәсілі өзбек болуы керек, ұстаз шәкіртінің «Қожық» деген есімін «Қошық» деп өзгертіп айтты. Міне, сол күннен бастап Қожық бала «Молда Қошық» атанып кетеді. Сонан медресе тәлабасы (шәкірті) Қожық бала өзінің атын бас ұстазы – хазіреттің жаңсақ айтқанына әуел баста ыңғайсыздық білдіргендей болғанмен, сыр бермей, оған назар аудара қоймай, үлкен адамдарша қол жайып бата береді. Сондағы бала-шәкірт Молда Қошықтың: «Ағузу билләһи минәш шайтани раджим, Бисмиләһи рахмани рахим… Я, Алла! Тилауатүл құран, салауатүл иман», − деп алақан жайып берген батасы мынадай еді:
Оқыған дұға қабыл боп,
Алламызға жеткейсің.
Дұғамнан келген бар сауап,
Мұхаммедке нұр сепкейсің.
Алланы бір деп таныған,
Тәңірге дара табынған,
Барша мұсылманға дарысын.
Алақан жайған қауымға,
Нұры жаусын иемнің.
Молда Қошық атанып,
Еріп кетті сүйегім.
Осы ат маған бақ болсын,
Қарсы шапқандар жоқ болсын.
Мұсылман даңқы дүрілдеп,
Естіген халқым шат болсын.
Уа, тәңірім, жаратқан,
Батамды осы қабыл ет,
Хазіретім әр кез жастарға,
Ілім шырағын жағып өт.
Екі дүниемізді абат ет,
Жүрегімізді жалын ет.
Аллаға басты иейік,
Халықты әр кез сүйейік.
Қызмет етейік ел үшін,
Жолымызды жарық ет.
Әумин, Аллаһу әкбар!
Шәкірт баланың берген осы батасының өзінен болашақ қайсар қайраткердің, үлкен ұйымдастырушы-әскербасының, саңлақ сардардың, сарабдал саясаткер елшінің, беделді бидің, шашасына шаң жұқтырмайтын дүлдүл шешеннің қарым-қабілетін, талант-тағылымын, биік ақыл-парасатын танимыз. Оның сөз қадірін өз қадіріндей бағалап, суырып салма ақындық өнерге де мән бергенін байқаймыз. Мұны Молда Қошықтың ХІХ ғасырда өмір сүрген Түркістан уәлаятындағы игі ниетті жақсы-жайсаңдармен, туған елінің тұтқасын ұстаған тарихи тұлғалармен ара қатынасы жақсы, сыйластығы жоғары, абырой-беделі биік болғанынан да көреміз. Айталық, Майлықожа ақын әйгілі датқа өмірден озғаннан кейін шығарған «Қараның өтті хандары» атты өлеңінде:
Молда Қошық датқа еді,
Шанышқылының бастығы.
Қырық сан барақ Тәшкеннің,
Жау болып келмей шамасы.
Атын айтса қазақтың
Айбынушы еді қаласы,
Молда Қошық өтіпті,
Бұл дүниеден кетіпті,
Абақтыда деп есіттім,
Бір қайратты баласы, – деп оны қарадан шыққан хан ретінде аса жоғары бағалайды.
Қоқан билігі тұсындағы қазақ халқының өмірін кеңінен баян еткен шымкенттік қаламгер Момбек Әбдәкімұлының «Естемес би» атты романында Молда Қошық датқаның жанқиярлық ерлігі, асқан көрегендігі, қайсар қайраткерлігі, аса талантты әскербасылығы, жан-жақты ғұлама дарындылығы суреттеледі. Мұны Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Қирабаев «Егемен Қазақстан» газетінің 2009 жылғы 9 қаңтарында жариялаған «Естемес би» атты мақаласында ерекше атайды.
Келтірілген деректер Молда Қошық датқаның беймәлім тұлғасын тани түсудегі алғашқы мағлұматтар деуге боларлық еді. Бұл есім әр жерде аталып жүргенімен, осы күнге дейін жалпақ жұртқа, қалың қауымға әлі де жете белгілі бола қойған жоқ. Жоғарыда аталған романнан датқа туралы, қазақ халқының Қоқан хандығы билігі тұсындағы өмірінен орын алған біраз деректерге, Ферғана, Қоқан мұрағаттарынан табылған мұраларға ден қоюға болады. Шығармадан мұрағат сөрелерінде шаң басып көміліп жатқан, осы күнге дейін көмескі болып келген басқа да бізге таныс ғазиз есімдердің тағдыр-талайы, өмір өткелдері туралы мәліметтерге қанығамыз.
Рас, жоғарыда айтылған мақалада әйгілі әдебиетші ғалым, академик ағамыз айтқандай: «Қоқан хандығының билігі – оңтүстік қазақтарының отаршылдықта кө