Елорда туған күніне пісірілген ерекше тарту
Гиннесс рекордына үміткер - Астананың 15 жылдығына арналып пісірілген торт «Хан Шатыр» сауда орталығында қойылып, оны кесу рәсімі өтті.
Мерекелік тортты Президент Нұрсұлтан Назарбаев кесті.
15 аспаз дайындаған биіктігі жарты метр болатын торт беті Астана жетістіктерімен безендірілген. Бұл торттан 20 мың адам ауыз тие алады. Тәттіні үлкен де, кіші де жақсы көретіні жасырын емес. Әсіресе, мереке кездері оның орны тіптен ерекше. Астана күнінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан алып торт қала тұрғындары мен қонақтарына тарту етіледі.
«Жақсы аспаз дәрігермен тең». Бұл - Зайтуна Байсейітованың пікірі. 30 жылдық тәжірибесі бар шебер ас әзірлеуден Франциядан арнайы дәріс алып келген. Еліміздегі талай мерекенің дәмін кіргізді. Енді Елорданың туған күніне ерекше тарту дайындауда бас аспаз болып бекітілді. «Алып тағамның тартымды дәмі мен қайталанбас композициясы болу керек», дейді.
Зайтуна Байсейітова, аспаз:
Ең бастысы - бұл торт экологиялық жағынан өте таза болады. Адам денсаулығына зиян келтірмеудің барлық жағын қарастырдық. Түні бойы пісіріп, Астананың туған күнінде, таңғы сағат 8-ден бастап үлестіре бастаймыз.
Бұл торттың салмағы - 600 келі болмақ. Оған 120 келі - ұн, 350 келі - қант, 60 келі - сары май, 120 келі - қаймақ, 30 келі - қант ұнтағы қолданылады. Бисквитті тәтті тағамның дизайны да өзгеше болмақ. Ол үшін республикадағы ең білікті 15 аспаз бар күш-жігерін жұмсайды.
Айта кетерлігі, елімізде осындай аспаздық туындыға тең келер тағам бұған дейін пісірілмеген. Жалпы, әлемдегі ең үлкен торт алғаш рет 1989 жылы Алабама штатында дайындалған екен. Оның салмағы - 58 тонна. Ал әлемдегі ең жасы үлкен торт - Лондонда. Оның дайындалғанына - 113 жыл. Біздегі торт та бірінші рет пісірілгенімен ерекше болмақ.
Рысгүл Қауғабаева, Астана қалалық Өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары:
Алып тортты пісіру идеясы көктемде келген. Жалпы, мерекеге 70-ке жуық түрлі іс-шаралар өткіземіз. Жобалар өте көп. Олар өте өзгеше болмақ. Сондықтан да, арнайы штаб жұмыс істеп жатыр.
Мерекеге орай, Елордадағы 6 сауда орталығында салмағы 50 келіден асатын торттардың дәмін татуға мүмкіндік бар. Олардың әрқайсысының өзінің атауы мен қайталанбас дәмі болады. Бір ерекшелігі - мемлекетімізде кез-келген мерекелерден қазақ халқының кеңпейілділігін, дархандығын аңғарғандай боласың. Мәселен, осыдан екі жыл бұрын Тәуелсіздік күнінде бас қалада 300 келі ет асылып, одан он мыңдаған адам дәм татқан болатын.
Қазақстан Ұлттық арнасы.