Астанада «Алтын сақа» асық ату ұлттық ойнынан қалалық ашық турнир өтті
Ауа райының жауын-шашынды болғанына қарамастан, «Хан Шатыр» СОО алдындағы алаңда өткен жарысқа жасы бар, жасамысы бар 100-ден астам адам қатысты деп хабарлайды astana.kz сайты.
«Ұлттық ойын екі кезеңде ұйымдастырылды. Бірінші - жергілікті жердегі іріктеу кезеңі де, екінші - қорытынды кезең. Қатысушылар 5 адамнан шағын топқа бөлінеді. Бұлардың әрқайсысында бес мүмкіндік болады», - деп түсіндірді ойын ережесін «Асық ату» Республикалық Федерациясының жауапты хатшысы Ерсайын Нарымбаев.
Іс-шара дәстүрлі түрде 5-жыл өтіп келеді. Биылғы жылы «Алтын сақа» жарысы ғалым-этнограф, жазушы Ақселеу Сейдімбекті еске алуға арналды.
Бірінші орын иесі бас жүлде - 100 мың теңгенің сертификатымен марапатталды. Сонымен қатар, «Асық ату» Республикалық Федерациясы атынан жеңімпаздарға қосымша велосипед сыйға тартылды.
Енді қалалық турнирде жүлделі орын алғандар облыстық деңгейде құрама намысын қорғайтын болады.
Бұл қалалық спорттық іс-шараны ұйымдастырушылар - Астана қаласы Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасы мен «Асық ату» Республикалық Федерациясы болып табылады.
Baq.kz