«Бесеудің хатына» 81 жыл
Бүгін қазақ халқының бастан кешіп отырған нәубетін, ұлттық трагедиясын көрсеткен, тоталитарлық жүйені ашық сынап жазған «Бесеудің хатына» 81 жыл толды.
Қазақ зиялылары 1932 жылы 4 шілдеде БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің бірінші хатшысы Ф.И. Голощекинге қазақ халқының бастап кешіп отырған трагедиясы туралы хатын жолдады. Бастапқыда бұл хат И.В. Сталинге арналып жазылған. «Бесеудің хаты» деген атпен тарихта қалған бұл хат республикадағы мал шаруашылығының күйрегендігі салдарынан елді алапат ашаршылық жайлағандығын айтып сақтандырған алғашқы дабылдардың бірі болды. Хатта қазақ ауылындағы кеңестік қайта құрулар бүкілхалықтық қасіретке айналып, барлық әлеуметтік топтарды — байларды, орт ауқатты жандарды, кедейлерді қамтығаны, күштеп ұжымдастыру мен отырықшыландыру, алым-салық жинаудағы қиянаттар жұрттың жаппай аштық пен індетке, ауа көшуіне әкеліп соққандығы баяндалды. БК(б)П Қазақ өлке комитетінің ауыл шаруашылығын басқару жөнінде жүргізген қатыгез саясаты сынға алынды. Бірақ құжатта жергілікті жерлерде жіберілген “асыра сілтеушіліктерге” солшыл коммунистер айыпты деп көрсетілді. Елді ауыр жағдайдан құтқарудың жолдары ұсынылды. Хаттың авторлары — жазушы Ғабит Мүсірепов (1902—1985), Қазақ мемлекеттік баспасының меңгерушісі Мансұр Ғатаулин (1903—1938), Коммунистік жоғары оқу орнының оқу ісі жөніндегі проректоры Емберген Алтынбеков (1904—1954) пен оның орынбасары Мұташ Дәулетқалиев (1904 — 1982), Қазақ АКСР Мемлекеттік жоспарлау комиссиясының сектор бастығы Қадыр Қуанышев (1906 — қайтыс болған жылы белгісіз) қуғынға ұшыратылды. Хаттың жазылуына ХалКом Кеңесінің төрағасы Ораз Исаев түрткі болған. Бесеудің хаты қазақ зиялыларының тоталитарлық тәртіпке наразылығының бір көрінісі болып табылады. Хаттың мәтіні мынадай болатын:
БК(б)П Өлкелiк комитетiне, Голощекин жолдасқа
...«Бүгiнгi Қазақстан – бұл 163 миллион сомның товарлы өнiмiн беретiн, 40 миллион малы бар өлке», – деп жаздыңыз Сiз, Голощекин жолдас, 1930 жылы «Октябрь революциясының жеңiстерi» деген мақалаңызда («Қазақстанның 10 жылдығы» атты жинақ). ...Бiрақ қазiр, Сiздiң мәлiмдемеңiзден кейiн 2 жыл өткен кезде Қазақстанда мал шаруашылығы саласында мал басының қисапсыз кемiп кеткенi әмбеге аян болып отыр: 1930 жылғы мал басының 1/8 бөлiгi (40 миллионнан 5 миллион) ғана қалды. Тек байлар мен кулактардың ғана емес, тек жекеменшiктi орташалар мен кедейлердiң ғана емес, сонымен бiрге, негiзiнен алғанда, колхоздар мен колхозшылардың (iшiнара совхоздардың да) қоғамдастырылған және қоғамдастырылмаған малы да осындай зор шығынға, сұрапыл қырғынға ұшырады...
... Мал басының қисапсыз кемiп кетуi мен көптеген қазақ аудандарын қамтып, адамдардың жаппай қырылуына әкеп соққан ашаршылық (қыстың екiншi жартысынан бастап) жөнiнде әлi күнге дейiн ауыз ашпай отыру қаншалықты дұрыс?.. Нағыз көзбояушылар, көпiрме жоспарлар жасаушылар, оның үстiне өздерiне жүктелген нақты iс басқара алмаған, көзбояушылықпен «бәрi де жақсы» деп тұжырымдап, өнеркәсiп саласындағы жетiстiктерге арқа сүйеген, сөйтiп, осынау елеулi мәселелерге жұртшылық назарын әлсiреткен жер органдары мен ауыл шаруашылығы кооперативтерi одағының мүшелерi неге бүкiл жұртшылық алдында сабақ боларлықтай сазайын тартпайды?
Мүсірепов, Ғатаулин, Дәулетқалиев, Алтынбеков, Қуанышев.
Baq.kz