Дулатұлы Міржақып
Дулатұлы Міржақып – Алаштың көрнекті қайраткері. 1885 жылы 21 қарашада Торғайдың Қызбел жерінде дүниеге келген. Екі жасында анасынан, он екі жасынан әкесінен айырылып, Асқар ағасының қолында өседі. 1897 жылы Торғайдағы екі кластық орыс-қырғыз школына қабылданып, онда бес жыл оқиды. 1904 жылы Омбыда Әлихан Бөкейхан және Ахмет Байтұрсынұлымен танысады. Осы кезден бастап белсенді саяси күреске араласады. Қарқаралы оқиғасынан соң, Ресей орталығында шыңдалуды көздейді. Ресейдегі кадет партиясының мүшесі ретінде 1906 жылы Петерборға аттанады. Осында мұсылман фракциясының және Еділ, Кавказ қайраткерлері ұйымдастырған жиындардың жұмысына қатысады. 1907 жылы Петербордағы татар газеті "Улфаттың" жанынан қосымша тұңғыш ұлттық рухтағы "Серке" газетін шығарады. 1907 жылы Ресей қазақ секілді ұлттарды сайлану хұқынан айырған еді. "Серке" осы мәселенің әділетсіздігін ашық айтамын деп, цензорлар тарапынан жабылды. 1909 жылы Қазанның "Шарқ" баспасынан "Оян, қазақ!" атты кітабы шығады. Замандастары бұл кітабын "ұлттық манифест" деп атады. 1909-1911 жылдары қайраткер Қызылжарда сот кеңесінде қызмет жасап, мұғалімдік жұмысын жалғастырады. 1910 жылы қайраткер-қаламгердің "Бақытсыз Жамал" романы жарық көреді. 1911 жылы Семейге келген сапарында тұтқындап, бір жарым жыл абақтыға жабылады. 1912 жылы Орынборға келіп, саяси күреске белсене араласады. 1913-1918 жылдары "Қазақ" газетін шығарысуға ат салысады. 1917-1918 жылдары Міржақып Алаш қозғалысын жандандырып, Ресей халі ауырлағанда ел тәуелсіздігіне қатысты мәселемен шұғылданды. 1917 жылғы маусым мен желтоқсанда шақырылған жалпықазақ съездерінің жұмысына қатынасты. Кеңес өкіметі орнаған соң біраз уақыт Орынбордағы газет-журналдарда қызмет жасады. 20-жылдардың басында Ташкенттегі "Ақжол" газетінде, Семей сот мекемесінде жұмыс істеді. Қайраткер 1922-1926 жылдары Орынборда 1920 жылы ашылған Қазақ халыққа білім беру институтында (КИНО) ұстаздық етеді. Осыған қосымша Қазақстан мемлекеттік баспасында, “Еңбекшіл қазақта” қызмет атқарады. Екі бөлімді “Есеп құралын”, “Балқия” атты пьесасын, библиографиялық көрсеткішін жарыққа шығарды. Кеңестік тоталитарлық жүйе оны 1928 жылы тұтқындады. 1930 жылы Ақтеңіз-Балтық каналының жұмысына жер аударды. Қайраткер 1935 жылы 5 қазанда Сосновец жерінде дүние салды. Әдебиеттер: 1. Дулатов М. Шығармалары. Алматы, 1992 2. Дулатұлы М. Бес томдық шығармалар жинағы. Алматы, 2002-2004 3. Әбсемет М. Міржақып. Алматы,1995