Жаңалықтар

Әлжанұлы Отыншы

Әлжанұлы Отыншы – Алаш қозғалысының белгілі қайраткері, ағартушы. 1873 жылы Семей облысы Зайсан уезі Нарын болысына қарасты (қазіргі Шығыс Қазақстан обл. Тарбағатай ауд.) №6 ауылда туған. 1887 жылы Зайсандағы орыс-қырғыз училищесін, 1890 жылы Омбының қалалық училищесін, 1894 жылы Омбы мұғалімдер семинариясын үздік бітірген. 1894-1895 жылдары Омбыдағы орыс-қырғыз училищесінің мұғалімі, 1895-1907 жылдары Ақмола округтік сотының аудармашысы, 1907-1909 жылдары Көкпекті қаласындағы орыс-қырғыз училищесінің директоры болып қызмет атқарған. Қайраткер 1897 жылы бірінші бүкілресейлік халық санағына қатысады. 1907 жылдың қазан айында Санкт-Петербург қаласында Ресей халық ағарту министрлігі тарапынан құрылған «Бұратана халықтардың оқу ісі мен мектептері туралы заң жобаларын қайта құру» комиссиясының жұмысына Дала генерал-губернаторына қарасты қазақтардың өкілі ретінде қатысады. Елінің қажетіне жарауды ойлаған азамат «Дала уалаятының газетіне» (Омбы) өңірдегі оқу-ағарту ісінің мәселелерін, халықтың күрделі тіршілігін, орталық пен жергілікті жердің қарым-қатынасын талдап, мақала түрінде жариялап отырды. Осы тараптағы еңбектерінде патшалық режимді сынайтын, оның кері кеткенін ашық айтатын және елді оянуға үгіттейтін ойлар аз кездеспейтін. Мұнда қаламгердің 40-тан аса еңбегі жарық көрді. Оның «Ғылымға қарайтағы бір қадам», «Қазақ балаларын тәрбиелемек тұрғысынан өсиет әңгімелер», «Қазақтарға пайдалы кітаптар», «Қазақтардың медресе ашқандары», «Қырдағы Рамазан айты», «Билардің бітімдері» т.б. мақалалары танымдық жағынан ерекше мәнге ие. Жас қайраткердің саяси әлеуетінен қауіптенген өкімет Дала генерал-губернаторының жарлығымен 1909 жылы оны Жетісу облысының Лепсі қаласына 5 жылға жер аударады. 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін Уақытша үкіметтің Жетісу облысы Лепсі уезі комиссарының орынбасары ретінде жауапты қызмет атқарады. 1917 жылдың 5-13 желтоқсанында Орынбор қаласында өткен екінші жалпықазақ съезінде Алашорда үкіметі – Ұлт Кеңесінің мүшесі болып сайланады. Осы уақытта Жетісу жерінде Халық (Алаш) милициясын құрып, жасақтауға айрықша еңбек сіңіреді. Елге – ақылшы ұстаз, күрескерлерге рухани көсем болған қайраткер 1918 жылы 21 тамызда большевиктермен арадағы кескілескен шайқаста ерлікпен қаза табады. Бұл туралы «Қазақ» газетінде М.Дулатұлы: «Қызықты ғұмырыңың көбі абақтыда, айдауда өтті, бірақ, қымбатты Отыншы, Алаштың көркейгенін көре алмай кеттім деме, сендей ұл туған ел ешкімнен кем болмас» деп жазды. Әдебиет: 1. «Дала уалаятының газеті»: 5 том (даярлаған Ү.Сүбханбердина). Алматы, 1989-1996 2. Кемеңгер Қ. Омбыда оқыған қазақтар. Астана, 2007
27.06.2013 17:10 6144

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға