Аспандиярұлы Санжар
Аспандиярұлы Санжар - көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. 1889 жылы Ташкент қаласында зиялылар отбасында туған. 1907 жылы Ташкент реалдық училищесін, 1912 жылы Санкт-Петербор әскери-медициналық академиясын бітіреді. Осында түрлі ұлттардың азаттыққа тілеуқор қайраткерерімен жолығып, демократиялық, ағарған Ресейдің келешегі туралы ой бөліседі. 1912-1917 жылдары 10-Түркістан полкінің әскери дәрігер қызметінде жүріп Термез, Самарқант, Лович, Варшава қалаларында болады. Яғни ол 1914-1916 жылдары І дүниежүзілік соғысқа қатысқан. 1915 жылы Лодзья маңында неміс тұтқынына түсіп, 1916 жылдың басында келісімге сай босанып шығады. Қайраткер 1917-1918 жылдары Орта Азиядағы саяси серпілістерге белсене араласады. Бұхара мен Самарқанттың жәдидшілдерімен ақылдасып, өңірді жаңартудың жобаларын қарастырады. 1917 жылы қарашада Қоқан қаласында Түркістан автономиясын жариялаған өлке мұсылмандарының төтенше съезі жұмысына қатысады. 1917-1918 жылдары Ташкент қалалық денсаулық бөлімінің санитарлық дәрігері. Түркістанда кеңес өкіметі орнағанда, Аштықпен күрес жөніндегі төтенше комиссияның Сырдария облыстық бөлімшесін басқарады. 1919-1920 жылдары Закаспий майданында кеңестік Түркістан полкінің дәрігері. 1920-1921 жылдары Түркістан автономиялық республикасы Денсаулық сақтау халық комиссары, Егін шаруашылығы халық комиссарының алғаш орынбасары, кейін комиссары, Түркістан ОАК төрағасының орынбасары. 1921-1922 жылдары РКФСР үкіметі мен Ұлт істері халық комиссариаты жанындағы Түркістан ОАК-нің тұрақты өкілі. 1922-1923 жылдары Түркістан автономиялық республикасы Егін шаруашылығы халық комиссарының орынбасары, 1923-1924 жылдары Денсаулық сақтау халық комиссары. 1925-1927 жылдары Бүкілресей ОАК хатшысының орынбасары. 1927 жылы Н.Н.Нариманов атындағы Мәскеу Шығыс халықтарының әтникалық және ұлттық мәдениеті институтының директоры. 1928-1931 жылдары Қазақ мемлекеттік педагогика университетінің (1930 жылдан кейін мәртебесі – институт) тұңғыш директоры. 1930 жылдың соңынан бастап Қазақ медицина институтының директоры. 1931-1933 жылдары Қазақ кеңестік республикасы Денсаулық сақтау халық комиссары. 1933-1937 жылдары КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалы төрағасының орынбасары, 1933 жылдан Халық ағарту комиссарының орынбасары, мұнан кейін Ұлттық мәдениет ғылыми-зерттеу институты тарих бөлімінің меңгерушісі. Қайраткер - «Шатер мира» повесі мен «История Казахстана с древнейших времен», «Қазақ тарихының очеркі» зерттеулерінің авторы. Ол 1937 жылы тамызда ұсталып, 1938 жылы ақпанда нақақ атылған.