Айдархан Тұрлыбайұлы
Тұрлыбайұлы Айдархан – Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері, заңгер. 1877 жылы Ақмола облысы Көкшетау уезі Мезгіл болысында туған. 1897 жылы Омбы гимназиясын тәмамдаған. 1897-1902 жылдары Санкт-Петербор университетінің заң факультетінде оқыған. Дәл осы оқу орындарында онымен бір мезгілде кейін қайраткер, қаламгер болып қалыптасатын Р.Мәрсекұлы да білім алғаны мәлім. Университеттен кейін жас заңгер Омбының заң орындарына қызметке жіберіледі. Адвокат және «присяжный поверенный» болады. Заңгердің қайраткерлігі жөнінде «Қазақ» газеті 1917 жылы былай деп жазды: «Айдархан 1- һәм 2-Гос.Думаға лайық еді...». 1917 жылы 25 сәуір мен 5 мамыр аралығында Омбыда Ақмола облыстық қазақ съезі өткенде, ол осы жиынға төрағалық етеді. Осы жолы әр уезден келген 150 делегат А.Тұрлыбайұлын Ақмола облыстық қазақ комитетінің төрағасы етіп сайлайды. 1917 жылы Алаш партиясы құрылатын І жалпықазақ съезінің де, Алаш автономиясы жарияланатын ІІ жалпықазақ съезінің де ұйымдастыру және өткізу жұмысына белсене қатысады. Ол І съезде Ақмола облысынан Бүкілресейлік құрылтайға және Бүкілресейлік мұсылмандар съезі – Шора-и-Исламға делегат болып белгіленеді. ІІ съезде Алашорда үкіметі – Ұлт кеңесіне Ақмола облысынан мүше болып сайланады. Бір айта кетер жайт, осы съезд үкімет төрағасын сайлағанда, Айдарханның кандидатурасы Ә. Бөкейхан, Б.Құлманұлы кандидатурасымен бірге баламалы негізде ұсынылады. Дауыс нәтижесінде А.Тұрлыбайұлы Әлиханнан кейін екінші орын алады. Большевик пен Алаш ашық күрескен жылдары қайраткер Х.Ғаббасұлы, Б.Мәмбетұлы сынды азаматтармен бірігіп Семейде бір ұлт полкін жасақтауға жәрдемдеседі. 1919 жылы ақпанда Омбы қаласында Колчак үкіметі ішкі істер министрінің орынбасары П.Ф.Коропачинскийдің төрағалық етуімен алдын-ала талданған «Қазақ халқының әкімшілік-шаруашылық құрылымы туралы мәселе» бойынша Ә.Бөкейхан, У.Танашұлымен бірлесіп сындарлы ой айтады. Кеңес өкіметі тұсында ол Омбы қаласының түрлі заң орындарында адвокат, кеңесші, сотжүргізушісі болып қызмет атқарады. Саяси қуғын-сүргін оны жазбай танып, 1934 жылы абақтыға жабады. Мұнда 6 ай азап шегеді. 1937 жылы қайта ұсталып, нақақ ату жазасына кесіледі. РФ Омбы облысы федералдық қауіпсіздік қызметі архивінде «кеңес өкіметіне қарсы саяси-төңкерістік әрекеті үшін» деген жалған айыппен тұтқындалған А.Тұрлыбайұлы мен оның серіктеріне қатысты том-том «істер» сақталған. Осы және басқа да құжаттар негізінде қайраткердің елеулі саяси портретін жасап шығуға болады деп есептейміз.