"Көген тартыс","Тұтқын алу", "Табақ алып қашу ойыны"
Көген тартыс — ұлттық ойын.
Бұл ежелден келе жатқан көне ойындардың бірі. Ертеде оны малшылар ойнайтын болған. Ойынды кең алаңда, дене шынықтыру залдарында өткізуге болады. Ойынға қатынасушылар тепе-тең екі топқа бөлінеді. Араларынан екі топқа ортақ ойын жүргізуші тағайындалады. Ойынға ұзын арқан таңдап алынады. Ортасынан 1—1,5 метрдей ашық орын қалдырылып, арқан әрбір 40—50 см. сайын түйіледі. Ортадан екі топты бөліп тұратын көмбе сызығы сызылады. Әр ойыншы бір-бір түйіншектен ұстап, бір-біріне қарсы қарап тұрады. Ойын басқарушының белгісімен басталады. Ортадағы көмбе сызықтан қай жақтың ойыншысы тартып өткізілсе, сол топ жеңіліп, оны тартып өткізген жақ жеңіске жетеді. Ойын осылай жалғаса береді. Ойын жастарды коллектившілдікке, бірлесіп іс-әрекет жасауға, дене күштерін молықтырып, білектерін сомдай түсуге, шынығуға баулиды.
Көне ойындардың бірі — «Тұтқын алу». Ойынға қатынасушылар тен, екі топқа бөлінеді. Екі жақтан бір-бір ойыншы ортаға шығады да теріс қарап тұрып, қолдарын айқастырып көпір жасайды. Бірінші топтың ойыншылары тізбекке тұрып бір-бірлеп: «Алал-ай, бұлал-ай, солал-ай»,— деп әндетіп көпірдің астынан өте бастайды. Осы кезде екінші топтың ойыншыларын көпірдің түбіне кездестіріп, әрқайсысына көпірден өте бергенде бір-бір тастан немесе бас киімнен ұстатады да, тастың белгіленген атын айтуды өтінеді. Ондағы тастың аты жаңагы өздері айтып келе жатқан әуені: «алал-ай, бұлал-ай, солал-айдың» біреуі. Егер тастың атын айтса, онда көпірден өтіп келе береді, ал таба алмаса, ойын жүргізуші оның көзін байлап, қолға түскен тұтқын ретінде қарсыластар тобына жібереді. Осылай бірінші топ көпірдің астынан өтіп болғаннан кейін, қолға түскен тұтқындар топ арасында өнер көрсетеді. Ойын қайталанған кезде көпірдің астынан екінші топ өтеді де, тұтқындарды бірінші топ ұстайды.
Табақ алып қашу ойыны — өте ертеден келе жатқан көне ойындардың бірі. Бұл ойын ат үстінде ойналатын болған. Ойын негізі өмір шындығынан туған. Үлкен тойларда немесе атақты кісілердің асында халық көп жиналып, көп үй тігілген. Сол жиылған көп халықты тамақтандыру, ас беріп күту қажеттігі туған. Ол үшін сандаған мал сойылып, тай қазандар көтеріліп, ет асылған. Сол тамақты басаяғы ат шаптырым ұлан-ғайыр жұртқа, жаяу тасып жеткізу мүмкін болмаған. Сондықтан етті үйді үйге (киіз үйлерге) салт атты жігіттер жеткізіп беріп тұрған. Ал шауып келе жатқан аттың үстінде, қолына табақ толы ет көтеріп, оны төкпей-шашпай, апаратын жеріне дұрыстап жеткізіп берудің өзі де үлкен өнер. Осыны дұрыс орындап шығу үшін, той болардан көп бұрын, той, не ас беретін елдің азаматтары әзірлік ретінде табақ алып қашу ойынын ойлап тауып, жаттығу ретінде ойнайтын болған. Келе-келе ол жалпы халықтық ойынға айналған. Ойынға қатынасушылардың санына шек қойылмайды. Салт аттылар алаңға жиылып, араларынан біреуін табақ алып қашушы етіп тағайындайды. Ол табаққа салынған затты алып қашады. Қуып жеткен ойыншы одан табақты алып өзі бұрын белгілеген жерге жеткізуге тырысады. Табақты белгілеген жерге кім бұрын жеткізсе, сол жеңіске жетеді. Табаңты бермес үшін бұлтарма шабу сияқты түрлі амал-айла қолданылады. Табақ қолдан-қолға ауысады. Бірақ табаққа салынған зат түспеуі керек. Ол әлденеше қайталанып ойналады.