"Шүлдік", "Кім жылдам?"
Тақыр алаңда ойналатын жас өспірімдер ойынының бірі — «Шүлдік» ойыны. Ойынға екі басы үшкірленген ұзындығы бір қарыс шүлдік (ағаш) керек. «Шүлдікті» ойнау үшін үлкен шеңбер сызылады, ортасына шүлдік қойылатын шұңқыр қазылады, шүлдік шұңқырдың ішіне емес, үстінде жатуы керек. Әр ойыншының қолында ұзындығы бір метрдей таяғы болуы керек. Ойынға қатынасушылардың санына шек қойылмайды. Ойнаушылардың санына қарай екі топқа бөлінеді.
Бірінші болып кезек алған топтың ойыншысы «шүлдікті» қолындағы таяғымен жерден көтеріп алып, жерге түсірмей соғады да, таяғын шеңбердің үстіне тастайды. Ал екінші болып кезек алған ойыншы шүлдікті түскен жерінен алып, қайтадан соққан ойыншының таяғын көздеп, шеңберге қарай лақтырады. Лақтырған кезде таяққа тигізсе, я болмаса, шеңбердің ішіне түсірсе, онда соғушы ойыншы ойыннан шығып қалады. Шүлдікті бірінші болып жерден көтеріп, жерге түсірмей соққан кезде ойыншы тигізе алмаса, ол да ойыннан шығып қалады. Ал лақтырған ойыншы не таяққа тигізе алмай не болмаса дөңгелек сызықтың ішіне түсіре алмаса, онда бірінші ойыншы енді «шүлдікті» шекіп соғады, әр соққанда үш реттен соғады. Сөйтіп, «шүлдік» қай жерге барып түссе, сол жерден дөңгелек сызыққа дейінгі қашықтықты таяғымен өлшеп шығады да, екінші ойыншыға ұпай мөлшерін белгілейді. Бірінші ойыншы әлгі себептермен ойыннан шытып қалса, онда екінші ойыншы соғушы болады, ол шығып қалса, үшінші ойыншы соғушы болады. Ойын осылайша барлық ойыншы ойнап болғанша, жалғаса береді.
Ойынның шарты бойынша шекіген кезде «шүлдікке» тимей, таяғы жер қауып қалса, ұпайы күйіп кетеді. Шүлдікті екінші рет шекіген ойыншы, оны қолымен ұстап қойса, онда да оның ұпайы күйіп кетеді. Сондықтан «шүлдікті» тек үшінші рет шекігеннен кейін ғана ұстауға болады.
«Шүлдік» ойыны ойнаушылардың қолдарының бұлшық етін жетілдіріп, жылдамдыққа үйретеді, «Шүлдікті» сызықтың үстіне түсіруге ұмтылу арқылы көз мөлшері, дәлділік пен мергендіктері жетіледі.
Ежелгі ойындардың бірі — Кім жылдам?. Ойын аулада, спорт залында, класс комнаталарында ойнала береді. Ойыншылар ойынға екі-екіден қатынасады. Ортаға шыққан екі оқушы бір-біріне арқасын беріп, екі жаққа қарап тұрады. Аяқтарының арасын иықтарының деңгейімен бірдей етіп ұстайды. Сонан соң ойын жүргізуші екеуінің аяғының арасына ұзыннан-ұзақ белбеу тастайды да «бір, екі, үш» деп санайды. «Үш дегенде кім еңкейіп белбеуді бұрын алса, соның жеңгені. Бұл адамның өз денесін еркін меңгеріп, тез қимылдауының нәтижесінде жүзеге асады. Ойынға басқа ойыншылар шығады. Ойын жалғаса береді. Екінші кезекте әр жұптың жеңімпаздарымен арадағы жарыс болады. Ең соңында жеңген екі ойыншы қалады. Сол екеуінің қайсысы жеңіп шықса, сол жеңімпаз атанады.