"Аударыспақ", "Жүрелей секіру"
Аударыспақ — спортшыдан үлкен ептілікті, күштілікті, төзімділік пен батылдықты талап ететін ұлттық спорттың бір түрі (екі салт атты бір-бірін аттан аударып алуға тырысады).
Аударыспаққа тәртіп бойынша ат үстіндегі айқасты жақсы меңгерген, тиянақты дайындығы бар спортшылар ғана қатынаса алады. Ал дайындығы жеткіліксіз, тәжірибесі аз спортшылар үшін бұл өте қиын. Сондықтан қазіргі тәртіп бойынша сайысқа 18 жасқа толғандар ғана қатынастырылады. Сайысқа қатынасушылар үш салмақтық категорияға бөлінеді. Аударыспақ салмақтық категорияға бөлінеді. Аударыспаққа салмақтың категорияны енгізудің мақсаты — қатынасушыларға неғұрлым теңдік жағдай туғызу. Оны спорттың сайыстың бір түріне айналдыру үшін бір-біріне тең келетін салмақтық категорияны көбейту дүрыс. Бұл категорияға бөлу соңғы кезде қалыптасты. Ертеде кез келген тілек білдіруші өз еркімен қатынаса беретін болған. Амал қанша, спорттық жарыстарда сол үш категорияның өзі де көбіне әлі де сақтала бермейді. Спорттың бұл түрінің дамуымен бірге, сөз жоқ оның салмақтық категориясы да көбейе, кеңейе беретіні күмәнсіз.
Ойында аты белді, жарамды, өзі мықты, атқа отырысы мығым, білікті жігіттер жеңіп шығады. Сайып келгенде, аударыспақта негізгі рольді ат пен ойыншы жігіттер атқарады. Оспадарлық, жұла қашу, салып қалу, қол қайыру сияқты айла-амалдарды қолдануға болмайды. Аударысу ат пен жігіттің үндескен қимыл-бірлестігіне сүйене отырып, күш-жігердің басымдығын көрсететін қалыпты, байсалды шеберлікке үласып жатуы шарт. [1]
Аударыспақ – салт аттылардың бірін-бірі ер үстінен аударып алу сайысы. Бұл ойынға қайрат-күші мол, батыл да төзімді, шапшаң қимылдап, ат құлағында ойнай білетін жігіттер қатысады. Ежелгі заманнан келе жатқан бұл ойын жаугершілік кезінде найза ұстап, қылыш шабатын жауынгерге қажетті қасиеттерді қалыптастырған. Аударыспақ кәзіргі кезде де шопандар тойында, мерекелерде спорт ойынның бір түрі ретінде көрсетіліп жүр.
Жүрелей секіру — ойын мектеп ауласында, спорт залында ойналады. Ойынға қатысушылар екі топқа бөлінеді. Таңдалған алаңға бір жарым метрдей ұзындықта екі қатар көлденең сызық сызылады. Сол сызықтардың қарсы алдына тұспа-тұс он метрдей жерден екі шеңбер сызылады.
Әр топтан екі-екіден ойыншы шығады да, өз тобы жақтағы көлденең сызыққа келіп жүресінен отырады. Бастаушы белгі берген кезде, екі-екіден қатар отырған ойыншылардың оң жақтағысы жүресінен отырған күйі қарсы алдындағы шеңберлерге секіріп барып кері оралуы керек. Әлгі ойыншы ілгері секіріп кеткенде, оның орнын қасындағы ойыншы басады да, тағы бір ойыншы сол қатарға келіп отырады. Жүрелей секіріп ойыншы сызыққа жеткен заматта, келесі ойыншы жарысты әрі жалғап әкетеді. Ойын барлық балалар секіріп болғанша жалғасады. Секіріс кезінде жиылып қалса немесе тізесін жазып түрегеп кетсе, ұпай саналмайды. Әр ойыншыға бір ұпай саналуға тиіс. Қай топ көп үпай жинаса, сол жеңіске жетеді. Ойын төзімділікті, дененің шымырлығын қажет етеді.